Аспан асты, жер үсті 0 пікір 1069 лайк

«Бозбала мен бойжеткен»

Наурыз 14 / 2018

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен студенттер арасында «Бозбала мен бойжеткен» сайысы өтті. Сайыста 8 жұп бақ сынады. 8 жұптың өнерін тамашалауға облыстық жастар ресурстық орталығына жиналған жастардың қарасы көп болды. Аталмыш орталықтың үлкен залында сол күні ине шаншыр орын болмады.

Сайысқа университеттің сән үйірмесінің жетекшілері, Шымкенттегі сұлулық салонының басшылары, жастар орталығының мамандары төрелік етті.

Сайысқа қатысушылар алғашқы кезеңде өз өнерлерін көрермендерге паш етті. Бұл сайыста қос ғашықтың образын сомдаған Мұхтар Аманжол мен Құралай Қонысбектің өнері көрермендерді тәнті етті. Сондай-ақ, Ербол Бақытбаев пен Ақсәуле Тұрар қойған көрініс жиылған көпшілікке ерекше әсер етті. Онда шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығатын қазақ қыздарының мәселесі көтерілді. Ал, Жасұлан Ерсімбек пен Ақмарал Махкам жұбы сахнаға қазақы леп алып шықты десе болғандай. Екеуі бірігіп қазақтың қара домбырасынан күй төгіп, халық әндерін шырқады.

Байқаудың екінші кезеңінде қатысушылар викториналық сұрақтарға жауап берді. Онда қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы, сондай-ақ саяси өмірі жайлы да сұрақтар болды.

Соңғы кезеңде қатысушылар өз талғамдарына сай кешкі киім үлгілерін көрсетті. Бұл сайыста барлық қатысушылар тең түсті.

Әлеуметтік желі арқылы дауыс берудің нәтижесінде Ербол Балтабай мен Шарайна Раушанова «Көрермендер көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Ал, қазылар алқасының шешімімен Ербол Бақытбаев пен Ақсәуле Тұрар ІІІ орынға лайық деп танылса, Жасұлан Ерсімбек пен Ақмарал Махкам ІІ орынды жеңіп алды. Ал, сайыстың жеңімпазы болып Мұхтар Аманжол мен Құралай Қонысбек жұбы танылды.

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ