Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Жақсылардың қадіріне қашан жетеміз?

Наурыз 13 / 2018

 

Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,

Ел ертең қайдан алмақ кемеңгерді?!»

І.ЖАНСҮГІРОВ.

 

Әдетте кішкентай көріністің артында үлкен мәселелер жасырынып тұратыны белгілі. «Томирис» кинофильмінің басты рөліне шақырылған қыздың бейнесінің «қазаққа келмеуіне» байланысты әлеуметтік желілерде пікірталас туып еді, орыстілді бір бауырымыз қазаққа ондай тұлғаны қимайтын ішкі сырын байқатып алды. Оларға өкпе жоқ, қазақтілдіміз деп жүргендердің өздері де, оның ішінде тарихшылардың да біразы әлі күнге дейін «ол заманда қазақ деген халық болған емес» деп отырса, Томирис-Тұмар ханшайымың қалай қазақ бола алмақ? «Қазақ емес» дейтіндердің басты көзірі – «ол кезде тек сақтар болған, ал, олар біздің ғана емес, бүгінгі түркітектес халықтардың бәрінің арғы тегі».

Бір қарағанға мойын бұлтартпайтын- ақ дәлел. Тек, бір қарағанға. Ал, тереңірек үңілсек ше? Оңтүстіктегі қаңлы мен үйсін мемлекеттері, оларда қанша отбасы, қанша жауынгер, қанша малы болғанына дейін бұдан 2 мың жылдан астам уақыт бұрын қытай тарихының атасы Сыма Цян, одан кейін Бан Гу жазып кетті. Ал, Ақжайық пен Алтайдың арасындағы Ұлы далаға қоныс тепкен ата-бабаларымыз бұдан 6 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен, қола мен темірді балқытқан, арбаны ойлап тапқан ел болғаны қазіргі таңда ғылыми тұрғыдан толық дәлелденген, мойындалған шындық. Және нақ сол халықтың ұрпағы күні бүгін де атамекенінде өмір сүріп жатқаны, ешқашан түбірімен жойылып кетпегені немесе тірі жаны қалмай қопарыла көшіп, бұл өлкені қу-медиен елсізге айналдырмағаны, олардың орнына басқа жақтан бөтен ешкімнің тұтас ел боп көшіп келіп, иеленіп алмағаны да дәл сондай ақиқат. Ендеше, сақтар біздің тікелей ата-бабамыз болмағанда кім болады?!

Екіншіден, қанша жерден «жақсы – ортақ» десек те, сол ұлылардың өздерінің нақты тегі, өскен ортасы, туған және қайтыс болған жері секілді оның шын мәнінде қай халыққа тән екенін айғақтайтын мәселелер бар ғой. Мысалы, Қорқыт атаны алайық. Ол кісінің моласы Сыр бойында. Дәлірегі 1950 жылдарға дейін болған, кейін тасқын су шайып кеткен. Шайып кетпей қайтеді, ел ағалары өзен арнасы жыл санап күйшінің қабіріне жақындап келе жатқанын көріп тұрып, қыраттау жерге апарып қайта қоюға жарамаса. Алла Тағала да «сақтанғанды ғана сақтаймын» демейтін бе еді?! Ал, көп жыл сыртта жүрген жандардың өзі бұл дүниемен қоштасар сәтінде туған жерімнің топырағы бұйырса екен деп тілейді, солай етуге ұмтылады. Ендеше, Қорқыттың қабірі оның осы өлкенің тумасы екенін көрсетіп-ақ тұр. Керек десеңіз, одан да салмақтырақ дәлел – Қорқыттың күйлері тек қазақ халқында ғана сақталған! Ал, бірақ, 1996 жылы «Қорқыт ата» кітабының жазылғанына 1300 жылдық мерейтойын әзірбайжан халқы тойлады. Олар оны өзінің рухани Бабасы санайды. Біз болсақ бірнеше адамнан тұратын делегация жіберіп, олардың тойға барып тойып қайтқанымен шектелдік...

1999 жылы бір көршіміз «өзбек халқының ұлттық эпосы – «Алпамыс батыр» жырының жазылғанына 1000 жыл» деп оны ЮНЕСКО арқылы бекітіп, бүкіл әлемге тойлатты. Екінші көршіміз де дәл сол жылы «Манастың» 1000 жылдығын тойлап жатты. Ал, біз болсақ, Алпамыс бейнебір қазақ батыры емес секілді бұл датаны республика тұрмақ, облыс деңгейінде тойлауға да жарамадық, тойды күнгейдегі бір ауданның еншісіне беріп қарап отырдық. Тойлағанды да қоя беріңізші, Алпамыс батыр атындағы Мәдениет сарайының ныспысын Жастар сарайы деп өзгертіп жібердік... Осы істің басы-қасында жүргендер әлгі сарайға иттің атын беруге бейіл еді, бірақ, Алпамыстың аты емес! Сөйтіп жүргенде Алпамысты қалай қадірлеу керек екенін өзбек ағайындар үйретті. Профессор көкелеріміздің біреуі «Алпамыс – бәріміздің де бабамыз» деп жұбатып жатты. Алдымен өзін, сосын өзгемізді...

2007 жылы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының жазылғанына 1500 жыл толғаны тойланды. Оған әзірбайжандар секілді иелік етіп, бізбен бәсекелесіп жатқан ешкім табылмағанмен, бұл жолы да «Қазақтың ұлттық эпосы» деп жариялауға жарамадық. Оның орнына сол уақытта газеттерде тағы да «бұл жыр – түгел түркітектестерге ортақ дүние» деумен болдық. Бейне біреу бізге құтыла алмайтындай етіп жапсырып, таңып қоятындай қашқақтаумен болдық. Ал, сіз ол жырды оқысаңыз, оның іші бүгінгі қазақ жерінің атауына тұнып тұрғанын көресіз – Қаратау, Бетпақ, Арқа, Алтай... Өстіп жүргенімізде башқұрт немесе тува халқы бұл эпосты да иеленіп кетсе, таң қалуға болмайды...

1970 жылы күллі әлем «екінші Аристотель» атанған Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып жатты. Соған сәйкес мерейтой қарсаңында өзбек пен қазақ ғалымдарының арасында Әл-Фарабидің тегі өзбек пе, қазақ па деген дау туды. Және оны Ақжан Машани секілді ғалымның білімділігі мен табандылығы, сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының жетекшісі Әнуар Әлімжановтың жігерлілігі мен ұлтшылдығының арқасында ғана қазақтың пайдасына шешуге мүмкіндік туды (Бүгінгі заманға тап келгенде одан да айрылып қалар ма едік, кім білсін...).

Неге біз әлі күнге дейін Әлжан Жармұхамедовті ресми түрде «қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы» деп жарияламаймыз? Неге Астанадан ия Алматыдан үй-жай беріп, құрметтеп, алақанымызға салмаймыз? Әлжанның жазығы шешесі мен әйелі өзге ұлттан болғаны ма? Олай қарайтын болсақ біздің орысқа үйленген арыстарымыз аз ба еді? Марқұм Шәміл Серіковтің аты мүлде аталмайтын болды. Ұрпағының жағдайы қалай деп қамқорлыққа алып жатқан да ешкім көрінбейді...

Жұрт жақсыны балшықтан жасай алмай жүр. Өзгені бауырына тартып, өз баласына айналдырып жүр. Өзбектің бишісі Тамара ханум – армян қызы, суретшісі Орал Таңсықбаев – қазақ жігіті. Сабыр Рахымовты қайтарып алғанымызбен, оның жесірі Құралай апаның өмірін жоқшылықта өткіздік... Біздің дарындарымыз бен таланттарымызға бүгінде талас көп. 13 жасар шахматшы қызымыз Бибісара Асаубаева қазір Ресейдің намысын қорғап жүр.

Енді бүгін келіп Тұмар ханшайым туралы кино түсіргіміз келген екен, оны неге бір режиссердің еншісіне бере салдық? Бұл қалыппен «Томирис» те кеше өзіміз пародияға айналдырған «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» кебін кимесіне кім кепіл? Неге ондай аса жауапты іске жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар таңдалынбайды? Неге «Қыз Жібектегідей» өнердегі барлық үздігіміз оған жұмылдырылмайды? Біз өстіп жүргенде басқалар «Томиристің» керемет нұсқасын түсіріп қойып, әлемге оны өз қызымыз деп жатса, алдымызды тағы орап кетсе не істейміз?

Сонымен, біз қашан бойкүйездігімізден, жайбарақаттығымыздан, көреалмаушылығымыздан, іштарлығымыздан құтылатын боламыз? Қашан өз жақсымыздың қадіріне жететін боламыз?..

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ