Әлеумет 0 пікір 0 лайк

«Жүрегі тыныш адам ғана ұзақ жасайды»

Наурыз 10 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

92 жастағы Төлепова Набира әже мектепте оқитын шөберелерінің әлі де сабағына қарасады. Тіпті, кейуана бүгінде мектеп бітіріп, жеке өмір жолын бастаған барлық немерелерін де өзі оқытқан. Әженің сауаттылығы, жадының мықтылығы әрі тектілігінен, әрі атқарған қызметіне де байланысты болуы мүмкін.

Тектілігінен дейтін себебіміз, кейіпкеріміздің бабасы заманында Қазалыда болыс болып тұрған. Ал, атасы қара қылды қақ жарған би болыпты. Әкесі де орысша сауатты, көзі ашық азамат екен. Бірақ, Кеңес өкіметінің қудалауына ұшырап, Өзбекстанның Термез қаласына отбасымен бірге ауа көшіпті. Сонда біраз уақыт тұрып, жауапты қызметтерге араласады. Кейін Ұлы Отан соғысы жылдарында өкіметтің жылымық мезгілін пайдаланып елге қайтып оралады. Әкесіне туған топырақ бұйырып тұр екен, арада көп жыл өтпей ол кісі дүние салады. Ақыры тектілік жайлы әңгіме қозғаған екенбіз, онда айта кетейік. Набира әженің атасы Қазалыдағы бүгінде тарихи ескерткіш саналатын ескі теміржол вокзалын салуға атсалысқан азаматтардың бірі болған. Сондай-ақ, нағашы атасы да аймағындағы ең бай көпестердің қатарына кірген. Саудамен елден шығандап, ту-у Ресейге дейін шарлап қайтады екен. Сол жақтан әкелген тігін машинасы көне жәдігер ретінде бүгінде әженің үйінде сақтаулы тұр. Ол күні кешеге дейін осы тігін машинасының пайдасын көрді.

Ал, қызметі туралы әңгімелесек, кейіпкеріміз ғұмыр бойы қаржы саласында еңбек етті. Бұл мамандық нақтылықты, дәлдікті, сананың сергектігін талап ететіні белгілі. Қызы Фариданың айтуынша, анасы көп жылдай облыстағы қаржы құрылымында қаржыгер болып жұмыс істеген.

№6 Шымкент қалалық ауруханасында және облыстық білім басқармасына қарасты базистік дүкенінде бас есепші болып қызмет атқарған. Құдай қосқан жары да білікті қаржыгер болған. Талай жыл қалалық ОБХСС – қазақша атауы кеңестік мүлікті талан-таражға салушылармен күрес бөлімін басқарған.

Кейуана өзінің ұзақ жасауының сырын жүрек тыныштығымен байланыстырады. Оның ойынша адам баласы көңілі ашық, пейілі таза болса, біреуге дұшпандық, қастық ойламаса, өсек айтпай, ғайбат сөз сөйлемей, күндестік танытпай, әрдайым кеткен қателіктерге кешіріммен қарай білсе және де жүрегінде ешқандай кек ұстамаса ғұмыры ұзақ болады. Сондай-ақ, кейіпкеріміз пенде асты адалдап жеп, тамағынан не өтіп жатқанына қарау керектігін айтады.

– Біз жұбайымыз екеуміз жақсы қызмет атқардық. Содан да болар, ешнәрседен тарықпадық. Тамақты талғап жейтінбіз. Тойып тамақтануды жастайымнан ұнатпайтынмын. Ағарғанды көп ішемін. Етті де күнделікті тағамнан үзбеуге тырысамын, – дейді Набира әже.

Сонымен бірге, кейіпкеріміздің пікірінше, адам ұзақ өмір сүруі үшін баршамызға белгілі қағида – көп қимылдауы керек екен. Әженің өзі зейнеткерлікке шыққан соң да үйінде қарап жатпаған. Бау-бақша егіп, гүл өсіріп, әлі келгенше үй шаруасымен айналысқан. Сондықтан болса керек, осынша жасқа келгенше бірде-бір дәрігерге қаралып көрмепті. Ең бастысы, кейуана бүгінгі тыныштық заманда ғұмыр кешіп жатқанына, Жаратқанның көрсеткен осы күніне тәубе деп отыр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ