Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Сіз бесік жырын айтасыз ба?

Наурыз 10 / 2018

 

Дүниеге келген сәбиін бесікке бөлеп, әлдилеп тербету – әйел затының арманы. Даналыққа тұнып тұрған бесік жырында ананың перзентіне деген шексіз махаббаты, ізгі ойы, арман-тілегі жатыр. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетіліп, тілі де ерте шығады. Бөбегін мейірлене емізген, әлдилеп бесік тербеткен анадан асқан сұлу әйел жоқ шығар, әлемде!

Сонымен, әйелдер күні мерекесі қарсаңында біраз қыз-келіншекке «Сіз бесік жырын айтасыз ба?» деген сауал тастадық.

 

Гүлбала Қоштаева, ұстаз:

– Өзіміз кішкентай кезімізде теледидардан Мәдина Ералиеваның «Балбөбек» әнін тыңдап, ұйқыға кететінбіз. Құлағымызға сіңіп, әбден жатталып қалғандықтан бес балама да бесік жырын айтып өсірдім. Оның үстіне, өзім қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болған соң бесік жырының бірнеше нұсқасын жаттап алғанмын. Халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, қазақы мінезіміз бен болмысымызды жоғалтпау үшін барлық аналар бесік жырын сәбиінің бойына сіңіріп өсіруі керек. Ұлттық тәрбиемен сусындаған бөбек қана ата-баба жолын жалғастыратын ұрпақ болары хақ.

Кәмила Рузикулова, үй шаруасындағы әйел:

– Сөздің шыны керек, өз басым балаларыма бесік жырын айтпайды екенмін. Оның орнына бүгінгі эстрадалық әндерді орындап, ұйықтатамын. Ағылшын, орыс, қазақ тілін жетік білгендіктен заманның ағымына сай өлеңдерді бесік тербетіп отырып айтамын. Болашақта ұл-қыздарым есейіп, өскен соң өздері-ақ кітаптан оқып, жаттап алады деп ойлаймын.

Ақмарал Мырзабекова, көпбалалы ана:

– Енем әлі күнге дейін немерелерін бесік жырын айтып уатады. Күндікке сол әуенді ести беріп, отбасымызбен жаттап алдық десек те болады. Бесік жырының сандаған нұсқасы бар екенін ең алғаш енемнен естіп, таң қалдым. Мектептегі жұмыстан, үйдегі шаруалардан қолым босамайды. Қазір айтпасақ та, келешекте немерелеріме бесік жырын мен де айтатыныма сенімдімін.

Тұрғанкүл Сейдалиева, «Алтын алқа» иегері:

– Бесік жырының сәбидің тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыратыны шындық. Алла берген сегіз ұл-қызымды аялап оятып, әлдилеп ұйықтаттым. Бүгінде олардың барлығы өсіп, отбасылы болды. Шаңырақта көргенін олар өз отбасыларында жалғастырып отыр десем артық айтқандық емес. Өзі студент болса да немерем ұлына – менің шөбереме бесік жырын айтып отырғанын көріп, «шүкір» дедім.

Сауалнаманы жүргізген Альвира ЖАХИЯҚЫЗЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ