Елбасы бастамалары елдің әл-ауқатын жақсартады

Наурыз 10 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Сейсенбі күні облыс әкімдігінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысы көтерген әлеуметтік бастамалардың өңірде орындалуы талқыланды. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасы бастамаларын толығымен жүзеге асырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту ең басты мақсат екендігін айтты.

 

Жансейіт Қансейітұлы Президент көтерген бастамалардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Оның айтуынша, елімізде мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрғын үй құрылысының көлемі жыл сайын артып келеді. 2017 жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында облысымызда 721 мың шаршы метрді құрайтын, жалпы саны 7500-ге жуық пәтер ел игілігіне берілген. Бұл 2016 жылға қарағанда 36 пайызға көп. Тұрғын үй көлемінің ұлғаюы осы салаға инвестициялардың көптеп тартылуы арқасында мүмкін болды.

– Енді Мемлекет басшысы осы істі одан әрі жетілдіруді қолға алды. «7 – 20 – 25» бағдарламасы елдегі екінші деңгейлі банктер беретін ипотекалық несиелердің қолжетімділігін арттыра түспек. Енді мұқтаж адамдар баспана құнының 20 пайызын жинақтап, ипотекалық несиені жылына 7 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен 25 жылға дейінгі мерзімге ала алады. Бұл тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырмақ. 77 нысанның құрылысына 27,4 млрд. теңге қарастырылды. «Ауыл мұғалімі мен дәрігеріне қызметтік пәтер» жобасы басталып, биыл 9 ауданның 20 елді мекенінде 212 пәтерлі 20 қызметтік тұрғын үй құрылысын жүргізуді бастаймыз. Жалпы, ағымдағы жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 730 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді межелеп отырмыз. Бұдан бөлек, 13,8 млрд. теңгені құрайтын 22,9 мың шаршы метр немесе 1644 пәтерлі 28 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуге тиісті ұсыныс берілді, – деді Ж.Түймебаев.

Әкім «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» бастамасының орташа жалақы мөлшері республика бойынша ең төмен деңгейде қалып отырған Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары үшін айрықша маңызға ие екенін айтты.

Өңір басшысы Оңтүстік Қазақстан облысы мектеп бітіруші түлектер саны бойынша республикада бірінші орында екенін айтып, қосымша 20 мың білім грантының бөлінуі жастарға берілген тамаша мүмкіндік екенін атап өтті. Ал, 2022 жылға дейін 75 мың орынға лайықталған жатақханалардың салынуы студенттердің сапалы білім алуына жағдай туғызбақ. Ж.Түймебаев облыстағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарында 66 мың студент оқитынын, оның тек 6 мыңдайы ғана жатақханамен қамтамасыз етілгенін, сол себепті Президенттің бұл бастамасының өңіріміз үшін айрықша маңызды екенін жеткізді.

Облыс әкімі шағын және орта бизнеске арзан несие беру және елді газдандыру бағыттарында атқарылар жұмыстарға да тоқталды.

Ж.Түймебаев сөз соңында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына 20 наурызға дейін аталған бастамаларды облыста жүзеге асыру және оны қаржыландыруға қатысты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Өңір басшысы облыстық ішкі саясат басқармасына, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына және аудан, қала әкімдіктеріне Елбасы Үндеуін насихаттау жөнінде жүйелі жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды.

Басқосуда облысқа белгілі бірқатар азаматтар Елбасы бастамаларына қатысты өз ойларын ортаға салды. Жиынға бейне байланыс арқылы облыстың барлық аймақтарының тұрғындары да қатысты.


Бұқара пікірі

Иманәлі БАЙДӘУЛЕТОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

– Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жариялауы – қазақ халқының саяси-әлеуметтік жадында ұзақ уақыт сақталатын елеулі оқиға. Елбасы бұл бастамаларды мың ойланып, сан толғанып, жан-жақты саралап барып қабылдағаны шүбәсіз. Біле білсек, мұндай батыл бастамаларды жүзеге асыруға мол қаржы қажет, тиісінше ол үшін ұлттық экономика қуатты болуы тиіс. Мемлекет басшысының ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегінің арқасында біз осындай ауқымды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыра алатын деңгейге жеттік.

Жас отбасылардың қалаға келіп, танымайтын біреудің үйінің бір бұрышын жалдап тұруы өте қиын жағдай. Ондай жағдайда жастар қалай ұрпағын көбейтсін, қалай өз елінің жарқын болашағына сенім артып, аянбай еңбек етсін?! Пәтерден пәтерге көшіп жүрген студент қайдан сапалы білім алсын?! Міне, енді мемлекет осындай күрделі проблемаларды түбегейлі шешпек.

Елбасы өз үндеуінде ел иесі, жер иесі қазақ халқына, әсіресе, қазақ жастарына жауапкершілік арта, салмақ сала сөйледі. Демек, жастар мемлекет жасаған қолайлы жағдайға адал еңбегімен лайықты жауап қайтаруы тиіс.

 

Гүлбахар ҚҰРБАНОВА, Сарыағаш ауданындағы М.Ломоносов атындағы орта мектептің мұғалімі:

– Мен Сарыағаш ауданында тұрғын үйге мұқтаж адамдардың кезегіндемін, кезекте 281-шімін. Биыл аудан орталығынан көпқабатты 13 үй салына бастады. Сол жерден пәтер алсақ деген арманымыз бар. Дегенмен, бұған дейін пәтер құнының 30-40 пайызына дейін бастапқы жарна төлеу керек еді. Оның үстіне пайыздық мөлшерлеме жылына 14-16 пайыз болатын. Содан ол пәтерді алған күннің өзінде мұндай ауыр несиені төлей аламыз ба деген уайымымыз да бар еді.

Елбасының «7 – 20 – 25» атты жаңа бағдарламаны ұсынуы бізді зор қуанышқа бөледі. Өйткені, онда бастапқы жарна да, пайыздық үстемеақы да төмендетілген. Енді осы бағдарлама бойынша үйлі болсақ, арманымыз шындыққа айналмақ.

 

Тұрғынбай АХМЕТОВ, Түркістан қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер:

– Бұған дейін мемлекет ұсынған жеңілдетілген бағдарлама бойынша 10 миллион теңге несие алып, өз кәсібімді аштым. Қазір тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын цехта 8 адамды жұмыспен қамтып, айына 25 тонна өнім әзірлеудеміз. Елбасының бес әлеуметтік бастамасы жайлы естіп, зор қуанышқа бөлендім. Өйткені, ендігі жерде кәсіпкерлерге берілетін несиенің шарттары мен пайыздары жеңілдей түседі екен. Олай болса мен де мемлекеттің қолдауына арқа сүйей отырып, өз кәсібімді кеңейте түсемін.

 

Мағжан ИСАХОВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ жастар орталығының директоры:

– Елбасы бес әлеуметтік бастама жөніндегі Үндеуінде жастарға баса назар аударған. Өткен жылдан бастап барлық мектеп түлектерінің тегін кәсіптік білім алуына мүмкіндік жасалғаны белгілі. Енді қосымша 20 мың білім гранты бөлінбек. Студенттер үшін аса өзекті мәселе болып саналатын жатақхана мәселесі де біржола шешімін таппақ. Ал, «7 – 20 – 25» бағдарламасы – жас отбасылардың үйлі болуына мүмкіндік беретін тамаша бастама. Демек, жастардың терең білім алып, алаңсыз жұмыс істеп, шаңырақ көтеріп, бақытты ғұмыр кешуіне мемлекет барынша қолайлы жағдай жасауда. Енді жастар сұранысқа ие мамандықтардың шебері атанып, туған еліміздің өркендеуі жолында қажырлы еңбек етулері тиіс.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ