Аудандардың даму концепциясы талқыланды

Наурыз 13 / 2018

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев аудан, қала әкімдерінің 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы мен 2018 жылы атқарылатын жұмыстарын тыңдауға кірісті.

 

Алғашқы болып Бәйдібек пен Қазығұрт аудандарының әкімдері 2018–2025 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын облыс әкіміне таныстырды. Жеті жылдық даму жоспарында аймақтың тыныс-тіршілігіндегі барлық мәселелер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік сынды бірқатар салалар қарастырылған.

Әр ауданды жекелей дамытудың жаңа концепциясын дайындау облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып отыр.

Қабылдау барысында Бәйдібек ауданының әкімі Б.Танагөзов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму концепциясы – ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласын дамыту және туризмді өркендетуге бағытталып отырғанын атап өтті.

«Аталған даму құжаты аясында 2018–2025 жылдар ішінде ауданда жалпы құны 134 млрд. теңге шамасында болатын 26 жоба іске асып, жаңадан 700-ге жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Ал, аудан бойынша жасалған тұрғындардың тұтынуын талдау нәтижесінде өнеркәсіптің төмендегі салаларын дамыту қажеттілігі анықталды. Олар – ет-сүт өнімдері, өсімдік майы, макарондар, жармалар мен құрылыс заттары» деді аудан әкімі.

Бұдан бөлек, концепцияда туризм саласы мен ауданның негізгі салаларының бірі болып табылатын аграрлық саланы дамыту жайы да қаралған. Аймақ табиғатының жағдайы мен тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы екені ескерілген бұл құжатта 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 46,6 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығының дамуына негізгі серпіліс беретін фактордың бірі – жерлерді заманауи үнемдеу және жаңа технологияны қолдану арқылы суландыру. Осы мәселені назарға алған облыс басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды мықтап қолға алып, игерілмеген жерлерді қолданысқа қосуды айтты.

«Бәйдібек ауданы – ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге қолайлы аймақтардың бірі. Осындай ауданда жалпы жылыжай көлемі аз болғаны түсініксіз. Мен осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Сондай-ақ, ауданға сыртқы инвесторларды тарта отырып, кәсіпорындар мен шағын бизнес нысандарын ашу жұмыстарын жандандыру керек. Яғни осы арқылы салық көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетесіздер» деді Жансейіт Түймебаев.

Жиында мұнан соң Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев баяндама жасап, алдағы уақытта ауданда жүзеге асырылатын жобалармен таныстырды. Ауданның дамуына серпіліс беретін тұжырымдамада ауыл шаруашылығына, яғни мал шаруашылығы мен егіншілікке басымдық берілген. Концепцияда көрсетілгендей, ауданда 2018–2025 жылдар ішінде жеміс-жидек көлемі 150 гектарға ұлғайтылып, жалпы 915 га жерге көпжылдық жеміс ағаштары егіледі деп жоспарлануда. Нәтижесінде 9 мың тонна өнім алу күтілуде. Ал, жүзім 70 гектар жерге егіліп, 385 гектарға жеткізілмек. Осылайша өнімді 8 мың тоннаға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар осы жылдар ішінде 80 гектар жерге жылыжай салу жоспарланса, 72 шаршы метр болатын су нысандары қайта жөндеуден өтіп, нәтижесінде 790 гектар жер қайта айналымға қосылмақ.

Мал шаруашылығын дамыту арқылы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартудың басты құралы екенін айтқан аудан әкімі 2025 жылға дейін ірі қараны 9400-ге, ұсақ малды 36 мыңға көбейту жоспарда бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол жылқыны 13600-ге, құстың барлық түрін 7 мыңнан асыруға болатынын жеткізді. Осының нәтижесінде 4 мың тонна шамасында ет, 0,8 млн. дана жұмыртқа, 8 мың тонна сүт өндіру жоспарлануда.

Аудан әкімінің даму концепциясын мұқият тыңдаған облыс әкімі Ж.Түймебаев «Қазығұрт – Кеме қалған» туристік аймақты басты назарда ұстауды және жылыжай көлемін арттыру жайы мен интенсивті бауды өркендетуді тапсырды. Мұнан басқа мал шаруашылығымен айналысатын кооператив құруды, оның ішінде құс шаруашылығымен айналысатын кооперативтерді дамытуды жүктеді. Сондай-ақ, пайдаланылмай жатқан егістік жерлерді анықтап, оған тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.

Айта кетейік, облыс әкімінің орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларының қатысуымен жасалған ауқымды құжат аудан халқының әлеуметтік, тұрмыстық салаларында кездесетін өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ