ХХІ ғасыр меценаты

Наурыз 06 / 2018

 

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

«Отырар» облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, құрметті судья, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев бұрышының ашылу рәсімі болды. Алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихат депутаты Әбілқасым Досболов ақжарма тілегін айтып, туған өңірін жандандыру жолында ерекше азаматтық танытып жүрген Тұрғараевтай қайраткерге алғыс білдірді.

 

– Кітапхана ұжымы үш ай бойы «Бекет Тұрғараев әлемі» бұрышын ашу үшін тынымсыз еңбек етті. Соған қарамастан Бекет ағаның шығармашылығымен түгел танысып үлгердік деп айта алмаймын. Бекет Тұрғараевтың әлемін тыңғылықты зерттеу керек екен, – деген облыстық «Отырар» кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова кеш тізгінін «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, талантты ақын Темірғали Көпбаевқа табыстады.

Кездесу барысында қазақ руханиятының білгірі, академик Мекемтас Мырзахметұлы мен ақын Нармахан Бегалыұлы қайраткердің атқарған жұмыстарын өскелең ұрпаққа үлгі етсе, публицист-жазушы Әшірбек Амангелді мен облыс журналистерінің атасы Байдулла Қонысбек Бекет Тұрғараұлының қазақ зиялыларының ізін басып мектеп ашып, жазушы Әзілхан Нұршайықов пен Әбіш Кекілбаевтың, ақын Қадыр Мырза Әлінің көп томдықтарын шығарып бергенін әңгімелеріне арқау етті. Өте мазмұнды өткен кеште меценат-қаламгерге сұрақ қойсам дегендер көп болды. Әсіресе, ұлттық құндылықтарымыз бен заң саласына қатысты сұрақ қоюшылардың қатары қалың еді...

Қазығұрт ауданының тумасы Бекет Тұрғараевтың ел руханиятына сіңірген еңбегі орасан. Қазір Тұрғараевтың даңқына қанық жұрт бейресми түрде ол кісіні «ХХІ ғасырдың меценаты» деп атайды. Айтса айтатындарындай бар. Әсіресе, Тұрғараевтың өзінің туған өңіріндегі Талдыбұлақ елді мекеніндегі бастауыш мектепті қайта салдырып, тоғызжылдық мектепке айналдыруы, Шарапхана ауылынан жастар саябағының ашылуының басы-қасында жүруі, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай туған жерінен «Бабалар рухына тағзым» кешенін ашып, қан майданнан қайтпай қалған 384 боздақ пен 20 тыл ардагерінің есімін алтын әріптермен ойдырып жаздыруы, Орбұлақ шайқасының 375 жылдық мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Панфилов ауданында Салқам Жәңгір хан мен оның 56 сарбазы жерленген орынды қоршатып, ханға лайық ескерткіш белгі қойдыруы, Қожаберген жырау мен Шал ақынның туған жерлеріне кеуде мүсіндерін орнатуы, «Оңтүстік Қазақстан» және «Қазығұрт» энциклопедияларының жарық көруіне демеушілік танытуы қаражатты ғана емес, адамнан үлкен рухани ерлікті, қажымас ерік-жігерді қажет етсе керек. Сол ерік-жігер, сол ерлік Б.Тұрғараевтың бойынан табылды. Бір сөзбен айтқанда, ұлы тұлғаларды ұлықтаудың үлгісін көрсетіп жүрген азаматтың атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Қайраткердің өзі мұндай жұмыстарды атқару үшін бай болудың міндетті емес екенін айтады.

– Қазақтың ұланғайыр даласын қорғаған батыр бабалардың арқасында бүгінгі бейбіт өмірге жеттік. Олар Отаны мен бүгінгі ұрпақ үшін жанын бергенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан бәрін өкіметке итеріп қойып, қарап отыруға болмайды. Елге, жерге деген сүйіспеншілігіңнің бары рас болса, сол елге бойыңдағыны, қолыңдағыны сарқып беруге тиіссің. Құдай санаңды сау қылып жаратқаннан кейін ұлтты сүю, ұлтқа қызмет ету – перзенттік парыз. Ата-аналарымыз бізді жастайымыздан ақша табуға емес, алғыс табуға тәрбиеледі. Сондықтан болар, біреуге жақсылық жасағым келіп тұрады. Сол адам қуанса, батасын беріп, алғысын айтса мен содан рахаттанамын. Бүгін елің үшін еңбек етсең, демек, сен үшін өлгеннен кейін де өмір бар, – деп сөзін түйіндеді қайраткер.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ