Экономика 0 пікір 1069 лайк

Шымкенттен сөмке шығатынын білесіз бе?

Наурыз 14 / 2018

Анау-мынау емес, ол таза былғарыдан және ұлттық нақыш енгізілген заманауи үлгіде тігіледі. 

«Оңтүстік былғары» деп аталатын бұл өнімді қолға алған Нұржамал Миржибаева есімді келіншек. Ол бала күнінен қолдан бұйым жасауды, тігіс тігуді ұнатқан. Кейіпкеріміздің айтуынша мектепте дәптерлерінің соңғы беттері түрлі эскиздерге толып кетеді екен. Кейін мектеп бтіргенде мамандық таңдауда еш қиналмаған. Туыстарының қарсылығына қарамастан дизайнерлікті қалайтынын бірден кесіп айтыпты. Достары мен туыстарының арасында белгілі заңгердің үлкен қызы қалайша дизайнерлікті таңдады деген таңданыс та болғанын жасырмайды. Бірақ, айтқанынан қайтпаған қыз ақыры осы мамандық бойынша білім алып шығады. Бұл да болса Нұржамалдың осы салаға деген махаббаты болса керек. Міне, қазір осы махаббатының арқасында талай керемет сөмкелерді өндіріп отыр. 


Нұржамалға былғарыдан сөмке жасау идеясы өзінің басынан кешкен бір оқиғадан соң келіпті. Бір кездері Астана қаласында Қыдырәлі Болмановпен бірге «Бал-бала» ойыншықтарын жасауға көмектескен. Ойыншықтарды әрлеу, эскиз жасау, стиль шығару жұмыстарымен айналысып, өндірістік жағына жауапты болған ол бірде Қытайға тауарға барғанында өзіне таза былғарыдан жасалған сөмке сатып алады. Оның сәніне сай бағасы да қымбат болған. Келген соң бұл сөмке Қарақатқа да ұнапты. Алайда, сол қолсөмкемнің көп өтпей-ақ қабыршағы түсе бастаған. Міне, осыдан соң, өзімізде таза былғарыдан неге сөмке жасамасқа деген ой келген. Нұржамал бұдан бөлек, Алматыда сценаграфия, яғни театр кастюмін тігу бойынша да сабақ бере жүріп, өнер жұлдыздарына тастармен өрнектелген былғары кастюмдер де тіккен. Олардың қатарында «МузАрт» «Ринго» сынды топтар да бар. 


«Былғарымен жұмыс істеудің өте тиімді екеніне осы кезде көз жеткіздім. Былғары өзінің құнын жоймайты, шыдамды, сән үлгісінен қалмайтын сапалы бұйым шығаруға өте қолайлы. Онымен тіккен өнімге рахаттана қарай аласың. Мәселен сол жылдары өнер иелеріне арнап былғары қосып тікккен кастюмдерімді әлі күнге дейін жұлдыздардың үстінен көремін. Сондықтан осы істі бастауды қолға алдым» дейді ол. 
Нұржамалды кәсіпкер келіншек дегеннен гөрі қолөнер шебері деген де дұрыс-ау. Себебі ол бизнесті бастағанда да басты мақсатқа ақша табуды емес, өзінің бала күнінен арманы болған қолөнерімен айналысуды ойлаған. Тіпті осы кәсіпті бастағынына екі жылға жуықтаса да есеп-қисаптан гөрі тауардың сапасына, тұтынушының талғамына көбірек назар аударғанды жөн көреді. Сондықтан болса керек, күні бүгінге дейін қанша өнім өндіргенін, одан түскен пайданы есептеп көрмепті. 
Нұржамал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасынан қолдау көргенін айтады. Сонымен бірге, «Ырыс» микроқаржы ұйымынан әлеуметтік-жеңілдік пакетімен несие алыпты. Тауарлардың көбісі әлеуметтік желілердің көмегімен сатылады екен. Сондай-ақ, Алматы, Астана және Шымкент қалаларында бірқатар дүкендерде тауарлары сатылымда тұр. Енді мақта өнімінен сапалы киім тігуді қолға ала бастапты. Оған да міндетті түрде қазақша элемент түсіру көзделген. Өзі сабақ берген оқу орынындағы шәкірттерін жұмыспен қамтып отыр. Бұдан былай өндіріс орнын кеңейтіп жатса сол жердегі бітіруші түлектерді жұмысқа қабылдамақ. Жалпы кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында оның қайырымдылық шараларына көбірек көңіл бөлетінін байқадық. «Балалар үйіне барып, мастер класс өткізіп тұрамын. Қолының өнері бар балалардың оқуына, одан ары жұмыспен қамтылуына көмектесемін» дейді Нұржамал. Одан бөлек әлеуметтік жағдайы төмен бір отбасыны қамқорлығына алыпты.

 

Назгүл Назарбекова

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ