Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Ерлiк пен батырлық – киелi өлке өнегесi

Наурыз 03 / 2018

 

Тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы ретінде рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруға белсене, шынайы үлес қосу – баршамыздың перзенттік парызымыз. Ұлт Көшбасшысы «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» дейді.

 

Біз «Ерлік» музейінде қоғамдық негізде құрылған ғылыми-тәжірибелік кеңестің мүшелерімен ақылдаса отырып, былтырғы жылдың көктемінде «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» атты жоба бойынша біраз шаруаларды қолға алған болатынбыз. Осы жоба аясында атқарылған шараларымыз жұртшылықтың назарын аударып, көңілінен шығып келеді десек, артық айтқандық емес.

Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуді қолға алдық. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында терең тебірене мәністегендей, біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлтымыздың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұрттарға атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.

Жоғарыда аталған жобамыз бойынша өткізілетін барлық шараларымыздың алтын арқауы, асыл арнасы – сол ата-бабалар аманат еткен елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ. Мәселен, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен, ауған соғысына қатысқан жерлестерімізбен, тылдағы, бертінгі кезеңдердегі еңбек майданында, сондай-ақ, тәуелсіздік тұсында түрлі салаларда нағыз ерлік көрсеткендермен өткізілетін сәрсенбілік сырласу сағаттарында музей талаптарына орайлас түрлі тәсілдермен тұлғаларды жан-жақты ашу арқылы жұртшылықтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасын жаңғыртуға ұмтыламыз. Сонымен қатар, музей экспонаттарының санын да, сапасын да арттыра түсеміз. Мемлекет басшысы музей ісіне үнемі мән беріп, өзінің еңбектерінде арнайы атап өтеді. Музейлерде мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін сабақ өткізуге де назар аударады. Осы орайда «Ерлік» музейі көптеген мектептермен және университеттермен тығыз қарым-қатынаста.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыруға арналған мақаласында «Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш» деді. Музей ұжымы осы мәселені ерекше ескеруде. Өткен жылы тәуелсіздік тұсында ерен еңбектерімен тұлғаланған жандармен 24 рет сәрсенбілік сырласу сағаты өткізілді. Мұндай кездесулер тек музейде ғана емес, Түлкібас, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында да ұйымдастырылды.

Биыл осы жобамызды «Ерлік пен батырлық – киелі өлке өнегесі» бағдарымен байыта түстік. Бұл бағытта облысымыздың аудандары мен қалаларынан Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен майданнан оралмаған боздақтар, тыл және ауған соғысы ардагерлері, сондай-ақ бейбіт еңбектің әртүрлі салаларында ерлік көрсеткен, тәуелсіздік дәуірінде еліміздің даңқын асырған тұлғалар туралы құнды жәдігерлер, түрлі маңызды материалдар жинақтаумен және оларды ғылыми зерттеумен айналысамыз. Сөйтіп, саналарды рухани жаңғыртып, жаңа қазақстандық патриотизмді музей мәнерлерімен жан-жақты насихаттауға тырысамыз.

«Ерлік пен батырлық – киелі өлке өнегесі» бағдарының аясында түрлі салалардағы саңлақтармен «Ана өнегесі – ұрпаққа үлгі», «Бабалар рухына тағзым – ұрпақтар парызы», «Абырой – адамгершілік пен парасаттың қосындысы», «Отбасы өнегесі – Отанның өнегесі», «Ең өнегелі ерлік – еңбектегі ерлік», тағы басқа да тақырыптарда сәрсенбілік сырласу сағаттары жарасымды жалғасын табады.

«Ерлік» музейінің тым тар екендігі біраздан бері айтылып та, жазылып та жүрген. Ардагерлер мен зиялылардың талап-тілектерін ескерген облыс басшылығына, депутаттарға рахмет, үш айдан бері қосымша құрылыс салынып жатыр. Үлкен екі залдың бірін киелі өлкенің ерлік, батырлық өнегелеріне арнамақпыз.

Уақыт алға жылжыған сайын жұмыстар да күрделілене беретіні белгілі. Ал, біз тынымсыз ізденістер мен жоғары жауапкершілік, шынайы рухани жаңғырулар арқылы барлық кедергілерден өтетінімізге бек сенімдіміз.

Ақмарал ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, ОҚО тарихи-өлкетану музейі «Ерлік» филиалының меңгерушісі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ