Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Мұғалiмдерге зор жауапкершiлiк жүктелдi

Наурыз 03 / 2018

 

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауы ел дамуының басым бағыттарын айқындап берді.

 

Адами капитал – қоғамның әлеуетін анықтаушы негізгі факторлардың бірі. Әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесіне сүйенер болсақ, адами капиталға салынған инвестицияның болашақта мол табыс әкелетіндігі дәлелденген. Жалпы, әлемдік банк көрсеткіштеріне қарап, көптеген елдердің ұлттық байлығында адам капиталының алатын үлесі жоғары екенін көруге болады.

Мысалы, әлемнің 192 мемлекетінің ұлттық байлығындағы жеке капиталдың үлесі – 16, табиғи ресурстар – 20, ал, адами капитал 64 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш АҚШ-та 76 пайызға тең. Ал, 2017 жылғы мәлімет бойынша 186 мемлекет ішінде адам дамуының индексі жөнінен Қазақстан 56-орынды иеленді.

Адами капиталдың сапасы білім беру деңгейіне тәуелді. Сондықтан жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту қажет. Әлем соңғы онжылдықта цифрлық технологияға негізделген жаңа типтегі экономикаға көшуде. Себебі, ақпараттық технологиялар мен цифрлық трансформация – бәсекеге қабілеттілік пен технологиялық өзгерістің негізгі факторы.

Жолдауда: «2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет» деп ел ертеңі жастардың бүлдіршін кезінен бастап білімді болып қалыптасуы үшін нақты міндет жүктеді. Балабақшадан әріп танып келген шәкірт білім ошағының табалдырығын аттағанда қиналмайды. Одан кейінгі білім негізі бастауышта қаланатынын ескерсек, бастауыш сынып мұғалімдері әр оқушының сапалы білім алуы жолында тынымсыз еңбек етулері керек.

Мемлекет басшысы қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату қажет екенін еске сала отырып, 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажеттігін де тапсырды. Орыс тілін білудің маңыздылығына да назар аударды.

«2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде біздің түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеу үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады» деп атап көрсетті Елбасы.

Жалпы, білім саласы қызметкерлерінің алдына нақты міндеттер қойылды. Жолдау талқылауға жатпайды, тек қана қолдау көрсетіп, талаптарын орындауға міндеттіміз. Осыны ескере отырып, жұмысымызды бұрынғыдан да ширата түстік.

Сондай-ақ, әсіресе, ұстаздар қауымына орта білім беру жүйесінің жаңартылған бағдарламаға көшірілуіне орай мұғалімдердің жалақысы қалай өзгеретіні тәптіштеп түсіндірілген.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып ұстаздарының лауазымдық жалақысы көбейеді. Ал, қыркүйек айынан бастап 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып мұғалімдерінің жалақысы көтеріледі. Осылайша, 2019 жылдың қыркүйегінде 4-ші, 9-шы және 10-шы сынып ұстаздарының жалақысы көбейсе, 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің еңбекақысы жоғарылайды. Үстемеақы көлемі Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқандай, 30 пайызды құрайды. Мысал келтірер болсақ, 15 жылдық еңбек өтілі бар 1-санаттағы қала мұғалімінің жалақысына 24 мың теңге қосылады. Дәл осындай еңбек өтілі бар 1-санаттағы ауыл мұғалімінің жалақысына 25 860 теңге қосылады екен.

«Баланы жастан…» дегендей, 1-4-сыныпта сапалы білім алған оқушы өсе келе зерек те білімді болады. Сондықтан төменгі сыныптарда әр оқушымен жеке-жеке жұмыс істеудің де маңызы зор. Оқушы мектептен гөрі үйде көп болатындықтан, ата-ана да ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігін естен шығармаса дейміз. Бала ес біле бастаған шақтан оның мінез-құлқын, неге бейім екендігін бірінші анасы байқайды. Қай ата-ана болмасын ұл-қызының білімді де саналы азамат болып өсуін тілейді. Сынып жетекшілері мен мектептің педагогикалық ұжымымен тығыз байланыс орнатқан ата-аналардың балалары озат оқушы атанып жүр.

Сонымен, Мемлекет басшысы алдымызға үлкен міндет қойды. Енді оны орындау – барша білім саласы қызметкерлерінің басты парызы әрі міндеті.

Бақыт ӘМЕТОВ, А.Сүлейменов атындағы жалпы орта мектеп директоры. Созақ ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ