Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Менің анам

Наурыз 10 / 2018

 

Ана мейірімі туралы тебіренбей айтатын жан жоқ шығар, сірә. Мен де көктемде дүниеге келіп, көктемде көз жұмған анам Айткүл Өмірзаққызын жыл сайын еске алып отырамын. Анам өз қызығын өзгелердің бақыты үшін құрбан етуге дайын жүретін аңғал да адал жан-тұғын.

 

Бар сауаты өз атын зорға жазуға ғана жеткенімен, имандылығы, адамгершілігі көп кісілерден ілгері еді. Кеңестік дəуірде де бес уақыт намазын (әкем де) қаза қылмаған. Намаз оқып жатқанда немерелері үстіне шығып, мойнына асылып ойнап жатса да «тəйт» деп ұрыспайтын. Ашуы келгенде маған «Басың көп болғыр», келініне «Байың келсін» деп ұрысатын.

Бірде əкемнің ағасының ұлы қазіргі Тараз, бұрынғы Жамбылдан (ол кезде біз үшін ұзақ жер) бір қызды алып қашып келді. Ауыл жастары той болады деп қуанып жүр.

Ал, келген қыз болса басына ақ жаулық салдырмай, «кетем» деп қиғылық салуда. Ауылдағы жеңге, əжелер болашақ келіннің алдына кіріп, өз ақыл-кеңестерін айтып жатыр. Бірақ, түсте келген болашақ келін түн жарымынан ауғанша көнбей қойды. Сол кезде ет асып, бауырсақ пісіріп қолы босамай жүрген анам келіп:

– Айналайын қарағым, бұл Арнасайға (Шардара ауданы) Жамбылыңның арғы жағындағы жердің түбі Тəшкеннен де келген келіндеріміз бар. Солар да көнді ғой, сен де көне салсайшы «байың келгір» дегенде үйдің ішіндегілер ду күліп, оларға қосылып, болашақ келін де күліп жіберген еді.

Аңғал анам-ай, сенің сол сөзің дер кезінде айтылғанын ауыл-аймақ түгел мойындап, көзің кеткенше айтып жүрді-ау. Бүгінгі таңда «көнбеген» сол келіннен бес перзент дүниеге келіп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, құда-құдандалы үлкен отбасыға айналған. Алыпты да, батырды да дүниеге әкелген ардақты аналарға қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Мереке құтты болсын, ардақты асыл әжелер, әпкелер мен жеңгелер, қызғалдақтай қарындастар!

Бөрібай ОРАЗЫМБЕТ, ақын, халықаралық «М.Шолохов», «Тоқтоғұл» медальдарының иегері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ