Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

«Алтын белгісінен» айырылмайды

Наурыз 14 / 2018

Егер де мектепті үздік бітірген түлектер ҰБТ-дан төмен балл жинайтын болса, бұл үшін олар «Алтын белгісінен» айырылмайды. Осы және өзге де өзгерістер жайында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Парламент Мәжілісінде өткен жиында мәлімдеді.

Тағы бір ерекше атап өтер жәйт, мектеп бітіруші түлектер «Алтын белгі» иегері болғаны үшін университеттерде тегін оқу мүмкіндігіне қол жеткізе алмайды. Өзге талапкерлер секілді тестілеуден жинаған балына сәйкес конкурсқа қатысып, грант иегері атанады.

Тек ҰБТ-ның нәтижесі бойынша балдары бірдей болып, бір орынға бірнеше үміткер таласқан жағдайда ғана бір басымдыққа ие бола алады.

--- Бұл мәселе елімізде көп жылдан бері талқыланып келеді. Соған сәйкес, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Мұны жоғары оқу орнының академик ғалымдары қолдап отыр. Депутаттар да бұған өздерінің оң көзқараста екендіктерін білдіруде, -- дейді Ерлан Кенжеғалиұлы.

Министр ата-аналар тарапынан «оқу гранттарын бөлгенде әділетсіздіктер жиі орын алады» деген шағымдардың көптеп түсетінін де жасырмады. Сонымен қатар, бұл өзгерістердің осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында жасалынып жатқанын да жеткізді.

Ал, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Қанатұлы ҰБТ-дан жоғары балл жинай алмаған үздік бітірушілер «Алтын белгі» иегері болып қала беретінін айтады.

-- 5 сыныптан бастап мектеп қабырғасында озат болған оқушыларды бір сәтсіз сынақ үшін «Алтын белгісінен» айыра алмаймыз, -- дейді ол.

Дилара БИМЕНОВА

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ