Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Жаңартылған бiлiм беру бағдарламасының мазмұны

Наурыз 13 / 2018

 

Елімізде білім берудің мазмұны мен оқыту тәсілдері жыл сайын жаңарып келеді. Яғни мектеп жасындағы баланы оқыту және оның болашағына жол салу мәселесі ұстаздарды үнемі толғандырып отырары сөзсіз. Расында білім беру мәселесі, сырттай қарағанда, шешіліп қойылғандай болып көрінгенімен, жаңа кезеңде тағы бір қарап шығуды қажет етеді. Өйткені, бүгінгі адамдардың өмірі, әлеуметтік жағдайының жақсаруына байланысты білім беруге деген талаптар да үнемі жаңарып отырады.

 

Осы орайда жаңартылған білім беру бағдарласы ұстаздарға көп көмегін тигізуде. Бұл бағдарлама бойынша көптеген пәндер секілді дүние жүзі тарихы мен құқықтану пәні мұғалімдеріне арналған курс та жұмыс жүргізеді.

Мұндай курстардың негізгі мақсаты – жаңартылған білім беру бағдарламасының табысты түрде жүзеге асуына көмектесу. Қатысушы мұғалімдерге жаңа бағдарламаның өзгерген мазмұнын ұғындыру. Сонымен қатар, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерінің қажеттілігіне баса назар аудару.

Нәтижесінде бүгінгі жаңа формациядағы мектеп әр шәкірттің білгір болуымен қатар шығармашылықпен ойлайтын, белсенді әрекет ететін, сондай-ақ зияткерлік, адамгершілік қасиеттерін бойына жинаған адам болып қалыптасуына ықпал етуі тиіс. Сондықтан да білім берудің жаңа моделінің құрылымы бұрынғыдай дәстүрлі «Мектепте нені оқытады?» деген сұраққа емес, «Мектепте не үшін оқимыз?» деген сұраққа жауап беретіндей болып құрылуы қажет.

Жаңартылған білім беру бағдарламасының нәтижесінде әр мұғалім оқушылардың танымдық қызметін ұйымдастырушы болып табылады. Соның арқасында оқытудың жетістіктері жоғарылай түседі. Оқыту барысында әр оқушыға белсенділігінің арта түсуіне ықпал ету қажет. Әрине, білім беру мазмұнын жаңарту үшін оқытушылар кәсіби деңгейін көтеріп отыруы тиіс.

Осыған байланысты топ жаттықтырушысы Қайрат Сағынтаевтың Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы №17 мектепте өткізген курстық сабағына тоқтала кетсем деймін. Аталған сабақта Қайрат Сағынтайұлы жаһандану заманында жас ұрпақтың жаңаша ойлау қабілетін, белсенділігін арттыру, білімге деген құштарлығын ояту жайына тоқталды. Жаңартылған білім беру бағдарламасын жұмыс барысында қолдана білу әр ұстаздың міндеті екенін ұғындырды. Аталған курстық сабақтың тыңдаушылары тиімді оқу және оқыту тәсілдерімен таныса отырып, жаңа мазмұнды бағдарламадан алған әсерлерімен бөлісті. Бұл оқыту тәсілдері оқушылардың ынтымақтастығын арттырып, бірлесе жұмыс істеуіне көп ықпал тигізеді. Яғни олардың өз ойын еркін жеткізуіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуына септігі мол.

ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Сондықтан да білім берудің әлемдік озық стандартына сай жаңарған білім беру бағдарламасын жүзеге асыру әр шәкірттің жан-жақты дамыған жеке тұлға болып қалыптасуында табысқа қол жеткізетін ең тиімді жол.

Нәзира ҚҰРМАНТАЕВА, Ә.Құрмантаев атындағы №18 жалпы орта мектептің пән мұғалімі. Ақбұлақ ауылы, Сайрам ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ