Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Әлемдері әртүрлі, әдеміліктері бірдей

Наурыз 10 / 2018

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Бүгінде білім беру саласы мен қыз-келіншектерді бөліп қарастыру мүмкін емес. Мектептерді әйел мұғалімдерсіз көзге елестете алмайсыз. Біз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында облыстағы аудандық, қалалық білім бөлімдерін басқарып отырған қыз-келіншектермен кездесіп, оларды сөзге тартқан едік.

 

Іскер әйелдер төңірегінде әңгіме қозғалса ауызға алдымен Ақбала Аманбайқызының есімі түседі. Бәйдібек аудандық мәслихатының екі шақырылымына депутат болып сайланды.

Ақбала Құлымбет Бәйдібек ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектебіне, Шаян көпсалалы лицейіне басшылық етті. 2016 жылдан бері Бәйдібек аудандық білім бөлімін басқарып келеді. Қол астындағы әрбір қызметкердің ішкі дүниесіне үңіліп, салмақты әрі сабырлы қалпымен өзгелерге үлгі бола білді. «Басшы болу – өнердің төресі» деп білетін ол басшылықты мансап емес, қастерлі міндет, атақ емес, халыққа қызмет деп санайды.

Оразкүл Қолдасова 2015 жылдан бері Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы болып қызмет атқарып келеді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз басшылыққа дейін барлық сатыдан өткен. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы медалімен, «ҚР білім беру үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

Педагогика ғылымдарының кандидаты. Phd – педагогика саласындағы философия докторы. Педагогика және психология саласының философия гранд докторы. Педагогика және психология саласының толық профессоры. Еңбек жолында жеткен жетістіктерінің өзі бір төбе. Жастарды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, ғылымға жетелейтін еңбектері арқылы жұртшылықтың жоғары бағасына ие болған жан.

Ақшагүл Бердалиева білім саласында 30 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жастайынан есепке жүйрік ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ зеректігімен ерекшеленіпті.

– Мектеп табалдырығын аттаған сәттен-ақ кеудеме «өскенде мұғалім болсам...» деген арман ұялады. Ұстазға деген құрмет күн өткен сайын жоғарылай түсті, – дейді Ақшагүл Махамбетәліқызы бізбен әңгімесінде.

Ол 2013 жылдан бері Шардара аудандық білім бөлімі басшысы қызметінде.

– «Адам тәуекелшіл болса, алынбайтын қамал болмайды». Әкемнің осы сөзін өмірлік мұратыма айналдырдым. Әрине, әр әйел – бір әлем. Осы бір күрделі болмыс иесі мынау жарық дүниеде бар бақытын отбасынан, азаматы мен балаларынан табады. Анасыз отбасының, қала берді мемлекеттің келешегін елестету мүмкін емес деп ойлаймын, – дейді біздің кейіпкер.

Роза Аманова өткен жылдың қазан айынан бері Төлеби аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы қызметінде. Алғашқы еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол 2011 жылы Төлеби аудандық білім бөлімінде әдіскер, одан кейін 2014 жылы аталған бөлімнің кадр жөніндегі бас маманы болған.

– Әйел мен ер азамат отбасының ғана емес, қоғамның да қос қанаты. Заманның талабына сай әйелдер қауымы өмірдің әр саласында белсенділік танытып, мехнаты мол жұмыстың ауыртпалығына мойымай, түрлі қызмет атқарып келе жатыр. Бірақ, басшы екенмін деп отбасын екінші орынға ысырып қоюға тағы болмайды. Үйдегі азаматымның көңіліне кірбің түсірмей, балаларымның тәрбиесімен айналысуға да уақыт табамын. Үлкеннің алдында келін әдебін сақтап, қонақжайлылық пейілімізді танытып жатамыз. Ал, қызметте мейлінше мейірімді, адал, абыройлы басшы болуға тырысамын, – дейді Роза Аманова.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ