Қазақстан қуатты елге айналады

Наурыз 13 / 2018

 

ОҚО әкімі Ж. Түймебаевтың ҚР Президентінің 2018 жылдың 5 наурызында ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі бойынша облыс активінде сөйлеген сөзі.

 

Құрметті облыс активі мәжілісіне қатысушылар!

Өздеріңізге белгілі, қасиетті наурыз айының басында Қазақстан Республикасының Президенті Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін жариялады.

Мұны Қазақстан халқы Елбасының қаңтар айындағы Жолдауымен байланыстырып, ерекше ықыласпен, үмітпен қабыл алды деп үлкен сеніммен айта аламыз.

Елбасы өзінің Үндеуінде Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналатын күн туғанын атап өтті.

Қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, нақты іске кірісуімізге бағыт беріп отыр.

Бұл 5 бағыт ауқымды әлеуметтік жобалар мен есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама арқылы жүзеге асатын болады.

Бұл бағыттар еліміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

 

Қадірлі қауым!

Үндеуде 5 түсінікті және мүмкіндіктерімізді толығынан пайдалануға бейімделген әлеуметтік бастамалар жайлы анық айтылған. Осы орайда облысымыздың алдында тұрған басты мақсат – Елбасы бастамаларын толығымен жүзеге асырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту.

 

Бірінші бастама «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру».

Біз соңғы жылдары тұрғындарымыздың баспаналы болуы үшін көп нәрсе жасадық.

2017 жылы 721,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2016 жылға қарағанда 36,2%-ға көбейді.

Бұл өз кезегінде 7 482 отбасын баспанамен (2016 жылы 4 888 пәтер) қамтамасыз етуге мүмкіндік тудырды. 2016 жылмен салыстырғанда тұрғын үй алаңы 190 мың шаршы метр немесе 2 594 пәтер артығымен берілді.

Елбасы атап өткендей, біздің облыста да көптеген отбасы баспанасыз жүр.

Осыған орай, ендігі кезекте аталған мәселеде тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру мақсатында жұмыс жүргізіледі.

Яғни әрбір жұмыс істейтін азамат жылына 7 проценттен аспайтын мөлшерлемемен және бастапқы жарнаны 20 проценттен артық төлемей 25 жылдық мерзімге несиелендіру арқылы баспаналы бола алады.

Бұл мақсатта, ағымдағы жылы өңірде тұрғын үй құрылысын белсенді түрде іске асыру біздің басты назарымызда болады.

Осы мақсатта 77 нысанның (108 тұрғын үй, 5 221 пәтер, 403,8 мың м2) құрылысына 27,4 млрд. теңге (ОБ – 25,6 млрд. теңге, РБ – 1,8 млрд. теңге) қарастырылды.

«Ауыл мұғалімі мен дәрігеріне қызметтік пәтер» жобасы басталып, биыл 9 ауданның 20 елді мекенінде 212 пәтерлі 20 қызметтік тұрғын үй құрылысын бастаймыз.

Жалпы ағымдағы жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 730 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді межелеп отырмыз.

Бұдан бөлек, 13,8 млрд. теңгені құрайтын 22,9 мың ш.м немесе 1644 пәтерлі 28 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуге тиісті ұсыныс берілді.

 

Екінші бастама «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту».

Бұл бастама республика бойынша ең төменгі жалақы мөлшері қалыптасқан біздің облыс жұмыскерлері үшін ең қуантарлық жағдай.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшылардың жалақысынан 1 процент қана салық алынатын болады.

Ал, салықты азайтудан шығатын қаржы жалақыны көтеруге жұмсалады.

Бұл бастама жұмыс берушілер үшін де жағымды болмақ.

Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту».

Елбасы 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлуді тапсырды.

Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады.

Бұл жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді.

Бұл да Президентіміздің жастарға деген үлкен қамқорлығы.

Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді.

Осы шаралар аясында әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасалатын болады.

Жалпы республика бойынша 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орынды жаңа жатақхана салынады. Бұл шарамен біздің облыстың студенттері де қамтылатын болады.

Төртінші бастама: «Ша­ғын несие беруді көбейту».

Үндеуде өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік екені атап өтілді.

Өткен жылы облыста «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы 8,3 млрд. теңгеге шағын және орта бизнестің 2 312 жобасын қаржыландырып, 4 618 жаңа жұмыс орны ашылды.

Бұдан бөлек, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде облыста 2017 жылы 93 мың адам жұмыспен қамту шараларына қатысты. 74 мыңы жұмысқа орналасса, оның 55 мыңы тұрақты.

«Бастау Бизнес» жобасы арқылы 1494 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, оның 602-сі өз ісін ашты.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, халықтың жекелеген топтары қатарынан 56 мыңы өз бетінше жұмыспен қамтылған, 35 мыңы жұмыссыз, 34 мың жас, 28 мың аз қамтылған, 2 мың мүмкіндігі шектеулі азаматқа жұмыспен қамту шаралары көрсетілді.

Дегенмен, біздің көптеген азаматтарымыз аталған бағдарлама бойынша өз үлестерін ала алмады.

Осыған орай, Елбасы 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды.

Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды.

Бұл, өңіріміздің ауыл-аймақтары үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды.

Осы бағытта биылғы жылы «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 4 млрд. теңгеге шағын және орта бизнеске көмек көрсетілу жоспарлануда.

Жастарды қолдау мақсатында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген жастарға кепілсіз 2 млн. теңге көлемінде несие қаражаты ұсынылады.

2018 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен 90 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылады.

Бұдан бөлек, жоғарыда аталған қосымша бөлінетін 20 млрд.теңгеден біздің кәсіпкерлер де тиісті үлесін алатын болады.

Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру».

Өткен жылы 44 елді мекен (Бәйдібекте – 4, Қазығұрт – 1, Мақтарал – 13, Сарыағаш – 18, Төлеби - 8) немесе 68 776 тұрғын газбен қамтылды.

Биыл табиғи газбен қамтамасыз ету саласында 67 нысанның құрылысына 16 млрд. теңге (ОБ – 14,4 млрд. теңге, РБ – 1,6 млрд. теңге) бөлінді.

Нәтижесінде 42 елді мекенге (60,3 мың адам) табиғи газ жеткізіліп, облыста жалпы 386 елді мекенді немесе тұрғындардың 64,5%-ын қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сонымен қатар, жалпы құны 14,8 млрд. теңгені құрайтын 18 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірледік. Ендігі кезекте, аталған нысандарға республикалық бюджеттен қосымша қаржы қарастыру үшін тиісті жұмыстар жүргізудеміз.

 

Қадірлі мәжіліске қатысушылар!

Елбасымыз өз Үндеуінде: «Мемлекеттің жаңа қадамдары бүкіл қазақ-

стандықтарға, еліміздің барша азаматтарына игі әсер етеді. Қоғам өз тағдырын Қазақстанмен тығыз байланыстырып, болашағын жоспарлаудың тың мүмкіндігіне ие болады.

Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады.

Ал, ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі.

Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге, қазаққа керек.

Ел мен жердің иесі ретінде Қазақ­­-стандағы жақсы мен жаманның бәріне қа­зақ жауапты.

Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік.

Сонда ғана халқымыздың атын иеленген қасиетті Қазақстанымыз көркейіп, дами береді» деді.

Сондықтан, оңтүстікқазақстандықтар Елбасымыздың бастамаларын қолдап, Үндеуде атап көрсетілген мәселелерді негізге ала отырып, оларды іске асыруға белсенді қатысып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге бар күш-қайратымызды жұмсайтын боламыз!

 

Баршаңызға рахмет!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ