Қанша қаржы жұмсаса да...

Наурыз 03 / 2018

 

Қазақстанның деңгейі жалғыз қола болып тұр

 

Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Бәйгеге ақсақ ат қосқанмен бірдей...

Мінеки, жұмыр жер жанкүйерлерін елеңдеткен ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары да тарих қойнауына енді. Дүбірлі сынға Қазақстанның спортшылары қатысып, бір қола медальмен 28-орынға тұрақтады. Ол жүлдені фристайл-могул спортынан Юлия Галышева еншіледі. Қуанарлығы, қазақстандықтар қатарынан үш қысқы Олимпиада ойындарынан жүлде алып келді. Өкінерлігі, елімізде қысқы спорт түрлеріне арналған спорт нысандары салынып, қысқы Азиада мен Универсиада өткізілсе де, олимпиадашыларға қыруар қаражат бөлінсе де, сол жалғыз медальды қанағат тұтуға мәжбүрміз.

Ал, Пхенчхан Олимпиадасы басталмай тұрып үміт қандай еді! Фристайл-могулден Рейхерд әлем кубоктарында жасындай жарқырап, әлемдік рейтингте көшбасшылардың бірі болды. Бірақ, Кореядағы сында білгенінен жаңылып, небәрі 8-орынды місе тұтты. Шаңғышы Алексей Полторанинге де үлкен сенім артылған. «Сөзсіз жүлде алады» дескенбіз. Тіпті, оның бапкері Алавер «Полторанин жүлде алмаса, биылғы маусымға төленген жалақыларымды түгел қайтарып беремін» деп күпінген соң «Қазақстанға Смирновтан соң Олимпиада алтынын бір сыйласа осы сыйлайды-ау» деп жүрегіміз атша тулаған. Алайда, Алексей 50 шақырымдық аламанда білгенінен жаңылды. Негізі отыз шақырым бойы финляндиялық Нисканенмен бірге көш бастап келе жатқан. Сөйткен Алексейіңіздің мәреге он шақырымдай қалған кезде жылдамдығы баяулады. Ал, 45-шақырымнан кейін тіпті өкпесі өшіп қалды. Сөйтіп, 15-орынға тұрақтап, өкініштен аһ ұрды. Өзегі өртеніп, көзіне жас алып, сұхбат берді. «Елден ұят болды» деді. Отыздан асқан сақа шаңғышы осымен төртінші Олимпиадасында сүрініп отыр. Бізді ойландыратыны, үш олимпиадалық цикл бойы Алексей секілді тағы бір-екі спортшы даярлап үлгермедік. Сонда алты ай бойы қар астында жататын өңірлердегі спорт мектептері немен шұғылданып жүр өзі? Қайда ізбасарлар? Мәселен, ХОК басшылары Ресей үздіктері Устюгов пен Легковты бұл додаға қатыстырмай қойды. Бірақ, ойламаған жерден 21 жастағы Большунов пен тағы бір талантты шаңғышы Ларков күміс және қола медаль олжалап кетті. Яғни өзге елдер бір спортшыны ғана алақанда ұстап отырмай, талантты жастарды дер кезінде таба білді. Еліміздің спорт шенеуніктері он жыл бойы мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің жылт еткен жеңістерін қанағат тұтып жүрді. Сочиде жүлдеге ілінген Тенді денсаулығы сыр берсе де Олимпиадаға апарды. Олимпиада ойындарын үлкен аламан бәйге десек, есі дұрыс адам бәйгеге ақсақ тұлпарды қоса ма? Тенді толық емдетудің орнына құр саяхатшылар қатарын толықтырып қайтқаны кімге абырой әперді? Байқап тұрсақ, Қазақстан құрамасында Олимпиаданың негізін қалаушы Пьер де Кубертеннің «Ең бастысы – қатысу» деген ұстанымын қолдайтындар көп сияқты. Үздік ондық түгілі жиырмалыққа ене алмаса да, журналистерге ыржалаңдап сұхбат берген кейбір спортшылар бізді қатты ойландырды. Ел сенімін ақтай алмағанына өкінудің, ұялудың орнына саяхатта жүргендей екі езуі екі құлағындағы спортшылардан не үміт, не қайыр?! Отаншылдық қайда? Шорт-трекші жігіттер ғана сенімді ақтай алмағандарын мойындап, елден кешірім сұрады.

Бұл қысқы Олимпиада ойындарында негізінен экономикасы дамыған, әл-ауқаты жоғары көшбасшы мемлекеттердің өрендері ғана жүлде алды. Оған жүлдегер атанған 30 елдің аты жазылған кестені оқып көрсеңіз көз жеткізесіз. Африка мен Оңтүстік Америкадан бірде-бір спортшы жүлде алмаған. Солтүстік Америкадан АҚШ пен Канада, Азия құрлығынан Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай және Қазақстан, ал, мұхит аймағынан Австралия мен Жаңа Зеландия медаль еншілеген. Қалғандары – еуропалықтар. Жалпыкомандалық бірінші орынды 14 алтын, 14 күміс және 11 қола медальмен Норвегия құрамасы еншіледі.

Жалпы, 4 жыл бұрынғы Сочи Олимпиадасымен салыстырсақ, Пхенчханда қазақ спортшылары нашар нәтиже көрсетті. Әрине, екі додада да бір қола бұйырды. Бірақ, Сочиде спортшыларымыз 9 рет үздік ондыққа енсе, Пхенчханда небәрі 4 спорт түрінен үздік ондықтан табылдық. Кері кету деген – осы. Демек, жалғыз қолаға сүйеніп, «жылы орындарын» сақтап қалған басшылар ойлануы тиіс.

Оңтүстік Қазақстан облысының спортшыларына тоқталсақ, Пхенчханға фристайл-акробатикадан 5 сайыпқыранымыз барды. Иә, жанкүйерлер қуанды. Қолдады. Ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. «Қазақтың қыздары қысқы спорт түрін меңгерді» деп сүйінші сұрадық. Бірақ... Басты үмітіміз Жанбота Алдабергенова жаттығуларын қатесіз орындағанымен жоғары ұпай еншілей алмады. Үздік алтылық түгілі, он екіліктен де сырт қалды. Маржан Ақжігіт, Ақмаржан Қалмұрзаева, Аяна Жолдас және Ильдар Батруддинов сынды жас спортшылар бұл Олимпиададан тәжірибе жинақтап қайтты. Сочиде Жанбота 6-орын алғанын ескерсек, Пхенчханда фристайлшілеріміз нашар өнер көрсетті деуге толық негіз бар.

 

Арбитраждық сот қателесті ме, ХОК белден басты ма?

Пхенчхан Олимпиадасы аяқталған тұста Халықаралық Олимпиадалық Комитеттің төрағасы Томас Бах осылай деді. Журналистердің бірі оған «неге Ресейдің кейбір спортшылары жарысқа жіберілді? Оларды түгел қатыстырмауға болмады ма?» деген сыңайда сұрақ қойған. Бұған еш саспаған Бах мырза «допинг қолданған кейбір спортшылардың кесірі таза спортшыларға әсер етпеуі керек. Сондықтан біз допинг дауынан аулақ спортшыларға ғана қатысуға рұқсат бердік. Олар Олимпиада туы астында өнер көрсетті. Яғни Пхенчханда Ресей құрамасы болған жоқ» деп жауап берді.

Пхенчхан Олимпиадасы ең алдымен саяси текетірестердің спорт саласына кері әсер ететінін аңғартты. Елді бейбітшілікке шақыратын жалғыз құрал – спорттың да саясаттың көлеңкесінде қалып бара жатқанын жұрт көрді. Ресей спортшыларының біразы халықаралық спорттық арбитраждық сотқа арыз беріп жүріп, оның 28-і допинг қолданбағандарын дәлелдеді. Сочи Олимпиадасындағы медальдарын қайтарып алған Ресей құрамасы қайтадан командалық есепте бірінші орынға шықты. Бірақ, сонда да Пхенчханға жіберілмеді. Ал, жіберілгендері Корея төрінде тусыз, Әнұрансыз өнер көрсетіп, «Ресей» деп ұрандауға бата алмай, іштей тынып қайтты. Спортшыға бұдан артық қорлық болмас. Әрине, допинг қолданғандар қатаң жазалануы тиіс. Мәселе допинг қолданбағандарын дәлелдеген спортшылардың шеттетілуінде болып тұр. Халықаралық арбитраждық сот қателесті ме әлде ХОК белден басты ма? Бұл текетірестің немен бітерін уақыт көрсетеді.

 

Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ қызы

Пхенчхан Олимпиадасында биатлоннан 4x6 шақырым қашықтықтағы эстафетада Белоруссияның әйелдер құрамасы чемпион атанды. Сол құрама сапында қазақтың қызы Динара Әлімбекова да тамаша өнер көрсетіп, алтын медальға қол жеткізді.

Динара басқа елдің атынан шықса да, бұл қазақ халқы үшін тарихи оқиға. Себебі, Динара қазақ қыздары арасынан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш спортшы. Қандасымыз туралы ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қызу пікірталас жүріп жатыр. Қарағанды қаласында туған ол үш жасынан бастап отбасымен бірге Белоруссияға көшкен. Нәтижесінде сол елдің атын шығарды. Бұл туралы белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбаев «Динара Әлімбекова Олимпиада чемпионы атанды! Бірақ, Сіз оны Қазақстан құрамасының тізімінен іздемеңіз. Ол Беларусь құрама командасының сапында эстафеталық биатлон жарысында чемпион атанды. Егер Динара Қазақстанда тұрса, бүгін жоғарыдағы ұлы жаңалық болмас та еді. Ол ғаламат спортшы қыз Домрышевалармен бір құрамада сынға түскен соң ғана осындай ұлы жеңіске жетіп отыр. Енді біз Динара аруымызды елімізге қонаққа шақырып, сый-сияпатын жасап, ел екенімізді, ұлт екенімізді көрсетуіміз керек. Ол сол елде тұра берсін. Қаны қазақ қызымыздың Олимпиадаларда топ жара беруі үшін бұл жағдай да аса маңызды» деген пікірін білдірді.

Динара басқа елдің атын шығарса да, қазақ жанкүйерлеріне үлкен ой салып кетті. Бұрын спорт шенеуніктері мен бапкерлері «Қысқы және командалық спорт түрлері – қазаққа жат. Қазақтар тек жекпе-жек спорт түрлеріне бейім» деген өтірік стереотипті жиі айтатын. Осы ұстанымды санамызға сіңіруге тырысты. Баскетболдан Әлжан Жармұхамедов, волейболдан Октябрь Жарылғапов пен Жәнібек Сауранбаев сынды саңлақтар шықса да, сол стереотипке сендік. Тиісінше, қазір командалық спорт түрлерінің халі мүшкіл. Ал, Белоруссия қазағы Динара Әлімбекованың күні кешегі жеңісі енді қателік жасағанымызды кешірмейді. Сары қыз қазақтардың да қысқы спорт түрлерінен олжа салуға қабілетті екенін дәлелдеп, көзімізді ашып берді.

Рас, жылдан-жылға аздап болса да, қысқы спорт түрлеріне қызығушы қаракөз қандастарымыздың қатары көбейіп келе жатыр. Бұл – қуанарлық жағдай. Арыға бармай, Шымкентті алсақ, ОҚО қысқы спорт түрлері мектебінде үйірмеге жазылған жас өрендер көп. Сегіз жыл бұрын алғаш рет Ванкувер Олимпиадасына Жібек Арапбаева жолдама алғанда жұрт бөрікті аспанға атып, «қатысудың өзі ерлік» дескен. Сочиге өңірімізден 3 спортшы аттанғанда да осы сезімде болдық. Пхенчхандағы сәтсіздікке де ел түсіністікпен қарайды. Бірақ, келесі Олимпиада ойындарында шеберлікті шыңдап барған жөн. Бәлкім, шетелден тәжірибелі бапкер шақыру керек шығар. Қысқасы, бұдан былай «ұлты қазақ спортшы Олимпиадаға жолдама алды» деген қуанышты қанағат тұтпай, жүлдегер қазақты даярлайтын кез жетті. Оған мүмкіндік те жоқ емес. Алматы мен Астанада халықаралық талаптарға сай коньки және шорт-трек айдындары бар. Трамплиндер мен өзге спорт кешендері де жұмыс істеп тұр. Бір таңқаларлығы, осындай кешендері бар болса да, біздің спортшылардың басым бөлігі шетелдерде жаттығады. Сонда ол спорт нысандары жарамсыз ба әлде сапасыз салынған ба? Сапасыз салынса, оларға жұмсалған қыруар қаражат кімдердің қалтасында кетті? Қысқы туризмді дамытамыз деген ғаламат жоспарлар қайда? Неге әрбір облыс орталығына қысқы спорт кешендері салынбайды? Неге қары қалың облыстарда қысқы спорт түрлеріне басымдық беріліп, ауқымды жұмыстар атқарылмайды? Ел спортында осындай көкейтесті сұрақтар өте көп. Осы сұрақтардың шешімі табылса ғана жүлдегерлер көбеюі мүмкін. Әзірше, қанша қаржы жұмсаса да Қазақстанның деңгейі – жалғыз медаль болып тұр...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ