Еңбегі ерен А. Рамазанов облысты тоғыз жылдай басқарды

Наурыз 10 / 2018

 

Аманолла Ғабдолқайұлы Рамазанов – әртүрлі қызмет сатыларында еңбек ете жүріп азаматтық борышын адал атқарып, қызыл империяның қилы кезеңдерінде өзінің абыройы мен адами келбетіне көлеңке түсірмей өткен ұлт зиялыларының бірі. Өткен ғасырдың 1970–1978 жылдары аралығында тоғыз жылдай Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды (Рас, алдында ол бір жылдай екінші хатшы ретінде өңір экономикасымен түгел танысып шығады). Мұнан кейін төрт жыл Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, Қазақ КСР Астық өнімдерін дайындау министрінің бірінші орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды. Мемлекет және қоғам қайраткері Аманолла Рамазанов еселі еңбегінің нәтижесінде екі рет Ленин, төрт рет «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, сондай-ақ, бірнеше медальмен марапатталды. Екі дүркін КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Егер оның көзі тірі болғанда биыл 90 жасқа келер еді...

 

Иә, адамның адамнан айырмашылығы, алған білімі мен жинақтаған тәжірибесі, атқарған ісімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда Аманолла ағамыздың өмірі өте мазмұнды өтті десек қателеспейміз. Оған абыройлы азаматтың өзі жазып, мұраға қалдырған «Аманат» атты ғұмырбаяндық хикаяты мен «Өмірі өнегелі парасатты тұлға» кітабы куә. Мұнда автор замандастары, үзеңгілес достары, қызметтестері, туыстары, тағы басқа көңілі жақын адамдары жайында тебірене жазады. Осы кітаптардың ішінде көпшілікке әлі беймәлім кейбір тарихи шындықтарды Аманолла Ғабдолқайұлының тікелей өзі бастан кешкен, көз алдынан өткізген өмір құбылыстарымен өрбіте баяндағанды жөн көрдік. Әбекең жайында жазылған естеліктерден үзінділер келтірдік. Сөйтіп, ол кісінің келбетін жаңа бір қырынан жаңғыртуға тырыстық. Бұл естеліктердің бәрінде ол бірге жұмыс істеген қызметтестері туралы тағлымды сыр шертеді. Өмір деректерінен ой түйеді, оқырманның көкірек көзін ашып, көңілдеріне сәуле түсіруге тырысады. Әрине, біз Аманолла ағаның Оңтүстік Қазақстан облысына ғана қатысты жәйттерін сөз етуге ұмтылдық. Арда азамат өзінің «Аманат» кітабындағы «Құтты қадам» тарауын Шымкентте өткізген жылдарына арнапты. Оңтүстікте қызмет атқарған жылдарын құтты қадамына балаған секілді. «Сөйтіп, жол түсіп, дәм-тұз айдап Шымкентте сегіз жылдан астам тұрақ тебуіме тура келді. Бұл үлкен облыс еді, – деп еске алады Аманолла аға.–Бір шеті Қаратауды, екінші шеті Алатауды алып жатқан облыс жері байтақ та бай, қазыналы да жазиралы болатын. Теріскейі Созақ ауданы арқылы сонау Сарыарқаға дейін созылып жатса, күнгейі Қазығұрт тауынан асып, туысқан өзбек, шығысы Алатау арқылы туысқан қырғыз елімен, батысы ақ маржанды Қызылорда облысымен шектесетін.

Осы себептен облыстың ауа райы әрқилы еді. Мәселен, Өзбекстанмен көршілес Мақтаарал, Киров, Жетісай аудандарының қысы көбіне көктемдегідей жаймашуақ, жұмсақ келсе, керісінше, Шаян мен Созақта ызғарлы, қыраулы келеді. Ал Түлкібас, Сайрам, Леңгір аймағы табиғатының тамашалығы сонша, бұл өңірді жұрт Швейцарияға теңейді.

Шымкент облысы – шежірелі өлке. Ол бұрынғы Яссы – қазіргі Түркістан, бұрынғы Исфаһан–қазіргі Сайрам шаһарларын басып өтетін ежелгі ірі-ірі керуен жолдары арқылы Орта Азия, Араб елдерімен байланыста болған. Бір ғана Қаратаудың өзі қаншама қазынасын, өткен ғасырлардың қатпар-қатпар сырларын бойында сақтап жатыр десеңізші?!. Халқымыз ертеде бастан кешкен небір қиын-қыстау, қатер-қауіпті кезеңдер осы ордалы тау сілемімен тығыз байланысты» деп тебіренеді.

Шымкент республикада Қарағандыдан кейінгі екінші өндірісті өңір саналатын. Кеңестік кезеңде облыстың категориясын өндірілген өнімнің көлемі бойынша белгілейтін. Осы талап тұрғысынан алғанда Одақ бойынша Шымкентке бірінші категория берілуінің өзі көп нәрсені аңғартатын. Мұнда 200-ден астам өнеркәсіп орны жұмыс істесе, үлкен 30 кәсіпорын тікелей Мәскеуге бағынатын. Атап айтқанда, кезінде атағы дүрілдеген қорғасын зауыты, Ащысай түсті металл комбинаты, фосфор тұздары, цемент, ұсталық-

пресс жабдықтарын шығару, шина жөндеу, химия-фармацевтика, Кентау трансформатор жасау және экскаватор зауыттары тоқтаусыз жұмыс істеп жатты. Мұнай айыру зауытының құрылысы енді қолға алынған еді. Әрине, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы өнеркәсіп саласының жұмысын үйлестіретін болғандықтан өңірдегі кәсіпорындарды тегіс аралап, зауыттар басшыларымен, бас инженерлерімен сөйлесіп, әрбір өндіріс орнының өзіне тән ерекшеліктері мен технологиялық үдерістерінің қыр-сырын ұғынуға ұмтылуы заңды. Өнеркәсіп саласының әліпбиіне қанығып қана қоймай, қай кәсіпорынның қандай көлемде нендей тауар шығарып жатқанын жатқа білетін жағдайға жетті. Оңтүстік Қазақстан өңірінде құрылыстың қарқынды жүріп жатқанына қайран қалатын. Мұндағы мамандандырылған 21 құрылыс тресінің 8-і тек жерді суландыру жұмысымен айналысатын. Сол тұста Шардара алқабын игерудің алғашқы кезеңі басталып, күріш өсіретін жаңа кеңшарлар құрылған еді. Аманолла Рамазанов сол кездегі Шымкент қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Жомарт Тыныбаевпен бірге қаланың тыныс-тіршілігіне қанықты. Алдын-ала айта кетейік, бертін келе материалдық-техникалық базасы мықты осындай мердігер құрылыс ұйымдарының белсенді көмегімен жүздеген жаңа өндірістік қуаттар мен мәдени-тұрмыстық нысандарды іске қосты.

Мәселен, 1971-1975 жылдар аралығында 41 500 орынды мектеп, 10 мың орынды балабақша мен бөбекжай, 1 150 орынды аурухана, 1 млн. 511 шаршы метрдей тұрғын үй пайдалануға берілді. 1976 жылы 321 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, мыңдаған отбасы жаңа пәтерлерге қоныс тепті. Жаңа үлгіде салынған «Қазақстан» кинотеатрының, Жұмат Шанин атындағы драма театрының, «Шымкент» қонақүйінің, 750 орынды Фосфоршылар мәдениет сарайының ғимараттары, 35 мың орынды стадионның облыс орталығы– шырайлы Шымкент қаласына көрік қоса түскені сөзсіз.

Өңірдің қым-қуыт тіршілігімен етене араласып кеткен А. Рамазановтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан жобалардың бірі Шымкент–Ташкент күре жолын салу жұмысы болды. Екі қаланың арасы 120 шақырымдай ғана болғандықтан автокөлік қатынасы жыл өткен сайын өсіп, машиналарды бір бағытпен ғана жүргізетін жолдың қажеттігі қатты сезіліп тұр еді. Аманолла ағамыздың Дінмұхаммед Қонаевпен өзара сыйластығы болғандықтан, ол кісінің Оңтүстік өңірге келген бір сапарында осы жолды көрсетіп, оның жайын айтады. «Өтініштерің орынды екен» деп дереу Министрлер Кеңесінің Төрағасы Бәйкен Әшімовке тапсырма бергізеді. Бұл жолдың құрылысына сол кездегі ақшамен 110 млн. сом бөлдірткен екен. Жол құрылысын жобалаудың өзіне 2-3 жыл өтсе де кейін пайдалануға беріліп, ел игілігін көреді.

А.Рамазанов облыс тізгінін ұстаған тұста, дәлірек айтқанда 1973 жылы Шымкент облысы мемлекетке 312 мың тонна «ақ алтын» тапсырғанда Л.И.Брежневтің өзі құттықтау жеделхатын жіберіп, өңір диқандарының еңбегін орынды бағалады. Ал, 1976 жылы бұл көрсеткішті 320 мың тоннаға жеткізеді. Бұл облыс тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік еді! Өңір бойынша 110-115 мың гектар мақта плантациясына барлығы 2500 комбайн шығарып, өнімнің 85 пайызын техниканың күшімен жинап алды. Бұл сол кезде «ақ алтын» өсіретін Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Әзірбайжан елдері арасындағы мақта терімін механикаландыру жөніндегі көрсеткіштердің ең жоғарысы болып еді. Осы жылы егіннен де мол өнім алып, мемлекет қоймасына 27 миллион пұттан астам астық, 3,5 миллион тонна күріш өткізілді. Көкөніс, картоп, қауын-қарбыз, жүзім, алма, жеміс-жидек, жібек пілләсін сату жөніндегі міндеттемелер де асыра орындалды.

Жоғарыда Аманолла ағаның Д.Қонаевпен тонның ішкі бауындай етене болғандығын айтып өттік. Телефон арқылы сөйлесу сәтінде немесе жүзбе-жүз кездесуде ол кісі қалжыңдап: «хал қалай, Аманолла хан?» дейді екен. Мұның ешқандай астары жоқ, үлкен кісінің жәй ғана ақжарқын әзілі екен. Өйткені, әкесі Ғабдолқайдың 1928 жылы Ауғанстанның ханы Аманолланың КСРО-ға ресми сапарымен келуіне орай ұлының есімін ырымдап «Аманолла» деп қойғанын Димекең өте жақсы біледі екен.

А.Рамазанов алғаш атқа мінгенде қызметін адал атқаруды, жұрттың алдында арын таза ұстауды мақсат етіп қояды. Сондықтан ұят, обал, борыш атты қастерлі үш қағиданы үйде де, түзде де жадында ұстады. Азды-көпті атақ-абыройға ие болуы, бәлкім осы бір қарапайым қағидаларды қатаң ұстана білуінің арқасы шығар.

Мақаланы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында ұзақ жылдар басшылық еткен республикаға танымал журналист Әмірсейіт Әлиевтің пікірімен түйіндеуді мақсат еттік. Ол өзінің «Көргендерімді айтайын» деген кітабында А.Рамазановқа бір тарауын арнапты. «Әдетте басшылардың түрлі-түрлі болатыны бар. Біреуі айтайын деген сөзіңді тыңдамай жатып-ақ алдыңды орағытып, бәрін өзі біліп, бәрін өзі шешеді. Оған керісінше, жұрттың ой-пікірін көп тыңдап, көп ойланатын, есіткенін, білгенін қайта-қайта саралап, шешім қабылдайтын басшылар да бар. Халық, әрине, соңғысын жақсы көреді. Аманолла Ғабдолқайұлы Рамазанов бізге соңғысына ұқсайтын, байсалды көрінетін.

Бұған дейін талай қызмет атқарып, ысылған басшы облыс активімен тіл табыса іс-қимыл жасай отырып, оның экономикасы мен мәдениетін дамытуға өзіндік үлес қосты. Ол қызмет еткен жылдардың соңына таман Шымкент облысы жеміс, жүзім, көкөніс өндіріп, мемлекетке тапсырудан республикада екінші, бақша дақылдарынан үшінші орынға шықты.

... Қалалар, әсіресе, Шымкент едәуір өсті. Облыс орталығында жаңадан үш аудан құрылып, басшылық жетілдіріле түсті. Өнеркәсіп пен құрылыс, шаруашылық озаттарынан 12 кісіге Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, көптеген адам басқа да Үкімет наградаларымен дәріптелді...» дейді Әмірсейіт аға.

Иә, сегіз жарым жылдан астам өңірімізді басқарып, соңынан лайықты қолтаңба мен ілкімді із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткерінің есімін ұлықтап, қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Ұлықпан БӘШЕНОВ, Шымкент қаласы Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ