Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Әлеуметтiк бастамалар – болашаққа жасалған батыл қадам

Наурыз 13 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялады. Бұл Үндеуді бүгінгі қоғамдағы қалыптасқан әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған нағыз батыл шара деп қабылдауымызға болады. Өйткені, мемлекеттің байлығы әскерінің күштілігімен, аумағының үлкендігімен, халқының көптігімен ғана емес, сол елде тұрып жатқан азаматтардың бақытты өмір сүруімен өлшенеді.

 

Президент өз Үндеуінде басты бес басымдыққа назар аударуды тапсырды. Соның ішінде әрбір отбасыға үйлі болуға мүмкіндік қарастыру керектігі жайлы мәселені бірінші кезекке шығаруы бүгінгі қоғамда күйіп тұрған әлеуметтік проблеманы дөп басқандай болды. Расында да қазіргі таңда жас отбасыларды алаңдатып отырған мәселенің бірі – баспана. Айлығын шайлығына әзер жеткізіп жүрген талай отбасы үшін Елбасы ұсынған «7-20-25» бағдарламасы үлкен үміт сыйлап отыр. Әсіресе, түрлі бағдарламалар арқылы баспанаға қол жеткізген азаматтарды ипотекалық пайыз мөлшерлемесінің қымбаттығы көбірек қинайтын. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ипотекалық пайыз мөлшерлемесі 7 пайызға дейін арзандатылмақ. Бұл өз кезегінде табысы бір айлық жалақыға қараған отбасылар үшін үлкен жеңілдік болмақ. Бүгінгі таңда тұрғын үй құрылысы өңірімізде үш тарап бойынша жүргізіледі: жергілікті атқарушы орган, «Бәйтерек девелопмент» АҚ және әлеуетті мердігерлер. Ендігі жерде Президенттің жаңа бастамасы облыста құрылыс индустриясының жандануына серпін бере түспек. Бұл орайда халықты тұрғын үймен қамтамасыз етіп отырған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» үлкен сенім мен міндет жүктеліп отыр. Бір анығы, егер жаңадан шаңырақ көтерген әрбір отбасының басында өз баспанасы болса, осының өзі еліміздің әлеуметтік мәселені шешуде қыруар іс тындырғанын айғақтайтын дәлел.

Елбасы, сондай-ақ, Үндеуде жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын салық жүктемесі есебінен көтеруді және студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету туралы да өте маңызды бастамалар көтерді. Бұл – бүгінгі қоғамда өте өзекті проблема. Кадр тұрақсыздығы көбінесе төленетін жалақының аздығына байланысты орын алады. Әсіресе, соңғы жылдары елімізден шетелдерге жұмыс іздеп сабылып кетіп жатқан қаншама білімді мамандарды мысалға келтірсек болады. Мәселен Finprom.kz. сайтындағы зерттеулер бойынша өткен жылдың 9 айында елімізге тұрақты өмір сүруге, білім алуға және жұмыс істеуге 11,9 мың адам келсе, көшіп кеткендер 28,2 мың адамға жеткен. Шетелдерге кетушілер арасында техника саласының мамандары, экономистер мен педагогтар көп. Осы орайда ауылдағы қарапайым мекемелерде, өндіріс орындарында жұмысшылардың құтаймайтынына сол айлық жалақының аздығы себеп болып жатқан жоқ па деген ой келеді. Міне, осы мәселені түбегейлі жою үшін Мемлекет басшысы әлгіндей тәсіл қолдануды ұсынып отыр. Мұның елімізде жұмыссыздық санын азайтуға, халықтың табысының өсуіне, сол арқылы тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне жол ашатыны сөзсіз. Қоғамда жұмыссыздар саны аз болса, ондай қоғамда қылмыс та, әлеуметтік ауыр тұрмыс та, саяси-экономикалық тұрақсыздық та өз-өзінен жоғалады.

Ал, Оңтүстік өңірінің орташа айлық жалақы мөлшері республикадағы осы көрсеткіш бойынша ең төменгі деңгейдегі облыстардың қатарына кіреді. Мәселен, Атырау, Маңғыстау облыстарында ол 200 мың теңгенің үстінде болса, ОҚО статистика департаментінің мәліметінше, 2017 жылы өңірдегі орташа айлық жалақы 96933 теңгені құраған. Рас, біздің өңірде жерасты қазба байлықтары жоқ, шикізат қорының молдығымен мақтана алмаймыз. Экономикамыз негізінен ауыл шаруашылығына арқа сүйейді. Сөзіміздің дәлелі ретінде агроөнеркәсіп саласы бойынша біздің облыс өткен жылы республикада екінші орын алғандығын айтуға болады. Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде индустриялық бағытқа қарай енді ғана бет бұрып келе жатырмыз. Бірақ, экономикалық даму динамикасы жөнінен Оңтүстік өңірі өзге облыстармен салыстырғанда көш басында келеді. Оны шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жылдан-жылға өсіп келе жатқан санынан-ақ білуге болады. Сондықтан да Үндеудегі Президент тапсырмасы оңтүстікқазақстандық жұмыскерлер жалақысының өсуіне өзінің оң ықпалын тигізеді деп сенеміз.

Өңірде жатақхана мәселесі де өткір күйінде тұр. Облыстық отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасы мамандарының сөзіне жүгінсек, өңірде күндізгі бөлімде оқитын 30 мыңнан астам студент болса, солардың 7 мыңға жуығы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген.

Елбасының студенттер проблемасына дәл осылайша назар аударуы оның әрдайым болашақ ұрпақтың қамын жеп жүретіндігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жуырда облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың халық алдында берген есебінде де жастар тарапынан осы мәселе көтерілді. Онда өңір басшысы алдағы уақытта студенттерді түгел жатақханамен қамту жайы қарастырылатынын жеткізген болатын.

Ең бастысы, Үндеудегі әлеуметтік бастамалар жүзеге асуы үшін Елбасы айтқандай, ең алдымен ұлттық бірлік қажет. Тұрмыс-тіршілігі түзелген ел әлеуметтік тұрғыдан қалыптасқан мемлекет болып саналады. Ендеше, бізді алға ұмтылдыратын мақсат осы болуы тиіс.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ