Руханият 0 пікір 1068 лайк

Көрiсу дәстүрi

Наурыз 13 / 2018

 

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ,

Оңтүстіктің оңтүстігіндегі Мырзашөлде ел-жұрт Ұлыс мейрамын ертерек тойлайды. Жыл сайын «ақ алтынды» аймақта жер-дүние жаңарып, күн мен түн теңесетін наурыздың 14-ші жұлдызында «Көрісу» дәстүрі басталады. Біз осы ерекше күн жайында Қарақай ауыл округі, Кетебай ауылында тұратын еңбек ардагері, зейнеткер Сапарбай Оразбаев ақсақалмен әңгімелескен едік.

 

– Наурыз айының 14-і күні таңмен таласа тұратын үлкен-кіші әуелі өз отбасы мүшелерімен жадырай көрісіп, артынша көрші-қолаң, ағайын-туысты аралаймыз. Ауылдағы жасы үлкен қарияларға сәлем беріп, батасын аламыз. Ол кісілер адал көңіл, ақ тілекпен «Амал ел амандығына, өсіп-өнуіне, береке-бірліктің баяндылығына бастасын!» деп бата береді. Көрісу күнінде жасы кіші адамның үлкен кісіге барып сәлемдесіп көрісуі парыз болып саналады. Осы күні адамдар арасында болмай тұрмайтын өкпе-реніш мүлдем ұмытылуға тиіс. Бұл күні адамдар пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Үлкендер араларына жік түскен ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, татуластырады.

Осы ауылдағы көпті көрген көнекөз қарияның бірі, бүгінде 90 жасты алқымдаған Қатша Тәңірбергенова әжеміз де сөзге араласып, «Көрісу» дәстүрі туралы әңгімелеп берді.

– Бұл күні әрбір шаңырақ есіктен кірген жанды ұлттық дәм-тағам толы дастарқанға шақырады. Қыс бойы көрісу күніне арнайы сақтаған сүрді, құрт, майымызды шығарамыз. Көрісу күні ұлттық киімдерімізді киіп, бір-бірімізбен төс түйістіріп амандасамыз. Сәлем беру – тәрбиенің, көрегенділіктің белгісі. Үлкенді сыйлағандық, – деді Қатша әжеміз.

Амал, «Көрісу» мерекесі еліміздің батыс өңірінде кеңінен атап өтіледі. Оны жергілікті халық «Амал мейрамы» деп те атайды. Бірақ, түптеп келгенде бұл біздің ұлттық салт-дәстүріміз, ежелден келе жатқан мереке күні екенін ұмытпайық.

– Соңғы жылдары Мырзашөлде «Көрісу» дәстүрі ауыл-аймақтарда арнайы мерекеленіп, үлкен мәдени іс-шараларға ұласа бастады. Осы күні қоғамдық орындарда, мектептерде, мәдениет үйлерінде концерттер қойылып, жыршы-термешілер мен батагөй ақсақалдар байқаулары өткізіліп, көкпар тарту, қазақша күрес, асық ату, өзге де спорт ойындары ойналып, той көрігі қыза түседі. Мереке күні ағаш, гүл көшеттерін отырғызу да дәстүрге айналды, – дейді Мақтаарал аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пердеш Есенбеков.

Ауданда Наурыз мерекесінің ұлттық сипатта аталып өтуіне басымдық беріліп, оның ішінде «Көрісу» дәстүрі әрбір отбасында, елді мекенде көрініс таба бермек.

Мақтаарал ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ