Алмат НИЯЗОВА: «Ешқашан әкесiнiң атақ-даңқын бұлдаған емес»

Наурыз 10 / 2018

 

Қазақтың атын әлемге танытқан даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың келіні Алмат Ниязованы үйінен таптық. Кешегі кеңес дәуірінде екі отбасыға арнап салынған тип тік үлгідегі баспанада әйгілі балуанның ұлы Жанәбіл Қажымұқанұлы тұрды дегенге сенгіміз келмейтін сияқты. «Тапқан табысынан соғысқа ұшақ сыйлаған жомарт пейілді балуанның ұрпағына биліктегілер неге қамқорлық танытпады екен?» деген сұрақ көкейде кептеліп тұрып алды. Ұлы балуанның соңында отыз ұл қалған жоқ еді ғой...

 

– Алмат апай, Қажымұқан атамыздың көзі тірі келіні өзіңіз ғана екенсіз. Жанәбіл ағамен қалай таныстыңыздар? Әңгімені осыдан бастасақ.

– Өзім Целиноград (қазіргі Ақмола) облысының Талапкер ауылында дүниеге келгенмін. Анам мені 47 жасында босаныпты. Ол кісі он алты құрсақ көтергенімен, үш қыз, бір ұлын ғана қолына ұстаған. Өз әкем Дүбірбай төңірекке белгілі аңшы болған. Қабырғада самсап ілулі тұратын қасқыр, қоян, ондатр терілерін сатып, пұлдайтынымыз есімде. Қаз-үйрек пен ақ қоянның етін жеп өскендіктен болар, тауық етін ет демеуші едік. Тұңғыш қыздары Бәдіғұлдың жалғыз ұлы қайтыс болған соң, ата-анам мені әпкем мен жездеме бала етіп берген. Жездем Сейфолла Ниязовты туған әкемдей көріп, әпкемді мама деп кеттім. Ет комбинатының директоры қызметінде жүргенінде Сейфолла әкем майданға аттанады. Соғыстан аман-сау оралғанымен, ата-бабалары бай-болыс болған ол кісі «халық жауы» деген жаламен ұзақ жылдарға кесіліп кетеді. Тек 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін ақталып шығып, партиялық билетін қайтарып алады. Әкем ауылдық Кеңестің төрағасы, ал, анам Бәдіғұл балалар үйінің директоры болып жауапты қызметтер атқарды. Ауыл-аймақты былай қойғанда, ата-анам Ақмола өңіріне сыйлы кісілер болды.

Әкемнің дербес зейнеткер ретіндегі жеңілдігін пайдаланып, 1966 жылы Алматыдағы ЖенПИ-дің физика-математика факультетіне оқуға түстім. Отырарлық курстасым Дариғаға мектепте бірге оқыған достары жиі келіп тұратын. Қазақ дене тәрбиесі институтының студенті Жанәбілмен осылай таныстық. Көңіліміз жарасып, төртінші курста оқып жүргенімізде отбасын құрдық. Бір вагон болып улап-шулап барған студенттерді Айдархан аға (Жанәбілдің ағасы) вокзалдан күтіп алып, Темірландағы үйіне әкелді. Мінәйім апам басыма ақ шәлі жапты. Балуан атамыздың зиратына барып, Құран бағыштадық.

– Жанәбіл аға әкесі өмірден өткен соң дүниеге келген бе? Ол кісінің қызмет бабымен көтерілуіне әкесінің атақ-даңқы көмектесті ме?

– Осы жәйт көп жерде қате айтылып жүр. Ақиқатында балуан атамыз кенже ұлын көрген. Алты-жеті айлығында алдына алып отырып «Жанәбілім жолымды жалғастырады, күш-қайратым осыған берілген» дейді екен. Жолдасымның күш-қайраты мол болғанымен, жас кезінде байқаусызда балтамен шауып алған саусақтары қисық бітіп, жөндеп күресе алмаған. Атамыздың атқосшысы Мәмеш деген кісінің әйелі қайтыс болып, екі баласы жетім қалған екен. Талқаны таусылатынын сезген атамыз, Жанәбілмен жесір қалып бара жатқан Бибіжан апамыздың ертеңіне алаңдапты. «Мен өлген соң Мәмешке тұрмысқа шық. Ұлымды жетілдіресің әрі ана екі балаға бас-көз боласың» деп аманат етіпті. Бибіжан апамыз Мәмеш атадан Махабіл мен Құрманай атты екі перзент сүйді. Ал, Айдархан аға мен Жанәбіл екеуі екі жақта өсіпті.

1970 жылы институтты бітіріп келіп, екеуміз қазіргі Отырар ауданының Шәмші ауылындағы (ол кезде Қызылқұм ауданы, «Темір» кеңшары) орта мектепте бес жыл бала оқыттық. Үшінші баламды босанатын кезде дәрігерлер «нәрестенің салмағы тым үлкен, аудан орталығына барыңыз» деп жолдама берді. Бірақ, дәрігердің айтқанын орындай алмадым. Жанарым мен Бақытжаныма қарайтын адам болмай, ауылдағы перзентханада босандым. Дәрігерлер бекер қауіптенбеген екен. Алты келі салмақпен дүниеге келген алып нәресте төрт күн бойы шырқырап жатты да, ақыры үзіліп кетті. Ауылда Ақтолқын деген емші апа қазақша ем-дом жасамақ болғанында келіспегеніме кеш өкіндім. Целиноградта орыстардың арасында өсіп, қазақылыққа мойынсұнбағанның салдары ғой бәрі... Әйгілі композитор Шәмшінің әкесі Қалдаяқ атаның молдалығы болатын. Сол кісі Жанәбілге «нәрестеге көз тиген, бұл жерден ертерек қоныс аударғандарың жөн» деп ақыл айтыпты. Жазғы демалыста жолдасымды Шымкентке мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсына оқуға жіберді. ҚазХТИ-да қызмет істейтін досы Рақым оған облыстық білім бөлімінде мамандығы бойынша бос орын бар екенін айтыпты.

Облыстық білім басқармасының бастығы Жәкен Әмірәлин Ақмола жақтың адамы екенін білетінмін. Жолдасымды әрең дегенде көндіріп, қабылдауына кірдік. Сейфолла Ниязовтың қызы екенімді айтқанымда бірден таныды. Құжаттағы «Қажымұқанұлы» деген тегін көріп, «атақты балуанның ұлы емессің бе?» деді. Солай екенін білгенде орнынан ұшып тұрып қолын алып «Қажекеңнің ұлын жұмыссыз қоюға болмайды» деп, бірден қызметке қабылдады. Әйтсе де, баспана мәселесі шешіле қоймады. Бәдіғұл мамам «жас мамандарға неге баспана берілмейді?» деп облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Жұмабек Тәшеновке арнайы кіріп, жағдайымызды айтты. Пәтер мәселесі жақын арада шешілетінін білсе де ол кісі қалайда бізді Целиноградқа алып кетуге бекінді. Жанәбілді спорт мектебіне директор етіп қоятынын, автокөлік әперетінін айтты. Достары да Ақмолаға барып, жағдайымызды түзеп алғанымызды дұрыс көрген. Алайда, жолдасым бауырлары Махабіл мен Құрманайдың жайын ойлап, елде қалуды ұйғарды. Облыс басшылары уәделерінде тұрып, көп ұзамай төрт бөлмелі пәтер берді.

Жанәбіл ешқашан әкесінің атақ-даңқын бұлдаған емес. Қарапайым, қанағатшыл, салмақты, бауырмал, көпшіл болды. Жұрттың бәрін бірдей көрді. Өте намысқой еді. Облонода нұсқаушы болып қызмет істегенінде аудан-қалаларға іссапарға жиі шығатын. Ауылдың көнекөз қариялары балуанның ұлы деп төбелеріне көтеріп, қонақ етеді екен. Сондай қарттардың бірі «Қажекең біздің ауылға келгенінде бес қойдың басын мүжіген» деп мақтанса керек. Әлгі сөзге намыстанып, «әкем ешқашан тегін тамаққа телмірмеген. Дәм татқан үйінің қорасына астың ақысы деп бір-екі мал байлап кететін» депті. Мәмеш атамыз балуан атамыздың қонақ болған үйінің қорасына тапқан табысынан бір-екі қой қалдыратынын айтып отырады екен.

– Бақытжаныңыз композитор ретінде халыққа ерте-ақ танылды. Оның өнер жолын таңдауына кім себепші болған еді?

– Бақытжанды босанып, перзентханадан шыққан соң Төрткүлде тұратын Мінәйім апамның үйіне келдік. Айдархан аға қызулау екен. Інісінің ұлды болғанына қатты қуанды. «Бақытжан Байқадамов сияқты композитор болсын!» деп сәбидің аузына түкіргенде «микроб жұқтырды-ау» деп жақтырмадым. Әйтсе де, періштелер әумин десе керек, ағаның тілегі қабыл болып, ұлымыз мектепте жүргенінде-ақ ән айтып, өнерге бейім екені байқалды. Музыкадан оқытқан Александра Афанасьевна деген ұстазының ескертуіне қарамастан әкесі әскери училищеге түсірді. Алайда, Бақытжан оны оқымай қойды. Келесі жылы музыкалық училищеге түсті. «Азия даусы» халықаралық байқауында 3-орын иеленгенінде сыйлыққа алған автокөлігін әкесіне сыйлаған. Сол көлікті қоятын гараж табылмай, жер үйге ауысуға тура келді. Жақсы үй алуға қаржы аздық етіп, бір жағы ауласының кеңдігіне қызығып, көп қабатты үйдегі пәтерімізді екі отбасына арналған осы үйге айырбастадық. Өзі барда мал ұстап, бие сауып, қымыз баптаған едік. Ол кеткен соң соның бәрі жайына қалды. Айдархан ағамыз бірнеше рет некелі болған ғой. Жолдасым «ұлдарыма бауырлары Нұрлан мен Шаттықты таныстырамын» деп көк қошқар байлап жүр еді, ол күнге жете алмады. Елу үш жасында ана дүниеге асығып кете барды...

– Әйгілі балуанның көзі тірі келіні бар деп ойламаппыз. Неліктен көпшілікке көрінбейсіз?

– «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, жолдасым қарапайым болған соң, мен де соған ұқсап кеткенмін де. Бүгінде Темірландағы қарашаңырақта шырақшының ұлы Қуаныш отыр. Ол – Мінәйім апамыздың бұрынғы күйеуінен көрген ұлының перзенті. Сол «Қажымұқан атаның немересімін» деп алматылық журналистерге сұхбат бергенде таң қалдым. Атақты балуанның өз ұрпақтары тұрғанда орта жолдан киіп кеткеніне қапа болдым. Тілшілердің балуанның шын ұрпақтары кім екенін біліп алғандары жөн сияқты.

– Сонымен, қолыңыздағы, қарашаңырақтағы ұлыңыз қандай қызметте?

– Атамыздың дүниеге қызықпаған қасиеті ұлына да берілген. Жолдасымның жаназасында сол тұстағы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «бұл кісі өте кең, қанағатшыл болды, ешкімнен ештеңе дәметкен емес. Қажекеңнің атағын бұлдап, бізді бір рет те мазаламады» деді. Ол рас, ұл-қыздарымыз әке аманатына адалдық танытып, ешқашан ешкімнен ешнәрсе дәметпеді. Кенже ұлымыз Еркебұлан балетке қатысып, би өнеріне жақын болғанымен, ағасы Бақытжан «бір үйге бір әуейі жетеді» деп оның өнер жолына түсуіне рұқсат етпеді. Әкесінен 13 жасында қалған Еркебұланымды досымыз, кәсіпкер Серікжан Сейітжанов институтта оқытып, үйлену тойын да өзі жасап берді. Жұмысқа тұрғызды. Алайда, қазір мамандығы бойынша басқа жерде жұмыс істеп жүр. Аллаға сансыз шүкір, жақсы азаматпен тағдыр қостым. Сүйікті мамандығым бойынша еңбек етіп, зейнетке шықтым. Өмірге еш өкінішім жоқ.

– Тартымды сұхбатыңыз үшін рахмет, Алмат апай!

Сұхбаттасқан Үмітхан АЛТАЕВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ