Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Әйел жаққан шырақ сөнбесін!

Наурыз 10 / 2018

 

«Дүниенің тұтқасы – еркекте, кілті – әйелде, сыры – данада, қызығы – балада» деген керемет тәмсіл бар. Бүгінгі біздің Отанымыздың кілті – әйелдеріміз, асыл аналарымыз. Олар туралы қаншама жыр арнап, жүрекжарды тілегімізді айтсақ та артық болмайды. Көктемнің жаймашуақ күндеріндей көңілдері, жер-ананың бусанғанындай мейірімге толы жүректері бар аналардың құшағы қашанда ыстық. Шаңырағының шаттығын, отбасының жылуын, отағасының абыройын, ұрпағының амандығын тілеген қазақ әйелдерінің мерейі үстем.

 

Өткен ғасырларда өмір сүрген Тұмар, Ақжүніс, Нүрилә, Қарашаш секілді сүйегі асыл апаларымыздың салған сара жолымен бүгінгі аналарымыз жүріп келеді. Олардың өнегесі мен тәрбиесін бойларына сіңіріп, ер-азаматын құрметтеп, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеп жүрген әйелдерімізге, аналарымызға айтар алғысымыз шексіз. Елбасының «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей, еліміз толық түзелмейді» деген сөзінің жаны бар. Әйелдің жағдайын жасап, ұрпақ тәрбиесінде көмектесіп, сан тарау тіршілігіне тіреу болу еркектің, яғни, біздің – басты міндетіміз. Ұл-қызды дүниеге әкеліп, оны өсіруді ғана мақсат тұтпай, еліміздің өркендеуіне, дамуына үлес қосып жүрген нәзікжандыларға құрметіміз шексіз. Құрметті аналар, жеңгелер, қарындастар, келіндер, сіздер қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау жолында шешуші рөл атқарып жүрсіздер. Ендеше, өмір Сіздер жаққан шырақты ешқашан сөндірмесін!

Сұлу да сүйкімді, асыл да аяулы арулар мен аналар! Сіздерді көктемнің айтулы 8 Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әр күн Сіздерге сезімнің жылуын, қуанышын, бақыты мен махаббатын сыйласын! Отбасыларыңыз бен өздеріңізге амандық, дендеріңізге саулық, ұзақ әрі шаттыққа толы ғұмыр, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін! Әманда аман болыңыздар!

Аппаз ДОСҚАРАЕВ, ҰОС қатысушыларына теңестірілген тыл және еңбек ардагері, Арыс қаласының құрметті азаматы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ