Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Зерделі ұландар мектебі

Наурыз 10 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі жуырда 5 жылдық мерейтойларын атап өтті.

 

Конкурстық негізде өз мамандығының шеберлері, білікті педагогикалық кадрлар іріктеліп алынған мектепке, сонымен қатар химия, биология, математика, физика, инфор­матика, өнер, жаһандық даму және ізденістер, ағылшын тілі пәндері бойынша 11 жетекші шетелдік маман шақырылған еді. Алғашында білім ұясында 43 ұстаз еңбек етсе, бүгінде олардың саны 135-ке жеткен.

Осы күнге дейін мектепке қабылдану үшін 6500 оқушы конкурсқа қатысса, оның 700-і іріктеуден өтіп, білім алып жүр. Бес жылда мектептен қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба сайысының 705 жеңімпазы шыққан.

Атаулы датаға орай мектеп ұжымын Шым­кент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай құттықтап, білім ұясының басшысы Балқан Қасымовты «Шымкент қаласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін» төсбелгісімен марапаттады.

– Былтыр мектебіміз аккредитациядан өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарап­шылар мектеп жұмысының халықаралық талапқа сай екендігіне көз жеткізіп кетті. Мұның барлығы ұстаздардың, ұжымның және ата-аналардың арқасы деп ойлаймын. Алдағы уақытта мектеп жетістіктері бұдан да еселене бермек. Тағы бір деректерді келтіре кетейін. Осынау бес жыл ішінде 31 ұстаз шаңырақ көтерген, 96 сәби жарық дүние есігін ашқан, 49 қызметкеріміз пәтер алды, – деді өз кезегінде сөз алған Балқан Маратұлы. Ол, сондай-ақ, мектептің 5 жылдық мерекесі қарсаңында жас ұрпаққа сапалы білім, салауатты тәрбие беру жолындағы қажырлы еңбектері үшін үздік мұғалімдерді Алғыс хатпен марапаттады.

Іс-шара соңы өнерпаз оқушылардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ