Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Адамдардың денсаулығы төрт түліктің амандығына тәуелді

Наурыз 06 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі республикалық ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдулданов өңірімізге іссапармен келді. Ол облыста ветеринарлық іс-шаралардың атқарылу барысымен танысты. Комитет төрағасы Сайрам ауданы Манкент ауыл округіндегі «Ет агро Манкент» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде болып, ветеринарлық шаралардың орындалу барысын көзімен көрді.

 

Мұнан соң Қарасу ауыл округіндегі мал дәрігерлік бөлімшесіне ат басын бұрып, мұнда да ветеринарлық жұмыстардың жай-жапсарына қанықты.

– Төрт түлік малды ветеринарлық тексеру, вакцина егу шаралары ерте көк­темнен басталып, жыл аяғына дейін жүргізіледі. Оңтүстік Қазақстан облысында бұл жұмыстарды атқаратын 15 ветстанса мен 195 ветпункт бар. Онда 1761 маман жұмыс істейді. Халықаралық эпизоотиялық бюро талабы бойынша республика­дағы 5 өңір аусылдан таза, бірақ вакцина егілетін аймақтардың қатарына кіреді. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы да бар. Бүгінгі таңда түрлі мал ауруларына қарсы егілетін вакцина мемлекет есебінен тегін салынады. Еліміздің «Ветеринария туралы» заңына сәйкес үйінде мал ұстайтын әрбір азамат төрт түлігіне вакцина ектіруге міндетті. Егер бұл талапты орындамайтын болса, алдымен ескерту беріледі, содан соң әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес 50 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Сондықтан да тұрғындарды дер кезінде қорасындағы малына вакцина салдырып, басқа да ветеринарлық шараларға атсалысуға шақырамын. Өйткені, төрт түлік мал аман болса, адамдардың да денсаулығына қауіп төнбейді, – деді Тұрсын Аймұхамедұлы.

Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария саласындағы жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Базарбек Омаровтың айтуынша, осы жылдың ақпан айынан бастап өңірдің барлық ауыл округінде 14 мал ауруына қарсы қан сынамаларын алу жұмыстары басталды. Сонымен қатар ит-мысықтарға эхинококқа қарсы таблеткалар берілуде. Эпизоотиялық аурулармен күрес шараларын ұйымдастыруға жергілікті бюджет арқылы 2 млрд. 315 млн. теңге қарастырылған. 2003 жылдан бері облыста бірде-бір аса жұқпалы мал аурулары тіркелмеген.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ