Шәмші аға Жетісайға келгенде...

Наурыз 06 / 2018

 

Жетісай қаласында тұратын зейнеткер, еңбек ардагері, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Майра Ағабаева апайдың айтуынша, қазақтың ән өнерінің жарық жұлдызы, талантты композитор Шәмші Қалдаяқов ағамыз «ақ алтынды» өңірге шығармашылық сапармен жиі келеді екен. Ол кісінің әр сапары жетісайлықтарға ұмытылмас әсер сыйлайтын. Сол сапарлардың бірі Майра апайдың әлі бүгінгідей көз алдында.

 

– Ол кезде мен Жетісай мәдени-ағарту училищесінде директор едім. Ш.Қалдаяқовтың есімін Мырзашөлдегі училищеге беруді сұрап, шапқылап жүрген кезіміз. Шәмші аға бұл ісімізден бейхабар болатын. Училищенің акт залында өткен кездесу кешінде өте көңілді отырды. Студенттермен емен-жарқын жүздесіп, жылы шырай танытты. Олардың әрбір сұрағына ынты-шынтысымен жауап берді. Сахнада тұрған фортепианоға отырып, өзінің бір-екі әнін орындап берді. Cол жылы Шәмші ағаның өне бойынан ерекше бір жылылық пен ықыласты сезіндік. Қоштасар кезде менің жұмыс кабинетіме келіп, «Қарындасым Майра! Шалғайда жатқан Жетісайда осыншалықты өнерлі жастар бар деп ойламаппын. Шәкірттерің өнер шыңына самғай берсін!» деп ізгі лебізін білдірді. Сол кезде біздің училищеде оқытушы болып қызмет істейтін күйші-сазгер Бөрі Исамен танысып, күйлерін ықыласпен тыңдады. Сол жерде маған «Менің Қазақстаным» деген әндер жинағына қолтаңбасын жазып сыйға тартып еді, – дейді Майра Ағабаева.

Ал, мына суретті сол кезде тележурналист, марқұм Тұрсынхан Саржанов түсірген екен. Шәмші аға кездесу кеші жайында әсерлі әңгіме айтып отырғанда қашан да қағылез жүретін Тұрсекең марқұм фотоаппаратын «оқтай» қойған. Шәкеңнің өзі суретке түскенін аңдамай да қалыпты. Есесіне өте сәтті шыққан. Бұл суреттің осындай тарихы бар...

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы.

Суретте (солдан оңға қарай): Майра АғАбаева, Шәмші Қалдаяқов, Жетісай аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Бейсенбек Дүйсеев, күйші-композитор Бөрі Иса.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ