«ЖЕТІ КЕТТІ ЖҮГІРІП, ЖЕТПІС ҚАЛДЫ ҮҢІЛІП...»

Наурыз 13 / 2018

 

      Бұл жаста алды-артыңа, өткен-кеткеніңе барлау жасап бағамдап, елеп-екшеп, ойланып-толғанып ой түйіп, осы уақытқа дейін тындырғаныңды тиянақтап, әрі қарай не істеу керегіңді екшелейді екенсің.

       «Жер басқанға мәз болма, жерде ізің қалмаса» демекші, артымда ізім қалды ма деп те қатты ойланамын. Мұндайда бұрынғылардың «Артыңда балаң қалса, ізім қалды дей бер, Артыңда сөзің қалса, өзім қалдым дей бер» дегені де ойға оралады.  Аллаға тәуба, артымда ұрпағым – ұл-қызым, немере-шөберем өсіп келеді. Азды-көпті жазған дүниелерім бар.

Абай өзі өмір сүрген 59 жылында-ақ төрткүл дүниеге танылды. 29 жыл ғана жасаған Шоқан жайлы сөз мүлдем бөлек. Әрине, біздің пешенеге олар сияқты ақын философ,  не ғалым болуды жазбапты. Бірақ өмірге келген әрбір азамат өзінің шама-шарқынша артында із қалдыруға талпынуы тиіс деп ойлаймын.

Жетпіс бесің жігіттіктің аяғы,

Кәріліктің басы деуге саяды.

Демек, алда әлі талай асу бар

Деген екен Ескермес шал баяғы – деп қашанғы жүре бермекпін?! Алла өмір берсе, әне-міне дегенше есіктен сексен сығалап, ту жаныңа тоқсан таянады емес пе?!

Менің білуімше, өмір деген – күрес пен қозғалыстан тұрады. Сондықтан өмір сүруің үшін күресу, денсаулығың үшін тіресу қажет. Бүгінгінің адамдары аз уақытта қыруар іс тындырып, әп-сәтте арман-мақсатына қол жеткізгісі келеді. Өкінішке қарай, олардың дені осы жолда ұятқа қалып жатады. Мұндайды Абай атамыз өзінің қара сөзінде: «Ішпек, жемек, кимек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, күтпек, сабыр сақтамақ... т.б. нәрсенің барлығының өлшемі, өлшеуі бар. Ал өлшеуінен асса боғы шығады» – дейді. Сол сияқты біздің де көптеген азаматтарымыз, әсіресе жастар жағы, бұрынғы ата-бабаларымыздың салып берген сара жолынан ауытқып, оны аяқ асты етіп жүргенін жасыра алмаймыз. Әсіресе олардың үлкеннің әруағын сыйламауы, оларға бас иіп, құрмет көрсетпеуі өкінішті-ақ.

Өмір өткен күндеріңмен емес, есте қалған күндеріңмен өлшенеді. Ендеше, біраз шегініс жасап, есте қалған күндерімді есіме алайын. Олай болса осы 75 жыл ішінде кімдерге жақсылық жасадым, алған алғысым көп пе, қарғысым көп пе, кімге зауал, кімге обал жасадым, жақсы адамдардың назарына іліне алдым ба, күнәм көп пе, кінәм көп пе?! Жасаған жақсылықтарым, жасаған күнәларымның орнын баса алар ма екен?... Осылайша өз өміріңді өзің сұрыптап-саралап, өзіңнің ар таразыңа  салып тартып көреді екенсің. Бірақ таразының қай жағы басым боларын болжай алмайсың. Тек қана жақсылықтың салмағы басып түссе екен деп тілейсің, үміттенесің... Басқалардан үміт үзсең де, бір Алладан ғана үміт үзбейсің. Қатемді кешіре гөр деп оған жалынып-жалбарынасың.

Міне, жетпіс бестің мені ойлантқан мәселесі осы еді...

Ескермес ОСПАНОВ,

зейнеткер-ұстаз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ