Руханият 0 пікір 0 лайк

Өзіміздің композитор

Наурыз 13 / 2018

 

Түрлі кездесулер мен жиын-тойларда шырқалатын көңілді де мазмұнды әндердің авторлары жанымызда жүргенін көріп «япыр-ай, ә» деп таңқалатынымыз бар. Сондай қарапайым қалпынан бір танбайтын талантты өнерпаздардың бірі – Сейіткерім НҰРАНОВ.

 

Өткен аптада Кеңбаба саябағындағы «Махамбет» өнер орталығында сазгер Сейіткерім Нұрановтың шығармашылық кездесуі өтті. Алпыстың бесеуіне аяқ басқан азаматтың бірнеше әні шырқалып, өнерсүйер қауым бір серпіліп қалды. «Қуанышым көктемім», «Сәлем айтшы қалқатайға», «Сағыныш», «Көңілдім» деген алғашқы әндерінің шығу тарихы сөз болды. Сейіткерім Нұранов – ән падишасы Шәмші Қалдаяқов пен ақын-композитор Исраил Сапарбайдың үзеңгілес інісі. Талай кешті бірге өткізіп, ақыл-кеңестерін тыңдаған азамат. Әйгілі ән жампоздары Сейіткерімнің «тарихын» зерттеп көрсе, өнер тарланы Құрманбек Жандарбековтің туған жиені болып шығады ғой. «Бәсе, – деген Шәкең, – асылдың сынығы екенсің ғой, өнерің өрге бассын!» деп бата беріпті. Исраил Сапарбайдың қолдауын көріп, Шәмші ағасының батасын алған Сейіткерім шабыттанып, жергілікті ақындардың сөзіне бірнеше ән жазады. Олардың қатарында Тұрсынай Оразбаеваның «Бойжеткен», Ханбибі Есенқарақызының «Жеңеше», Әмзе Қалмырзаұлының «Көңілдім», Мұратбек Дүйсенбектің «Билеші, құдаша», «Әдемі қыз», Мұхтар Шерімнің «Мерседестегі қарындас» атты өлеңдеріне жазылған әндер де бар.

– Сонау сексенінші жылдары алғашқы әндерімнің тұсауын кескен «Оңтүстік Қазақстан» газетіне, газеттің сол кездегі әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Мархабат Байғұт, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасын басқарған Байдулла Қонысбек ағаларыма алғысым шексіз, – дейді Сейіткерім өткен күндерді еске алып. Жерлесі Тұрсынайдың «Бойжеткен» өлеңіне жазған әнді Махаң қолына алған күні газетке шығарып беріпті. Осыған дейін тартпада төрт жыл «тұмшаланып» жатқан ән «егесіне» кездеспей жүр екен дә. Ал, Байдулла Қонысбектің композиторларды іріктеу жарысында өзіне қолдау көрсеткенін ұмытпапты. С.Нұрановтың өнер жолындағы ұстаздары Ханбибі Есенқарақызы мен Әселхан Қалыбековаға деген құрметі ерекше.

Иә, кеште осының бәрі айтылды. Марат Омаров, Момбек Әбдіәкімұлы, Сәрсенбек Сахабат, Айжігіт Асанов, Әмзе Қалмырзаұлы, Асқар Әлихан, Асқар Мамырбаев секілді өнердегі әріптестері Сейіткерімді «өзіміздің композитор» деп әспеттеді. Кеудесіне «Өнердегі еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Ал, сайрамдық өнерпаздар Заманбек Нұрқанов, Гүлбану Жақсылықова, Ержан Темірбаев, Бақдәулет Нұранов «Махамбет» орталығын думанға бөледі.

Бүгінде Секеңнің өзі еңбек ететін қуыршақ театрының директоры Бақтияр Спанов ұжымымен келіп, композитордың шығармашылық кешінің шырайын кіргізді. Иә, сырттан ешкім келген жоқ. бәрі осы Оңтүстіктің өнерлі ұл-қыздары. «Болар елдің баласындай» өзіміздің композиторды төрге шығарып, өзіміз ән шырқадық. Бәрі де жарасып тұрды.

Нұрлан ҚҰЛБЕК.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ