Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Ана орнына ана болғандар...

Наурыз 05 / 2018

 

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерді ана махаббатына бөлеген жандар арамызда баршылық. Мереке қарсаңында солардың бірқатарын әңгімеге тартқан едік.

 

«Сізді қолыма аламын...»

Оған Равиль есімді ұлы қоңырау шалғанда үнемі осылай дейді екен. Ана жүрегі балаларын бір-бірінен бөліп-жармайды. Дегенмен, осы бір жылы сөз оның болашаққа деген сенімін күшейте түсетіндей болады. Равиль қазір АҚШ-та жұмыс істеп жатыр. Әрі шет тілдерін үйренуге арналған оқу курстарынан өтуде. Соны аяқтап, күзде келеді екен. «Зейнеткерлікке шыққанымда немерелерімді бағып-қағып, үбірлі-шүбірлі болып отырсам деп армандаймын» дейді Жанат апай.

Жанат Ешентаева Сайрам ауданы Қасымбек датқа ауылында орналасқан «Бауыржан» балалар үйінде 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Шапағат» тобындағы он баланың анасы. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын «Бөбек» қайырымдылық қорының президенті Сара Алпысқызының бастамасымен еліміздегі балалар үйлері отбасылық жүйеге көшіріле бастады. Сол уақыттарда Жанат апай жұмыс істейтін балалар үйі бұл жаңа жобаны алғашқылардың бірі болып жүзеге асырған еді.

Жанат апай тәрбиелеген балалардың алды бүгінде үйленіп, балалы-шағалы. Ол ата-анасының қамқорлығынсыз қалған екі ұлды ұяға қондырып, бес қызды тұрмысқа бергенін мақтаныш етеді. Қазақ халқына тән сырға салу және құда күту секілді сал-дәстүрлердің барлығын дерлік орындаған.

– Балаларым, келіндерім, қыздарым мен күйеу балаларым көбіне мерекелерде іздеп келіп тұрады. Аядай ғана үйіміздің іші жанға толып, балалар бауырларын көріп мәз-мейрам болып жатамыз. Отбасымыздың осылайша үлкен қарашаңыраққа айналып бара жатқаны мені шексіз қуантады. «Жетімдер үйі» деген аты болмаса біз бір жанұядан, әулеттен кем емеспіз, – дейді кейіпкеріміз.

«Аналарыңды іздеңдер...»

Гүлнәр Есқараева «Бауыржан» балалар үйінде 2009 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде ол «Балдәурен» тобындағы 9 баланың анасы. 6 ұл мен 3 қызды тәрбиелеп отыр. Балапандарының үлкені 11-сыныпта, кенжесі 1-сыныпта оқиды.

Әрине, балалардың бір-бірімен тіл табысып кетуі оңай емес. Гүлнәр апай олардың арасында қандайда бір кикілжің туа қалса, әрқайсысымен жақын сөйлесіп, болашақта бір-біріне демеу болар, бауыр, аға-іні екендіктерін түсіндіреді. Кешқұрым сабақтан келгенде барлығы бірге дастарқан басына жиналып, ас ішеді. Айта кетейік, Гүлнәр апай бүгінге дейін 15 жасты қанаттандырып ұшырған.

– Олар кәмелеттік жасқа толып, балалар үйінен кетерде мені қимай «Мама, біз кетіп барамыз. Ал, сіз осында қала бересіз бе» – дейді. Ертеңіме алаңдайды. Қазақта «жеті атасын білмеген жетесіз» деген сөз бар. Сондықтан, балапандарыма «Аналарыңды, бауырларыңды іздеп табыңдар... Туған-туысқандарыңмен жақын қарым-қатынаста болыңдар. Аналарыңды өкпелетпеңдер, бұл сендердің және олардың маңдайына жазылған тағдыры» деймін, – дейді Гүлнәр апай.

Сөз соңында айта кетейік, отбасылық жүйеге өткен балалар үйіне жалғызбасты аналар тәрбиеші ретінде жұмысқа қабылданады. Бүгінде «Бауыржан» отбасылық үлгідегі балалар үйінде 7 топта 60 бала тәрбиеленуде. Әр отбасының атауы, өз анасы бар. Жанашыр жандар қараусыз қалған балаларға қамқор болып қана қоймайды. Оларды өскенде өз күндерін көріп кете алуға тәрбиелейді. Осы бір еңбекті, ерге тән өжеттік пен қайсарлықты ерлікке теңесек артық емес.

Дилара БИМЕНОВА

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ