«Қазақ бауырларым шақырса...» немесе Олимпиаданың үш дүркін чемпионы Сайтиевтің алғысы

Наурыз 02 / 2018

Ғабит САПАРБЕКОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».

  Ресей балуаны, Олимпиада ойындарының 3, әлем чемпионатының 6 дүркін жеңімпазы Бувайсар Сайтиевті әлем жұртшылығы жақсы біледі. Осы азаматпен самбо мен дзюдодан КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Оңғарбаев Белоруссияда  кездесіп қалады.

 

 — 2012 жылы Серік Төкеев екеуміз еркін күрестен Олимпиада ойындарының 3 дүркін чемпионы Александр Медведтің 75 жылдық мерейтойына бардық. Той Минск қаласында өтті. Оған әлемнің ең мықты балуандары мен спорт қайраткерлері қатысты. Бізді жақсы қарсы алды. Мерейтой қызған сәтте Серік екеуміз Александр Медведті құттықтап, суретке түскелі тұрғанбыз. Сол маңда Бувайсар да жүр екен. Чемпионды суретке түсуге шақырдық. Ол орнынан атып тұрып, қасымызға келді де, бізбен төс қағысып амандасты.Сондағы айтқан сөзі жүрегімізді шымырлатып жіберді. «Егер мені қазақ бауырларым шақырып жатса неге бармаймын? Әрине, түсемін суретке. Себебі, кезінде депортация жылдары шешен халқын қазақтар қорғап, талайын аман алып қалды. Бір нанын бөлісіп жеді. Мейірімін төкті. Сондықтан қазақ ұлтына деген құрметім жоғары. Қазақтарды өзімнің бауырларым деп есептеймін» деп мерейімізді көтеріп тастады. Чемпионның тарихтан хабары бар әрі терең ойлайтын азамат екеніне риза болдық, - дейді Серік Оңғарбаев.

    Әлемнің түкпір-түкпірінде Бувайсар сияқты ойлайтын азаматтар, Қазақстанды жүрегінде сақтаған аға буын өкілдері әлі де көп.

    Осыдан кейін кеңбайтақ қазақ даласының құдіреті мен кең пейіл қазақ халқының мейірімділігіне, тектілігіне қалай сүйсінбейсің?

 

 

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ