«Ордабасы» жеңіспен бастады

Наурыз 12 / 2018

Ғабит САПАРБЕКОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».

    11-наурызда футболдан еліміздің кезекті чемпионаты басталды. Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады. Қажымұқан атындағы орталық стадионға 12 мыңға жуық жанкүйер жиналды. Бұл – бірінші турдағы ең жоғары көрсеткіш.

 Ә дегеннен-ақ ойын тізгінін қолға алған Георги Дерменджиевтің шәкірттері қарсылас қақпаны торауылдаумен болды. Маусым жаңа басталғандықтан әрі ойыншылар додаға толық дайын болмағандықтан кейбір сәттерде футболшылар қателік жіберіп жатты. Оның үстіне былтырғымен салыстырғанда команда құрамы 50 пайызға өзгерген. Бірақ, шымкенттік футболшылар бәрібір өз дегеніне жетіп, ойынның 22-минутында Еркебұлан Тұңғышбаев баспен гол соғып, «Ордабасыны» алға шығарды. Екінші таймда «кеншілер» сапынан Кояшевич айып соққысын тамашка орындап есепті теңестірді. Дегенмен, шымкенттіктер тез «естерін жиып», ойынға тыңнан қосылған Иван Нагаев 64-минутта гол салып, «Ордабасыға» 3 ұпайды тарту етті. Бір өкініштісі, өзбекстандық шабуылшы жарақаттанып қалды. Өткір әрі жылдам шабуылшы тез қатарға қосылмаса, алаңда сылбыр қозғалатын Хижниченко мен Лиден үміт аздау болып тұр.

   Осылайша, «Ордабасы» командасы 3 ұпай еншілеп, турнир кестесінде доп айырмашылығы бойынша төртінші орынға жайғасты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ