Қазақтың қызы – бақыттың қайнар көзі

Наурыз 10 / 2018

 

Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қанша жерден экономикалық кризисті бастан кешіріп отырмыз дегенмен, жағдай жылдан-жылға жақсарып келеді, қазір ала дорба арқалаған әйел қалмады деуге болады. Оның есесіне жаңа, бейтаныс, рухани проблемалар пайда болды. Мысалы, жасөспірімдер арасындағы суицидтен әлемде екінші орынға шықсақ, еліміз бойынша атышулы «хижаптың» салдарынан 177, Ақтөбе облысында 93 қыз бала мектепке бармай отыр екен. Сот тоқсан үш ата-ананың он үшіне мектеп ережесін бұзғаны үшін айыппұл салған. Жас жұбайлар арасындағы ажырасу мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс та азаймай тұр.

 

«Тас түскен жеріне ауыр», бұның бәрі бірінші кезекте әйел жанына тиетін соққы. Оны бүгінгі қазақ әйелі көтере ала ма? Өмірдің кезекті сынағын абыроймен тапсыра ала ма? Сөзсіз! Бізді осынша нық сеніммен жауап бергізіп отырған – қазақ халқының өткені. Дарий, Кир, Македонскийлердің жорығынан бастап кешегі кеңес кезеңінде алдымен халқының санының жартысынан айрылған, одан соң сапасы жойқын апатқа ұшырап, ұлт қаймағының 25 мың өкілі атылып, 200 мыңдайы түрменің азабын тартқан қилы заманның бәрінде алдыңғы шепте ерлермен тізе қосып қазақтың қыздары жүрді. «Желтоқсан» мың өліп, мың тірілген қазақты жоюға болатынын, бірақ, оның сағын сындыруға, рухын жеңуге болмайтынын, ашық орыстандырған 70 жылдық кеңестік отаршылдыққа да төтеп бергенін айқын дәлелдеді. Алаңда жігіттерге «Шегінбеңдер!» деп дем берген қазақ қыздары болды. Жазушы, ғалым Б.Ысқақ «Қызым, саған айтамын...» атты кітабында 14 жылға жазықсыз сотталған Жамбыл Тайжұмаевтың әулетіне барып келін болып түсіп, содан соң Құсмұрын түрмесіне барып некесін қидырған Шолпанның ерлігін құрбылары Роза Әріпова, Сапаркүл Құсдәулетова, Алма Ашықбаевлар қайталаған деректі келтіреді. Ал, 1987 жылы төрт жылдан соң кеңес өкіметінің құлайтыны ешкімнің түсіне де кірмеген болатын... «Желтоқсаншы-лардың» замандасы Тамара Асардың ерекше даусы – әні мен теңдессіз талғам-сәніне тәнті болған чехтар оған «құда түсіп», «жердегі жұмақты басыңызға орнатамыз, біздің елдің азаматтығын алыңыз, біздің елдің атын шығарыңыз» деген ұсынысына әнші қыз «перзенттік борышымды лайықты атқарудан артық абырой-атақ бар деп ойламаймын» деп жауап береді...

Адамзат тарихы мүшелері жас демей, жасамыс демей, біліммен қаруланған қоғам ғана көшке ілесе алатынын көрсетеді Міне, сол білімді қазақ елінің болашағының бойына құйып жатқандар да қазақтың қыздары. Олар мектепте сестілігі жетіспей-ақ тұрған ер адамдар үшін де, өздері үшін де жұмыс істеуде. Жұмыстарының нәтижесі жаман да емес. Қазіргі кезде еліміздегі 5 миллион оқушы балаларымыз дарындылығы (білімі, зердесі) бойынша әлемнің 100 еліндегі құрдастары арасында 10-орынды нық иеленіп отыр, көптеген халықаралық олимпиадалардан жүлдемен оралып жүр.

Білімнің таусылмас қайнарының бірін: «Қазақтарды оқытып керегі жоқ, өйткені, олардың салт-дәстүрлері тұнып тұрған білім» деп орыстың атақты академигі, географ А.Семенов-Тянь-Шаньский атап кеткен болатын. Ал, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты да бесік жырымен қосып бойға дарытатын әйел емес пе?! Сол үшін де қазақ «ер – ұлды тәрбиелейді, әйел – ұлтты тәрбиелейді» демей ме?! Ал, «ұлт» деген ұғымның ішінде әйелдің өзінің жұбайы да кіреді, демек, ол ұл мен қызын ғана емес, солардың әкесін де тәрбиелейді. Қалай, қайтіп? Қамырдан қыл суырғандай нәзіктікпен, жұмсақ ізетпен, жылы сөзімен, жібек мінезімен. Бір ғана мысал. Осыдан 17-18 жыл бұрын пединститутты бітірген бір қыз сол замандағы көп «рэкетирдің» біріне тұрмысқа шыққанда «аға мен жеңгенің қолында өскен жетім байғұстың бағы ашылмайтын болды-ау» деп аяныш білдірмеген адам аз еді. Үш жыл өтпей-ақ әлгі бауырымыз ішкенді де, шеккенді де, төбелесті де, қыз-қырқынды да, бәрін де қойып, мал тапқыш табысты да тәртіпті жігіттің біріне айналып шыға келгенде таң қалмаған, қызға риза болмаған жан жоқ. Ненің арқасы? Әрине, әйелдің төзімділігінің арқасы! Цирктердегі ақырған арыстандарды қолға үйретушілердің (дрессировщик) көпшілігінің әйел баласы болатындығының себебі де осында шығар...

Қазақ «қыздың аяғымен ілесіп құт келеді» деп есептейді. Қазақ қызы өзінің барған жерін бақытты етуді қалайды, өйткені, сол арқылы өзінің де бақытты болатынын жақсы біледі. Қыздың сүйген жары қай уақытта өзін бақытты сезінеді? Оны Қадыр Мырза Әліден артық ешкім айтқан жоқ шығар...

 

Өзіңсің – басыма құт, қосыма құт,

Өзіңсің – жасыл уақыт, асыл уақыт,

Сапарда жүргенімде сарғайып мен,

Сағынып күте білсең, осы – бақыт!

 

Әлдиле махаббатты, асыра, күт!

Оған тіл тигізбесін тасыр уақыт.

Күйзеліп жатқан кезде, бас жағымда,

Күзетіп отырсаң сен, осы – бақыт!

 

Кім демей, аталғанда досым аты,

Отырсаң ақылыма қосып ақыл...

Бір қора жолдас ертіп келгенімде

Қарсы алсаң күлімсіреп, осы – бақыт!

 

Біреулер жүр ғой сырттан досын атып,

Қорықпа, күдіктенбе шошыма түк.

Мен жайлы айтылған бір қаңқу сөзге

Сенбесең, иланбасаң, осы – бақыт!

Біз әңгімемізді бір ғибратты әпсанамен түйіндесек дейміз. Ерте заманда білім іздеп сайын даладан Шам шаһарына аттанған бір жас жігіт шөл далада келе жатып, бір құдыққа кез болады. Бірақ, құдықтың басында отырған бір қария «бұл құдықтың суы кез келген қауғаға іліне бермейді, ол мына сұраққа жауап бере алған адамға ғана шығады» деп таң қалдырады. Жас жігіт «қойыңыз сұрағыңызды» дейді. Қария қойнынан алма алады-дағы: «алманың төрт қасиеті бар. Олар – түсі, иісі, пошымы, дәмі. Осы төрт қасиетінің қайсысы негізгісі?» Жігіт ойланып қалады. Біраздан соң «алманың негізгі қасиеті сіз айтқан төртеудің ешқайсысы да емес. Оның басты құндылығы – мынау» деп алманы қақ жарып, ортасындағы дәнін көрсетеді. Қауғасы шүпілдеп суға толып шыққан жас жігіттің есімі Әбу Нәсір екен...

Қазақтың дәні – оның қыздары, әйелдері, аналары. Ұлттың дәмі де, нәрі де, сөлі де, сәні де солар. Алыптарды туатын, оларды басынан сөз асырмайтын асау, жалына қол тигізбейтін тәкәппар, отансүйгіш, елінің қамқоры да, қорғаны да етіп тәрбиелейтін де солар. Ендеше, солар – аналар, қыз-келіншектер аман болсын деп тілейік...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ