Руханият 0 пікір 0 лайк

«МАХАББАТТЫҢ КӨКТЕМІ ҒОЙ БҰЛ КӨКТЕМ...»

Наурыз 10 / 2018
 
 
Арайлым МҰРАТӘЛИЕВА:
 
Ай-зер
 
Терезе алдында тұр едім,
Сыр іздеп аспаннан.
Мен түннің көргім кеп жүрегін,
Түнекке аттанғам.
 
Кешіргім келмейді ерінді,
Жетім деп атаған.
Шертілмей жүрген көп шерімді
Мен емес жасаған.
 
Мен жалғыз емеспін, аяулым,
Менің де бар таңым.
Төрінде жүріп-ақ ояумын,
Таскөңіл ортаның.
 
«Ай – жалғыз» деп еді бір бойдақ,
Айнаға қарамай.
Сұлуын кешелі жүрді ойға ап,
Сүйкімсіз кәрі ағай.
 
Көзінен жас көрдім соқырдың,
Төгілген санама.
Қаламды жылатып отырмын,
Хат жазып анама.
 
Куә оған дәптердің парағы,
Куә оған Ай керім.
Жүрегім дүрсілдеп барады,
Көнемін, қайтемін?!
 
Секундтар селк ете қалғанда,
Өлеңге айналам.
Мен жалғыз емеспін жалғанда,
Қарап тұр Ай маған.
 
* * *
Бұл көктем...
Тырналардың тырауында құр кеткен,
Көбелектің көктемі емес бұл көктем.
Көгершіннің көңілімен дос қылған,
Секундтарға көз тастадым құрметпен.
 
Мына қала, мына шамдар,
Мына түн,
Ұйықтатпауға шығарған-ау, сірә, үкім.
Мендік сырға қанық еді олар да,
Мендік мұңға ғашық әлі бір ақын.
 
Бір бейбақтың ала беріп мазасын,
Бір тынбайды, сыртылдайды сағатым.
Батырхан да айтып еді наласын –
«Бақытсыздың – бәрі ақын».
 
Балалықтың маңдайында кекілді,
Қатесі бар сөйлемдер бар не түрлі.
Жылғасынан жол таба алмай жыраққа,
Бұлақтар да жылап жатқан секілді.
 
Ақындарға қарамайтын құрметпен,
Ақылсыздың көктемі емес бұл көктем.
Бақытсыздың барлығын да кешірдім,
Бақшасында аша алмаған бүр көптен.
Махаббаттың көктемі ғой бұл көктем...
 
 
Құрбанкүл АҒАБЕК:
 
Әке-шешем түсіме жиі енеді
 
Бір-бірінің боп жүрген сүйенері,
Әке-шешем түсіме жиі енеді.
Анам жиып жүр құртын қалтасына,
Әкем жиі ренжиді балтасына.
 
Анам ылғи жүреді отбасында,
Ал, әкемнің балтасын тот басуда.
Ана десең аңсаймын ошақ исін,
Ал, әкеңе өссең де сол сәбисің...
 
Түнде олар түсіме бір кіреді:
Жиі әкемнің ауырып жүр жүрегі.
Анамның да уайымы сол білемін,
Тоқып әлі біткен жоқ қол кілемін.
 
Анам айтып білдірді сағынышын:
«Намысыңды таптатпа бағың үшін».
Ал, әкешім шығармай бір сыбысын,
Жымиыспен жасырды күрсінісін.
 
Түс болса да күш-жігер алып тұрам,
Білмеймін, қайтсем түнді жарық қылам?!
Маған сеніп жүр олар білемін мен,
Мен де оларды сүйемін жүрегіммен!
 
Бір-бірінің боп жүрген сүйенері,
Әке-шешем түсіме жиі енеді.
Анам жиып жүр құртын қалтасына,
Әкем жиі ренжиді балтасына.
Ол мені сағынады...
 
Жылытар жалын еді мұз денені,
Ол мені сағынбады, іздемеді...
Бірігіп бақыт құшып, бақ қазбады,
Ол сәлем жолдамады, хат жазбады.
Шырқалмай қалды жүрек арман әні,
Ол маған қоңырау да шалмады әлі...
Өткенді ойламады, жат көрінді,
Елемей еркелейтін сәттерімді...
Ұқпады шын бақыттың жететінін,
Ұмытты бала болып кететінін...
Мен оны бұрынғыдан күттім ерек,
Аңсарым ол сезгеннен тіпті бөлек.
Мен одан басқа бақыт таба алмаймын,
Мен онсыз биікке өрлеп, жана алмаймын.
Ол мені сағынады білемін мен,
Себебі шын сүйемін жүрегіммен!
Қорықпай қасына ұшып жетсем деймін,
...Тек...
Тек, сенбеймін!
 
 
 
Нұрсәуле ТОЛҚЫНҚЫЗЫ:
 
Үміт
 
Болашаққа бұра берем ат басын,
Ауық-ауық ертеңіме алаң боп.
Оқып тұрмын тағдырымның тақтасын,
Сенің атың ұшырасып қалар деп...
 
«Не күтеді? Кім боламыз кейін біз?!»
Сан сұраққа жауап іздеп түсімде.
Туғанымнан өлгеніме дейінгі із,
Сайрап жатты жанарымның ішінде.
 
Ары қарай оқи бердім дамылсыз,
Пешенемнен кездеспеді есімің.
Мен отырмын тұнжыраумен тағы үнсіз,
Түкке алғысыз жүректегі шешімім.
 
Содан кейін өзегімді өрт шалып,
Тағы оқыдым. Менікі құр үміт қой.
Әлемдегі ең тамаша бес әріп,
Сонда-дағы қойды көзге ілікпей.
 
Түгел оқып тағдырымның тақтасын,
Дөңбекшідім түні бойы түске елтіп.
Құдайымның қақсам ба екен қақпасын,
Сені ұмытып кеткендігін ескертіп...
 
Сағыныш рең сары күз
 
Кездер-ай, кейін қадірі кетер,
Салқын бір сезім боп сыңар.
Күндерге шүкір сағынып өтер,
Кездесу, бәлкім, көп шығар.
Пәкиза күннен ту алғанда елес,
Тағдырдың жолы лайсаң.
Пенделік пе екен, қуанғанда емес,
Түсесіз еске мұңайсам.
Қайғыны лақтыр, қара түндерге
Қасіретіңді қан құсқан.
Таусылып барады тағатым неге,
Тәкаппар таңды аңдысқан.
Салқыны түскен ақымағыңды-ай,
Сағыныш рең сары күз.
Қайыңның анау жапырағындай,
Сарғайып жүрміз әлі біз.
 
 
Ақбота БЕЙБІТБЕК:
 
Көңіл күйсандығы
 
Жетеді уақытыңды қисаң бүгін,
Таң қалма, шабытымның жисам гүлін.
Сезімнің пернелерін басып тұрып,
Шертемін көңілімнің күйсандығын.
 
Сезімімді жырларыммен кестелеп,
Назар салып оңашалау кеште деп.
Ғашықтықтың ғазалдарын қалдырдым,
Бал мұңдардан тұнып қалған дестелеп.
 
Сынадың ба сыны аздай тірліктің,
Келмеп еді мұны айтып дүрліккім.
Болады екен біз күтпеген жайттар,
Жұмыр жерде жұмыр басым сүрліктім.
 
Жайнадым жаздай, күздей тұйықталдым,
Ұнаттым, ғашық болдым, сүйіп қалдым.
Сол сұрапыл сезімді бастан кешіп,
Өзгерді өздігінен тұйық қалпым.
 
 
Біздің үйдің шамшырағы
 
Әр ісін шешер баппен, сабырменен,
Болмысын бірқалыпты тәуір көрем.
Жаныма жалау болып жүретұғын,
Болғаны қандай жақсы бауыр деген.
 
Әпкелеп еркелейтін балаша бір,
Жүзінен төгілетін қараса нұр.
Туған соң бір анадан, бір әкеден,
Бауырмен емен-жарқын санаса жүр.
 
Жөнсізге жуыспайтын өсек дейтін,
Жоғалмай бойжете бер кесек кейпің.
Қабағымнан түсініп қалауымды,
Айтылған сөздерімді еш етпейтін.
 
Жанымның шуақ шашар таң шуағы,
Сен жайлы қалай сөзім таусылады?!
Аман жүр бағымызға, алып жүрек
біздің үйдің кішкентай шамшырағы.
Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ