Заң-заман 0 пікір 1081 лайк

БІЛІМ САЛАСЫНДА ҰСАҚ-ТҮЙЕК НӘРСЕ БОЛМАУЫ КЕРЕК

Наурыз 15 / 2018

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданы Абай ауылындағы № 73, №74 мектептерде болған 7 жасар оқушының зорлану оқиғасына байланысты арнайы жиын өткізді. Жансейіт Қансейітұлының мәлімдеуінше, оқиға 2017 жылдың 9 қыркүйегінде болған.

 

-Бұл жөнінде эсперттік комиссия екі рет тәуелсіз медициналық тексеру жүргізіп, нәтижесінде баланың зорланғандығы расталмаған. Қазір істің ақ-қарасын анықтау үшін Астанадан арнайы мониторингтік топтың өкілдері келді. Кеше ҚР балалар құқығы бойынша уәкілі, Мәжіліс дептутаты Зағипа Балиева облысымызға арнайы келіп, баланың жағдайымен танысып, қажетті сараптама жасату үшін баланы Астанаға алып кетті. Біз осы тексерістен кейін ресми мәлімдеме жасаймыз, - деді облыс әкімі.

Алайда, өңір басшысы осы оқиғаға тікелей қатысы бар аудандағы білім, құқық қорғау салаларында кемшіліктің бар екенін жасырмады.

-Бұл оқиға көптеген мәселелердің бетін ашып отыр. Әсіресе, соңғы кездері Сарыағаш ауданындағы білім саласына қатысты мерзімді басылымдарда, әлеуметтік желілерде сыни материалдар көптеп жарияланып жүр. Педагог кадрлардың бір-бірімен соттасуы, парамен ұсталу деректері жетіп артылады. Ауданда мектеп қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдарының саны төртке жеткен. Бұл жердегі мүдделер қақтығысы ушыға түскен. Осыған орай жұмысты қожыратып алған аудандағы білім және құқық қорғау органдарының жекелеген жауапты тұлғаларын тәртіптік жауапкершілікке тартуымыз қажет. Осы жағдайды дер кезінде қолға алып, тиісті шараларды қабылдамағаны үшін Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Оразғали Бердалыны  жұмыстан босатамын. Аудан көлеміндегі осы тектес оқиғаларға көз жұма қарағаны үшін аудан әкімі Қайрат Әбдуалиевке қатаң сөгіс жарияланады. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов, №73 жалпы орта мектебінің директоры Убайда Қожагелдиева мен №74 жалпы орта мектебінің директоры Гүлнар Селтанова тексеру аяқталғанға дейін қызметтерінен шеттетіледі. Аудан басшысы өзінің білім саласы бойынша орынбасары Құдрет Қыстаубаевқа қатаң шара қолдансын. Ауданмен байланысты әлсіреткені үшін облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовқа сөгіс беріледі, - деді.

Бұдан соң облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков сөз алып, Сарыағаштағы оқиғаға байланысты бірқатар құқық қорғау қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.

-Абай полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметінің басшысы Әсет Ибрагимов, мектеп инспекторы, полиция каптианы Қалдыбай Сариевті қызметінен босату туралы ұсыныс әзірленіп жатыр. Ал, облыстық жергілікті полиция қызметінің ювенальды полиция тобының бастығы Айдар Бұралқиев қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады, - деді.

Жиын соңында өңір басшысы осы оқиғаның ара-жігін ашуға атсалысқан қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдеріне алғысын білдіріп, бірқатар сала басшыларына міндеттер жүктеді.

-Мұндай жағдай аудан, қалалардағы білім және тәрбие саласындағы кемшіліктердің мол екенін көрсетіп отыр. Ол үшін мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша арнайы іс-шара әзірленсін. Тәртібі қиын балалардың тізімін қайта қарап, олармен жеке жұмыс жасауда қоғам белсенділерінің қатысуы қамтамасыз етілсін. БАҚ-та резонанстық жағдайларды туғызуы мүмкін ақпараттарға ұдайы мониторингтік жұмыстар жүргізілсін. Ал, облыстық құқық қорғау органдары білім ошақтарында орын алатын қылмыс, суицид, әлімжеттік, күш көрсету, ақша жинау мәселелерін зерделеп, оның алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары дайындалсын. Аудан, қалаларда орын алатын осындай жағдайларға аудан, қала басшылары дер кезінде реакция жасап, облыс басшылығына жеткізбейтін әрекеттер тоқтатылсын. Ұсақ-түйек нәрсе жоқ. Сондықтан бұл оқиға бәрімізге сабақ болуы тиіс, - деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан».          

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ