Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Көктемгі су тасқыны: алаңдауға негiз жоқ

Наурыз 03 / 2018

 

Көктем келсе өзен жағасына жақын орналасқан халықтың мазасы кетеді. Кей жағдайда табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұру мүмкін болмай қалады. Алайда, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Ондай салғырттықтың соңы неге әкеліп соғатынын бұған дейін орын алған апаттарға қарап-ақ болжауға болады.

 

ОҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Ерғали Бақаев биылғы көктемде оңтүстікқазақстандықтарға алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Оның айтуынша, дауылды алдын-ала ескерту хабарламалары су тасуы мүмкін екендігін білдірмейді. Себебі, өңірімізде су тасқынының алдын алу шаралары ойдағыдай жасалған.

Облысымыздың таулы аймақтарындағы қар қоры өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға аз. Күнделікті жүргізіліп отырған мониторингтердің нәтижесі де ойдағыдай. Өзендердегі су көлемі шекті орта деңгейден төмен ағуда. Ал, су қоймаларының толуы 40-60%-ды құрайды. Бұл тасқын суларды қабылдауға бос қор бар деген сөз.

Қыс мезгілінде Сырдария өзенінде Көксарай су реттегішінен Қызылорда облысына дейінгі аралықта 300 текше метрдей аумақта мұз қатқаны анықталған. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырдың төрағалығымен құрылған арнайы комиссия Түркістан қаласы мен Отырар ауданы аумағындағы мұз қатқан өзеннің жағдайымен танысқан болатын. Сырдария өзенінде мұзды еріту жұмыстары жүргізілген. Жағалаудағы мұздың қалыңдығы 20-30 сантиметрді құрайды. Сондықтан да облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары су тасқыны жөнінде тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоғын айтады.

– Қазіргі таңда жағдай бірқалыпты. Су тасу қаупі төмен. «Көксарай» су реттегішіне 2 млрд. текше метр су жиналған. Бұл Сырдария өзенінен келетін қауіпті төмендетіп отыр. Көктемгі маусымға дайындық барысында арнайы комиссия құрылып, оның жұмысын қадағалау аудан, қала басшыларына тапсырылған. Су басып қалу қаупі орын алатын Отырар, Сарыағаш аудандары мен Арыс, Түркістан қалаларында қауіпсіздік шаралары жүзеге асты. 2017 жылдың қазан-қараша айларында аталмыш аймақтардағы өзен жағасына қорғаныс дамбалары орнатылды. Мәселен, Сарыағаш ауданына қарасты Құйған ауылындағы өзен жағасына 1,5 шақырымға жуық жерге қорғаныс дамбасы тұрғызылды, – дейді ОҚО төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Талғат Досалиев.

Департамент мамандарының айтуынша, биыл қар аз түскен, жерде тоң жоқ. Алайда, «су тасу қаупі жоқ» деген бейқамдық кейде жарға жығуы мүмкін. Соған орай төтенше жағдайлар департаменті мамандарының дайындығын пысықтау мақсатында наурыз айының 5-6 жұлдызында оқу-жаттығу жиыны өтпек. Оған облыстық, аудандық штаб мүшелері түгел қатысады.

Облыс аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 1110 жеке құрам, 139 техника және 46 жүзу құралдары сақадай сай. Оның ішінде 487 жеке құрам, 66 техника және 30 жүзу құралдары біздің өңірге тиесілі болса, қалған 623 жеке құрам, 73 техника және 16 жүзу құралдары апатты жағдай орын ала қалған жағдайда басқа өңірлерден жеткізіледі.

Су тасу қаупі бар аудандардағы газетіміздің меншікті тілшілерімен де хабарласып көрген едік. Олардың жіберген мәліметтеріне сүйенсек, мәселен, Ордабасы ауданындағы Бөржар, Бөген, Теспе көлдері мен Бадам, Арыс өзендерінде ешқандай су тасу қаупі жоқ. Аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаевтың айтуынша, биыл қар аз жауғандықтан жерге тоң қатпаған. Дегенмен, нөсерлі жауыннан болатын селден сақтану мақсатында ауданда әр сенбі сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, ауылдардағы арық-атыздар тазалануда. Арыс қаласына қарасты ауылдарда да су тасқынына байланысты қауіп жоқ.

Экономика бөлімі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ