Орбұлақ шайқасы – ұлт бірлігінің үлгісі

Наурыз 13 / 2018

 

Орбұлақтағы Салқам Жәңгір мен Самарқанның әмірі Жалаңтөс баһадүрдің жоңғарларға қарсы қол біріктірген шайқасының жеңісі бұдан бірнеше жылдан кейін Ордабасыда үш жүздің хандары мен батырларының, билерінің ауызбіршілікпен жиналып, ортақ тіл табысып, бірігуінің тарихи маңыздылығы барлығын дәлелдеп, ой салды. Бұдан былай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, басқыншы жауының бетін қайтарып отырды.

 

1993 жылы Үкіметіміздің бастамасымен Орбұлақтағы ұлы жеңістің 350 жылдығын халқымыз лайықты атап өтіп, ерліктің мәнін ашып, кейінгі ұрпаққа өлместей жаңғыртып, өнеге тастады. Сөйтіп осы кезге дейін күмән туғызып, жұмбақ болып келген ол жеңіс егемендіктің тарихынан ойып тұрып орын алды.

Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық соғысы ұлт қаһармандарының ел мен жер тағдырын батыл шешіп, халқын қорғай алатындығын дәлелдеп, көрегендік саясатының мызғымас беріктігін көрсетті.

Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы туралы 1993 жылы арнайы қаулы қабылдап, сол жылы елімізде бірқатар тағлымды шаралар атқарылды. Белжайлау төріндегі Орбұлақта ұлан-асыр той өтіп, халқымыздың бірлігін, ынтымағын тағы бір көрсетті. Кескілескен шайқас өтіп, жанталаса қорғаған жерге белгітас қойылды. Ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары бұл іске белсене араласып, материалдар жариялап, арнайы телехабарлар арқылы ата-бабаларымыздың асқан ерлігімен келген іргелі істері қайта жаңғыртылып жария етілді. Батырлардың есімдерін мәңгілікке қалдыру бағытында ұлы жеңіске ерекше мән берілді.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мән-маңызы жоғары әрі өміршең мақаласы келешектегі түйткілді мәселелерді тағы да жаңғыртып, ел мен өлке тарихына шынайы ықылас аударуға ықпал етті.

Салқам Жәңгір мен алшын Жалаңтөстің қолбасшылығымен басталған ұлт тағдырын жоқтатып, ойлантқан, өздерінен күші басым аса ауыр шайқаста шапырашты Қарасай, арғын Ағынтай, алшын Жиенбет, қаңлы Сарбұқа, найман Көксерек, дулат Жақсығұл, суан Елтінді, қырғыздар Көтен мен Табай батырлар Жетісудан жауды қуып шығып, жанқиярлықпен ерлік көрсетіп, азаттықтың ақ таңын атырды.

Жоңғар, ойрат, төлеңгіт, қалмақтар да өз ішінде талай зобалаңды бастан кешірді. Өзара араздасып ауызбіршіліктері кете бастаған ойрат ұлысы өріс-қоныстарынан айрылып, басқа жерлерге қоныс аударды. Олардың көзіне ессіз жатқандай Дешті Қыпшақ даласы мен Моғолстан қарамағындағы Жетісу өңірі түсіп, қызығушылықтарын оятты. Ертіс, Шідерті, Қамысты, Есіл бойларын иемденіп, Еділ сағасындағы суы мол жайылымды жерге ауыз салды. Бүкіл қазақ даласына басқыншылық шабуылдар жасады. 1640 жылы Тарбағатай құрылтайында «Дала жосығын» қабылдап, Жоңғар хандығы мемлекетінің құрылымын тіктеп алуға кірісті. Бұған қытайлардың қысымы, жаңа құрылып жатқан Қазақ хандығы кедергі келтіріп, мақсатын жүзеге асыртпай, жолдарын байлай берді. ХVІІ ғасырдың отызыншы жылдары ойраттардың билеушісі Хара-Хұла өмірден өтті. Осы қолайлы сәтті ұтымды пайдалануға асыққан Батыр қоңтайшы қалмақтың басы бірікпеген үш тайпасын өзіне бағынышты етті. Олардың көсемдері, торғауыттар басшысы Хо-Өрлік пен дүрбіттердегі Далай тайшының көмегіне сүйеніп, бірлескен мемлекет құрды. Бұл мемлекет тарихта Жоңғар хандығы деген атпен әйгіленді. Осы ғасырдың екінші жартысынан бастап жоңғарлардың қазақ даласына басқыншылық соғыстары өрши түсті. Олар қытай мен орыстың отты қару-жарағын қолға түсіріп, біраз күшейіп алып, айналаға көз аларта бастады. Батыр қоңтайшы он тоғыз жыл (1634-1653) билеген кезінде Қазақ хандығына үш рет ірі әрі жойқын шапқыншылық жорықтар жасады.

Алғашқы шайқас 1635 жылы тұтқиылдан басталып, жоңғарлар жеңістің дәмін татты. Екінші соғысы 1643 жылы өтіп, Орбұлақ шайқасы тарихта ерекше орын алды. Орбұлақ қолайлы қорғаныс және соғыс жүргізу үшін қазақтарға өте ыңғайлы болды. Қорғаныс желісі мен шабуылды ұтымды әрі тиімді ұйымдастырды. Жалаңтөстің жасақталған кәсіби әскері жоңғарлардың тас-талқанын шығарып, ту-талақай етті. Мысын басып, біраз шығынға батырды. Қанды шайқас орнында қазылған ордың іздері әлі де сайрап жатыр. Осында қырылған жоңғарлардың сүйектері бұл жерден әлі күнге дейін табылады.

Қоянды тау шыңының шығыс жағында Күреңкейтау, Аламантау, Құяпатытау, Сарытау, Боқан таулары иықтасып созылып жатыр. Көкжеті тауының арғы жағында жоңғарлар. Таудың жоталарында терең сай бар. Таудың етегімен келе жатқан жоңғарлар шұңқырға жайғастырылған қазақ жауынгерлерін байқамайды. Орбұлақтың қия беткейіндегі қойтасты паналап ор қазып алып, жауын улы жебемен қарсы алады. Сонымен қатар сасықтекенің түтінегін де пайдаланады. Улы жебе қадалса, безгек тигендей сұлап түседі. Сасықтеке деген гүл таутекелер күйлеген кезде иіскейтін шөп. Шілде айында гүлдейді. Соны суға қайнатып, оған шүберек малып кептіреді. Сосын жағып өртейді. Жан-жаққа жайылған түтіні жан-жануарды уландырып тастайды. Мұны аңғармаған жау жапырып тастамақ болып лап береді. Олар осы кезде улы жебе мен улы түтінге ұрынады. Аузы-басын тұмшалап, ешкінің майымен майлап алған қазақ жауынгерлері улы түтінге тұншыққандарды шетінен жапырып шаба береді. Ал, қазақтар уланса қымыз бен меңдуананы араластырып ішіп, тазарып алады. Аттары уланса тұмсығына құйрық маймен ұрып сауықтырады. Алғашқыда жаппай қырылып, біраз шығынға ұшырап не болғанын білмеген ойраттар біразға дейін естері шығып, беттемей қалады. Сөйтіп уақыт ұтқызып, көмек келгенше қазақтар біраз күнді оздырады.

Белжайлаудағы Итшоқы жотасының баурайында 1993 жылдың 3 шілдесінде мерейтойлық шаралар басталып, сол кездегі Қазақстан Министрлер Кабинетінің төрағасы С.Терещенко мен Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев халқымыздың тарихи қаһармандығын қатысушыларға жан сүйсінерліктей әңгімелеп, ата-бабаларымыздың жанталасқан орасан зор ерлігіне бас игізіп, мақтан етті. Ел мен жерді қорғау, ұлтты сақтаудағы батырларымыздың қайсарлығы мен табандылығын, елу мың әскерлі қоңтайшыны бар болғаны алты жүз қолмен әдепкі кезде тойтарып, бетін қайтарғанын, Салқам Жәңгірдің әскери тактикасының үздіктігін айтып жарияға жар салды. «Солардан қалған белгідей... айлап-апталап бастарын ажалға тіккен ардақтардың жанына түскен жыртықтай, тәніне түскен тыртықтай боп атамзаманғы оқпана шұңқырлар әлі жатыр» деді дарынды жазушы Әбіш ағамыз.

Үш жарым ғасыр өткенде қанды шайқас орнында қазылған ордың айқын іздері, тарих бетінде қашап жазылған алтын әріптей әлі тыртығы жазылмай жатқаны, ерліктің қаншалықты қымбатқа түскенінің айқын дәлелі. Бұл соғыс қазақ халқының ауызбіршілігін, бір-біріне деген жанашырлығын, ынтымақты жарастығын, қиын-қыстау кездегі бір-біріне қамқорлық жасағанын тағы да дәлелдеп берді. Қазақтың Салқам Жәңгір бастаған сарбаздарына Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүр 20 мың әскерімен көмекке келіп үлгеріп, дұшпанның арман-мақсатының күлпаршасын шығарып, жеңіліс дәмін таттырды. Осы бір жан берісіп, жан алысқан, шайқас өткен киелі жер көп шежіре шертіп, бүгінге дейін беймәлім жұмбақ сырды жариялап, соғыстың шындығына көз жеткізгендей, қазылған оқпаналар ізі жақсы сақталған.

Жер ыңғайына байланысты Орбұлақ қорғаныс пен оңтайлы қарсы ұрысқа әдейі таңдалған. Салқам Жәңгірлердің аз қолмен шабуылдауға қолайлы қорғанысы болатын. Таудың терісі – беткей, түстігі – тау арнасына кірер өзен. Жау беттейтін жақ тегіс те, жан-жағы алақанға салғандай айқын көрінетін. Сырт беті – терең сай. Осы қамашауда жақындағанын тырп еткізбей оққа ілдіріп, әрі қарға адым бастырмай қағып түсіруге ыңғайлы бекініс еді. Тек жауды жақындатып бетпе-бет келтірмей, маңайлатпай, көмек келгенше уақыт созып, шыдап, төтеп берсе болғаны. Жалаңтөс баһадүр қолымен бірге, Кіші жүз Әлімұлы, Төртқара Жиенбет батыр-жырау, бес мың қолды жинап, сақадай сай қаруландырып, асығыс аттанады. Олар Елек тұсынан самарқандық қалың қолға қосылады. Жиенбет Есім ханның да, оның баласы Салқам Жәңгірдің де сенімді досы және қол бастаған батыры екенін байқаймыз. Бұлармен көптен бері жақын байланыстары әрі сыйластықтары бар, достығы тереңге кеткен, бір-бірін қысылшаңда тастамайтын дос-жар екеніне көзің жетеді.

Орбұлаққа дейін Батыр қоңтайшы қырғыздарды 50 мың қолымен шауып, 10 мың тұтқынды қол-аяғын кісендеп айдап келе жатқан. Осы жеңісіне масайрап, Жетісуды баса-көктеп, талап-тонап, оңай олжаға кенелмек те ойы болған. Жері шүйгін, суы мол тау ішіндегі қолайлы жер Үйгентастың белі арқылы, Аралтөбе мен Қоғалыны тіке басып, Қараталға қарай өтсе, Жетісуды оңай шауып, олжалап өз ұлысына қарай асып түсуге болады. Қазақ қолы қоңтайшының бұл айласын алдын- ала түсініп, көп шығынға жол бергізбей, алдын кесіп, қос бүйірден қысатын жерге тосқауыл қоюды ойластырған.

1643 жылғы маусым айының аяғында қоңтайшы әскерінің алдын Белжайлауға жеткізіп, бас-аяғын шілденің бас кезінде жинап алып, қазақтарға қалың қолмен шабуыл жасауды ойластырған. Олар Салқам Жәңгірдің жауынгерлері жолын бөгеп, соншама тосқауыл болып, төтеп береді деп күтпеген. Осы аз ғана уақытты қазақтар тиімді пайдалануға жанталасып, Самарқандағы Жалаңтөс баһадүрге шұғыл хабар беріп, тез жетуін өтінген. Өйтпесе Жетісу бойын күші басым қоңтайшы әскері қанжоса етіп, жайпап кететінін түсінген.

Батыр қоңтайшы қырғыздарға Алакөлдің солтүстік беткейіндегі ордасынан Ресей мен Қытайдан алдырған отты қарулармен жасақталып аттанғанын көрсететін тарихи дәлелдер жеткілікті.

Орыс елшісі Григорий Ильин мен татар Кучембердейко Кучеевтің мәліметінде Батыр қоңтайшы Белжайлаудағы Орбұлақ шайқасында әскерінің ауыр соққыға ұшырап, біраз жауынгерлерінен айрылып, қатты қайғырып, өкініп отырғанын байқаймыз. Бұл жорық жоңғарларға оңайға соқпаған.

Теке өзенінің бойындағы Қабықсары тауында Батыр қоңтайшының зайыбы Дара Уба Залча айым орыс елшісі Г.Ильинді қабылдайды. Бет біткеннің сұлуы, хор қызындай үлде мен бүлдеге оранған ол көңілсіз еді. Ханшаның әкесі Хо-Өрлік те кезінде хан болған. Осы кездесуде жұбайы Батырдың жорықтан әбден абыржып, көңіл-күйі бұзылып, ордасынан сыртқа шықпай, үнсіз жатқанын айтып, ешкімді қабылдамайтынын жеткізген. Шынында да, қоңтайшыға бұл жеңіліс ауыр соққы болып тиіп, абыройын айрандай төгіп, бақталастары арасында беделі түсіп, еңсесін жерге қаратты.

Тұран өлкесінің әскери бас қолбасшысы Жалаңтөс Батыр қоңтайшы әлі де тек жатпай, кек сақтап, қайта соғатынын түсінді. Ол жоңғарлар арасындағы беделін қайтаруды ойластырып жатқанын сезді. Самарқанның батыр-әмірі осы жеңісті шайқастан соң әскерінің арасындағы 17 мен 25 жас аралығындағы бес мың жігітті Жетісу аймағын қорғауға қалдырады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған тапсырмалардың негізінде соңғы кездері руханиятқа қамқорлық бағытындағы жұмыстар жанданып, қанатын кеңге жаюда. Биыл Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңіске 375 жыл толады. Мұны кең көлемде атап өту қажет.

«Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен Орбұлақ шайқасы өткен Алматы облысы, Панфилов ауданында Салқам Жәңгір мен оның 56 сарбазы жерленген қорым қоршалып, хан бейітіне ескерткіш белгітас орнатылды. Сөйтіп, Жаркент жұртшылығының осы өнегелі іске, жанды бастамаға деген жанашырлығы мен ризашылығын байқадық. Осы қордың бастамашылығымен Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы арқылы Өзбекстанға қарай өтетін халықаралық күре жолдың бойындағы бір биік төбені жұртшылық келетін қасиетті тарихи орынға айналдыру мақсат етілді. Осында «Бабалар рухына тағзым кешені», Ұлы Отан соғысына қатысушылар ескерткіші, «Тағзым» сағанасы тұрғызылып, жастар саябағы ашылған. Саябақ алдына «Батыр бабалар» мемориалдық кешені орнатылып, Орбұлақ шайқасы батырларының еңселі ескерткіші тұрғызылды. Халық қаһармандары – әскер басы Салқам Жәңгір хан мен Самарқан әмірі, ұлы Әйтеке бидің бабасы Жалаңтөс баһадүрге ат үстіндегі айбынды ескерткіші орнатылды. Осы жылдың 18 сәуірінде Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: Ұлы жеңістің ақиқаты және маңызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілмек. Конференцияға елімізге танымал ғалымдар мен шетел ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, еліміздің зиялы қауым өкілдері қатыстырылады деп күтілуде.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес биыл Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңістің 375 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтіп, Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы халық игілігіне айналып, тәрбиелі түрде тұрақты жүзеге аса беретін болады. Бұл – өміршең идея.

Елін, жерін, ұрпағын жаудан қорғаған бабаларымызға қандай тарихи сый-сияпат көрсетіп, мәңгілікке қалатындай іс-шаралар жасасақ та артық емес. Бұл – біздің перзенттік борышымыз. Ел қорғаны болған батырларымыздың қай-қайсысы да біз үшін әрі құрметті, әрі қасиетті.

Нажмедин МҰСАБАЕВ, Жалаңтөс баһадүр атындағы республикалық қордың төрағасы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ