Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Тоқсанның төрі

Наурыз 10 / 2018

 

Шардара ауданы Ақшеңгелді ауылында тұратын Жүрсін әже Мұстапақызы биыл тоқсанның алтысына толып отыр. Немерелеріне ине сабақтатып, тігіс тігуді үйретіп отыратын сүйегі асыл әжеміз «күн сайын ұрпағымның басы құралып, көбейе берсін деген ырыммен құрақ құраймын» дейді.

 

Жақында әженің немере қыздарының бірі көрші Қызылқұм ауылына тұрмысқа шыққан. «Соның тірлігін беруіміз керек. Қолым істеп тұрғанда базардан көрпе-төсек сатып алып не көрініпті?!» дейді әңгіме айтып отырып та тігін машинасының жанынан алыстай қоймаған әже.

– Кезінде кілем тоқып, киіз де басқан енеміз 80 жасқа дейін қолынан кетпені түспей шабық шапты. Қазір де қарап отырған күні жоқ, бізге тапсырма береді, келіндері соны орындаймыз, – дейді бүгінде өзі де ене болып отырған келіні Гүлжахан.

Жүрсін әже ері Жұман Сүлейменов екеуі әйгілі Киров каналын қазуға қатысқандар. Жұман қария керуенмен, Самарқаннан шаруаларға зат тасыған екен. Кейіннен өз алдарына бір отар қой алып, малға шығып кетіпті. Шопанның еңбегі уақытпен санаспайтын, жанкештілікті талап ететін тынымсыз тірлік екені ақиқат. Сол еңбегінің жемісі болар, Жұман Сүлейменовтің кеудесіне кезінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері тағылған. «Урал» мотоциклі де, «Москвич» автокөлігі де шопандардың арасында алғаш болып Жұмекеңе сыйға берілген екен. Ерінің осылайша абыройлы атануына үйдегі шаруаға алаңдамай, бал-шағаның тәрбиесіне уақыт өлтірмеуін күйттеген бірден-бір адам ол – Жүрсін анамыз.

15 құрсақ көтеріп, оның 14-ін өсіріп баққан Жүрсін әже мен Жұман атамыз балаларының бөтеннің алдында бейбастақ қылық көрсетіп, орынсыз сөйлемеуіне үлкен мән беріпті. «Біз жұмыс істеген кезде кішкентай балаларыма енем қарап отырды. «Құдайдың бергенін туа бер, туа бер, айналайын. Кейін әжетіңе осы балалар жарайды» деп отыратын. Енеміз кең пейілді, өте ақылды кісі болды ғой. Маған «жарқырап киініп, қызықшылықтан қалмай жүр, күйеуің құрметке бөленіп жатса сен де бірдей еңбек етіп жүрсің» деп үнемі дем беріп отырушы еді» дейді Жүрсін әже.

Бүгінде 8 ұл мен 6 қыз Жүрсін әжемізді бағып-қағып отыр. 85 немере, 55 шөбере, былтыр алғаш рет шөпшек сүйген әже әрқайсысының қолынан май жалап, су ішіп отырғанына тәубе дейді.

– Патшамыздың арқасында жақсы өмір сүріп отырмыз ғой, қарақтарым. Жылда зейнетақымызға ақша қосылып жатыр. Биылдан бастап 93 мың теңге алатын болдым. Бейнеттің зейнетін көрген деген осы болар. Ләйім, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Бәріңе менің жасымды берсін, – деп батасын берді тоқсанның төріндегі әжеміз.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ. Шардара ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ