Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Шындыққа дейінгі шырғалаң

Наурыз 17 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қатарынан үшінші күн толассыз уілдеп тұрған Арыстанды-Қарабас желі кешелі бері тіпті күшіне мін­гендей. Азынаған жел қу медиен даланың қалтарыс-бұлтарыс­тарын түгел үңгіп, Шаян ауылының әңкі-тәң­кісін шығарып жатыр. Мұн­дайда көше тұрмақ, есік алдына шығу­дың өзі мұң. Серік қорадағы азын-аулақ малды жайғастырғаны болмаса, жұмыс­тан келгелі қақпа сыртына әлі аяқ ізін салған жоқ. Айдың жартысын үйде, жартысын түзде өткізетін оның осы келі­сіндегі бар ермегі cол.

 

Қорадан келіп, жылы пештің қасына жантая кеткені сол еді, телефоны құрғыр безілдеп қоя берді. Шыны телефонның ішіне үңіліп еді, Шымкентте тұратын досы Марат екен. Аз-кем амандық-саулықтан кейін:

– Бауырым, бүгін қалаға келсеңші, бас қосайық. Кездеспегелі бірнеше айдың жүзі болыпты, – деді Марат көптен көрмеген досын сағынған кейіп танытып. Алайда, Серік кездесуге қуана келіскенімен, мұның соңы өзін сергелдеңге саларын ол кезде сезбеген еді.

Шымкентте шұрқырай табысқан екі достың таныс­тығы осыдан он жыл бұрын басталған болатын. Ол кезде екеуі де бойдақ еді. Үйлі-жайлы болғаннан кейін де арадағы байланыс тереңдей түсіп, отбасыларымен араласа бастады. Жиі жүздесіп тұрмаса да, анда-санда осылай бастары қосылып тұратын. Марат қазір қала­дағы ірі ломбардтардың біріне иелік етеді. О баста әке бастаған кәсіпті одан әрі дөңгелетіп отырған жайы бар. Ал, Серік болса, Қызылорда қаласындағы ірі мұнай компанияларының бірінде вахталық әдіспен жұмыс істейді.

Марат ломбардтың кең бөлмесіне дастарқан жайды. Айналасы үш-төрт адамдық столға әп-сәтте астың түр-түрі әкелініп, алғашқы тост екеуінің бүгінгі кездесуіне арналды. Табиғаттың дүлей дауылынан әбден ығыры шыққан Серік арқаны кеңге тастап, сағынысқан достар ащы судан тартынбай алысты. Өткен-кеткенді ойға оралтып, небір тілектердің тізгіні ағытылды. Адал екендіктерін дәлелдегісі келгендей, бір-бірін құшаққа алып, төс қағыстыруды да ұмытпады. Мараттың күткені де осы емес пе? «Темірді қызған кезде соқ» демекші, осындай ұрымтал сәтті пайдаланып, өзін көптен бері мазалап жүрген мәселені көлденең тартуға бекінді.

– Досым, тығырыққа тірелген жайым бар. Серілікпен жүріп, ломбардқа тиесілі 15 миллион теңгені жаратып қойыппын. Әкем білсе, оңдырмайтынын білесің. Соған қол ұшыңды созбасаң болмайын деп тұр, – деді досынан көмек сұрап.

– Сонда не істеуім керек? Мәселенің парқын жете түсінбесе де Серіктің ауызға іліккен алғашқы сауалы осы болды.

– Маған тілхат жазып берсең, соны әкеме дәлел ретінде көрсетпекпін. Саған ешқандай зияны тимейді. Әйтеуір, ақшаның текке кетпегенін білсе болды, – дейді Марат досының осындай қысылтаяң шақта дем беретініне сеніп.

Досына қапысыз сенді ме, әлде бір жапырақ қағазға бола тартынып қалуды ар санады ма, ащы су аш өзегіне түскен Серік әңгімені ұзаққа созбады. Тіпті, ауылдан бірге ере келген Жәнібектің «тағы бір ойланып көрсеңші» дегенін де елегісі келмей, бірден келісімін берді. Қысқасы, Ресейден «Тойота Камри» маркалы төрт көлік әкелу үшін Мараттан 15 миллион теңге алғанын растап, тілхат жазып берді. Яғни әр көлікті 25 мың АҚШ долларына бағалап, қалған 8 мыңын Серіктің барып қайтуына жұмсаған боп келісті. Мараттың арқасынан ауыр жүк түскендей болды. Себебі, енді әкесін алдауға айғағы бар. Шынайы достықтың құрметіне тағы да үстін-үстін тілектер айтылып, түн ортасы ауа екі дос қимай қоштасты.

Серік үстінен арыз түскенін естігенде, басының тасқа соғылғанын бір-ақ білді. Кездесуден кейін арада үш-төрт ай өткенде Марат берген ақшасын талап етіп, қадағалау органына арыз түсіреді. Арызында досының көлік әкеліп беремін деген уәдесіне сеніп, сан соғып қалғанын айтқан. Әп-сәтте қылмыстық іс қозғалып, Серікті қамауға алу туралы санкция берілді. Үй-іші түкке түсінбеген күйі ауылда қалды. Бәрінен бұрын «Марат қалайша мұндайға барды» деген сауал жанын жегідей жеп барады. Ертесіне-ақ жамағайын әпкесінің үйін кепілге қойып, уақытша бостандыққа шықты. Осыны пайдаланып, істің ақ-қарасын анықтап алмақ.

Шыққан бойда Маратқа тартты. Алқына жеткен мұны кезінде құшағына қысып, жәрдем беруін өтінген досы көңілсіз қарсы алды. Кешегі достық ниет, ыстық ықы­ластың бірі де жоқ. Алдыңғы қарыздарының үстемесі үшін арыз түсіргенін, соның орнын толтырса, арызын кері алатынын жеткізді. Мынадай кесім онсыз да екі аяғы тұсаулы тұрған Серікті аң-таң күйге түсірді. Ра­сын­да, анда-санда қарызға ақша алатыны бар-тын. Бірақ, онысын айтқан мерзімінен кешіктірген емес. Онсыз да ушыққалы тұрған істі асқындырғысы келмей, Серік Мараттың талабына еріксіз көнуге мәжбүр болды. Әйтеуір оннан-мұннан ақшаның басын құрап, миллион теңгені қолына ұстатты. Не керек, арызын қайтып алып, қолхатпен іс тыншығандай болған. Бірақ, бұл уақытша ғана көңіл сергіту екен.

Көп өтпей, Марат прокуратураға тағы да арыз түсірді. Бұл жолы Серікті алаяққа балап, тиісті жазасын беруді сұрады. Не керек, істің түйіні тарқатылмай, ақыры сотқа жетеді. Сол оқиғаның басы-қасында болған Жәнібектің жасырын жазылған жазбасы болмағанда, бәлкім Серік осы күні темір тордың арғы жағында жазықсыз жазасын өтеп жатар ма еді, кім білсін?! Алғаш іс қозғалғанда Жәнібек Марат­­ты іздеп, ломбардқа барған-тын. Ондағысы арыстай азаматтың жазықсыз іске шатылғанын айтып, одан ептеп сыр тартып көру еді. Қабағы қатулы ол әр сөзіне аса мән беріп, тығырықтан сытылып шығуға тырысқан. Бірақ, Серікті ақтап алар бір ауыз сөз ойда-жоқта аузынан шығып кетті. «Қарыз ақшаны бұрын алған еді, сол ақшаларға тілхат жаздырғанмын» деген сөзі оны түрменің тар қапасынан аман алып қалды десе де болады. Диктофонға басылған осы жазба айғақ ретінде сотқа ұсынылды.

Тергеушілер бұдан алдын «нақты айғақ жоқ» деген желеумен жазбаны іске тіркеуден бас тартқан болатын. Бірақ, істі жан-жақты зерделеген Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық соты жазбаны іске тіркеп, ондағы дауыс Мараттың даусы екенін анықтайды. Оны сот процесінде өзі де мойындауға мәжбүр болды. Яғни екеуара әңгімеде Серіктің 15 миллион теңгені қарызға алғаны жөнінде бірауыз әңгіме жоқ, тек оның алдыңғы қарыздары ғана қозғалған. Екіншіден, жауапкер Ресейден көлік әкеліп беруге өзіне міндеттеме алмаған. Осындай уәждерді алға тартқан судья Е.Төлешов Серікті ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәсіз деп танып, ақтау туралы үкім шығарды.

«Адамдарды тани білу ұлы өнер» дегенді ақын Қадыр Мырза Әлі осындайдан айтқан шығар...

(Оқиға кейіпкерлерінің аты-жөні өзгертіліп алынды).

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ