Әйел-ана – өмiрдiң өзегi

Наурыз 10 / 2018

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкент қаласындағы «Арман» салтанат сарайында облыс әкімі Ж.Түймебаев қыз-келіншектер мен аяулы аналарды 8 наурыз – халық- аралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады. Салтанатты шараға ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері және аудан, қалаларда түрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатысты.

 

– Әйел – отбасының ұйытқысы. Отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы. Әйел – қоғамның тірегі, мемлекет дамуының тұғыры. Тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда қай кезде де әйелдер қауымының үлесі зор. Елбасы ана мен баланың әлеуметтік қорғалуына, отбасы құндылықтарының бірінші кезекке қаралуына ерекше мән беріп, осы мәселелерді ұдайы қолдап келеді. Біз отбасындағы тыныштықты сақтап, қоғам жұмысына белсене араласып, жетістіктерге жетіп жүрген аруларымызбен әр кез мақтанамыз. Елімізде көп балалы аналар саны бойынша өңіріміз көш бастап тұр. Бүгінде облыста көп балалы аналарымыз 98600-ден асты. Олардың 3998-і «Батыр аналар», 16361-і – «Алтын алқа», 42724-і «Күміс алқа» иегері. Ал, 6906 ана І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған. Елдің өсіп, өркендеуіне ерекше үлес қосып отырған жандар қашанда аман болсын, – деді облыс әкімі Ж.Түймебаев.

Мұнан кейін өңір басшысы 5 қыз-келіншекке «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін табыс етсе, 14 азаматша облыс әкімінің грамотасымен марапатталды. Тағы 9 ана облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Бұл күні көп балалы 5 ана Жансейіт Қансейітұлының қолынан «Алтын алқа» төсбелгісін алды. Жалпы мерекелік кешке шақырылған 300-ден астам қыз-келіншектерге мерекелік сыйлықтар тапсырылды.

Шара соңында аналар мен аяулы арулар қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ