Экономика 0 пікір 0 лайк

Жылыжайлар мекенi

Наурыз 13 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Жақында Қазығұрт ауданында болған БАҚ өкілдері бірқатар шаруа-қожа­лық­тарының жұмысымен танысып, Тұрбат ауылындағы «Меруерт ана» балабақ­ша­сы­ның ашылу салтанатына куә болды.

 

Тұрбат ауылын жылыжайлар мекені десек қателеспейтін шығармыз. Қаз-қатар тізілген жылыжайлар ауылдың көркін келтіріп-ақ тұр. Тұрбаттықтардың негізінен ауыл шаруашылығына бейім екенін аңғар­дық. Ең алдымен 25 адамды жұмыспен қамтып отырған «Сайдахмат ата» шаруа қожа­лығына аялдадық. Жұмысын 2008 жылы бастаған ағайынды Сайповтар бірігіп жылыжай салған. Одан соң қосымша мал шаруашылығын да қолға алыпты. Бүгінде олар 5,5 гектар жылыжайға қияр, қызанақ егеді. Сонымен қатар, 100 қара сиырдың үс­ті­не былтыр күзде 100 ақбас тұқымды сиыр қосқан. Бұдан бөлек 50 шақты жыл­­­қы бордақылануда. Күніне 2 келі ет қо­са­тын ақ­бас тұқымды ірі қара бүгінде едәуір өсіп қалыпты. «Мал қораға кірсек кәдімгідей дема­ламыз. Бұл біздің жұмы­сымыздың жемісі» дейді шаруа қожалығының иесі Иляш Сайпов.

Көшет өсірумен айналысатын «Сайду­с­ман ата» шаруа қожалығы 2,5 гектар жерге қызанақ, қияр, болгар бұрышы көшеттерін егіп, оны өңір тұрғындарына және Астана, Алматы мен Ресейдің Челябі қалаларына тасымалдайды екен. Биыл аталған аймақтарға жіберуге 1,5 млн. түп көшет дайындалуда. Сайдалы Тұрсынов төрағалық ететін «Сайдусман ата» шаруа қожалығында 35 адам жұмыспен қам­тылған. Сондай-ақ, өткен жылдың бірінші мау­сымында 2,5 гектар жылыжайға қызанақ егіп, 210 тонна өнім алған. Ал, екінші маусымда сол орынға егілген қиярдан 140 тонна өнім жиналыпты.

Сонымен қатар, Тұрбат ауылында гүл өсірумен айналысатын жылыжайлар да бар. Бұл шаруашылықтың жұмыстары, әсіресе, қыз-келіншектер мерекесі кезінде қыза түсті. «Гүл Мансур» шаруа қожа­лығының төрағасы Хамдамидин Сабиров гүл өсірудің ата-бабадан келе жатқан кәсіп екенін айтады. Әуел баста үй гүлдерін баптауды қолға алған отбасы бұл кәсіпті 1999 жылы бастапты. Атасы Мансұр 3 сотық жерге гүлдің бірнеше түрін еккен. Ал, шаруа қожа­лығы 2012 жылы құрылған. Бүгінде 3 отбасы нәпақасын осы жерден ажыратып отыр. Инвестициялық кұны 12 млн. теңгені құрайтын қожалық жылыжайында «Черная магия» тұқымды раушан гүлі өсіріледі. Былтыр 45 мың дана гүл дайындаған бұл шаруашылық биыл оның санын 50 мыңға жеткіземіз деп отыр. Ал, мерекеде 20 мың дана раушан гүлін сатылымға шығарды. «Біз Голландиядан келетін гүлдерге бәсекелес болып отырмыз. Осылайша еліміздің экономикасына үлес қоссақ деген ниеттеміз. Өңір тұрғындары біздің гүлді қолжетімді бағада сатып ала алады. Өнімді көбіне Шымкент қаласына, ал, ұзаққа төзімді сорттарын Қызылорда, Астана, Көкшетау және Алматы қалаларына жөнелтеміз» дейді Х.Сабиров.

Бұл күні тілшілер қауымы Тұрбат ауылындағы «Меруерт ана» балабақшасының ашылуына қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты.

Заманауи технологиямен қамтылған бөбекжайда бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалыпты. 100 балаға арналған бөбекжайды жеке кәсіпкер А.Исакулова өз қаржысына салған. Балабақша балаларды тасымалдауға арналған Газель автокөлігімен де қамтылыпты.

Балабақшаның ашылу салтанатында сөз алған Қазығұрт ауданының әкімі Т.Телғараев ауданда 13 мемлекеттік, 55 жекеменшік бала­бақша жұмыс істейтінін атап өтті. «Өткен жылдың өзінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Балапан» бағдарламасы­мен 33 балабақша пайдалануға берілген. Нәтиже­сінде ауданда балаларды балабақшамен қамту деңгейі 87,5 пайызға жетті. Биыл бұл көрсеткішті 90 пайыздан асыруды көздеп отырмыз» деді ол.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ