Заң-заман 0 пікір 1063 лайк

МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫН ТАҒАЙЫНДАУДА ТҮЙТКІЛ КӨП

Наурыз 01 / 2018

Жемқорлармен күресе-күресе шаршаған Мәжілістегі бір депутат ағамыз осыдан екі жыл бұрын «жемқорлықпен күресті мектеп партасынан бастау керек» деп елді бір дүрліктергені есте. Сондағы айтпағы – онсыз да басы артық пәндерден мезі болған оқушыға жемқорлықпен күресті оқытпақ. Сыбайлас жемқорлықты күнде естіп, көріп отырған оқушыға олай жасамаңдар деп құр ақыл айту оншалықты әсер ете ме? Әрине, жоқ. Есесіне, осыны көріп өскен оқушының бойында неге мен әділеттілік, жауапкершілік нормаларын ұстануым керек деген түсінік қалыптасатыны белгілі. Сондықтан әлгі депутат ағамыздың сөзінің өңін сәл-пәл өзгертіп, жемқорлықпен күресуді мектеп басшыларынан бастау керек дегім келеді. Себебі, бұл мәселе қоғамның бас ауруына айналғалы қашан... Оқушыға сапалы білім, саналы тәрбие беруі тиіс бүгінгі мектеп басшысы соттасудан қолы босамай жүр. Темір торға тоғытылып жатқандарын саусақ бүгіп санай алмайтын халге жеттік.

Жүз мың аламын деп, жүз еселенген айыпұл төледі

Көптен бері Мақтаарал ауданындағы А.Пушкин атындағы жалпы орта мектебіне басшылық етіп жүрген Анар Зертасованың түбіне ақыры парақорлық дейтін әзәзіл жетті. Алақандай ауылдағы мұғалім біткенді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап үйренген оған әл-әзір жау алыстан келмейтіндей көрінетін. Жоғарыдан келгендердің аузын буда-буда ақшамен ұрып, онысын ләм-мим деуге дәрмені жоқ мұғалім байғұстан өндіріп алуға дағдыланған Анардың қылығына ауылдастарының да еті үйреніп кеткен.

Босануына байланысты демалысын өткеріп, жұмысқа шықпақ болған Сәулені мектеп директоры кабинетінде көңілсіз қарсы алды. Терісі былғарыдан тігілген жұмсақ креслоны әрі-бері тербеген күйі бұған сағаттың жоқтығын айтып, әлі де демала тұруға кеңес берді. Өзіне таныс әйелдің әлсіз тұсын білетін Сәуле осы кезде «құр қолға бата жүрмейтінін» қабағымен ұқтырып өтеді. Әлгінде ғана «Самарқанды су алдырып отырған» Анардың осы тұста екі қасының ортасына жиырыла қалған әжімдері тарамдала түсіп, әлгіндегі ашулы жүзіне қан жүре бастады. Алғашқыдағы арыны басылып, ашумен айтқан сөздерін жуып-шайғандай болды. Не керек, басшы мен қосшы ақыры тіл табысып, бұл Анардың емеурінмен білдірген 100 мың теңгесін екі-үш күнде әкеліп беруге келіседі.

Уәделі күн де жетіп, Сәуле тиісті соманы мектеп директоры Анар Зертасованың кабинетіне алып кіреді. Бірақ ақшаны бермес бұрын тағы бір мәселенің басын ашып алуды жөн көреді. Өзіне ағайын жағынан алыс емес әрі осы мектепте лаборант болып жұмыс істейтін Айманды бастауыш сынып мұғалімі етіп ауыстырып беруін өтінеді. Сәулеге қапысыз сенген директор лаборанттың қызметтік бұл секірісі 1000 АҚШ долларына бағаланатынын жеткізіп, ақшаны тезірек жеткізуін сұранады. Сәуле 100 мың теңгені бастықтың тартпасына салып, сыртқа шығуға беттегенде, сау етіп құзырлы органның қызметкерлері кіріп келеді.

Түйені түгімен жұтып үйренген директордың қылмыстық ісі Мақтаарал ауданының №2 сотында қаралды. Мектеп басшысы өзіне тағылған айыпты толық мойындап, өткен іске өкінгенімен, судья Ж.Мақұлбаев Анар Зертасованы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2 бөлігімен кінәлі деп тауып, 20 338 800 теңге айыппұл салу жазасына кесті. Мүлкін тәркілеп, өмір бойы білім беру саласындағы ұйымдар мен мекемелерде басшылық ету құқығынан айырды. Бұл осы саладағы бір ғана дерек. Күні кеше облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген жиында мектеп диреторлары арасында пара алу, тамыр-таныстықпен мектепке жұмысқа орналастыру деректері бойынша былтыр 157 қылмыстық істің тіркелгені белгілі болды.

Тағайындау талапқа сай емес

Ілгеріде мектептің тұтқасын ұстағандарды ел барынша қадір тұтып, рухани ұстазындай көретін. Тіпті, бүкіл ауыл соған қарап бой түзеге тырысатын. Әйтеуір, бүгінгідей бір ұжымның іштен іруі, өзін жарты құдай сезіну, құлқынның қамын ойлау секілді келеңсіз көріністер кездесе бермейтін. Ал, директордың істі болуы ауыл үшін қара таңба саналатын. Ал, бүгінде бұл көрініс қалыпты жағдайға айналып кетті. Әрине, барлығына бірдей күйе жағудан аулақпыз. Өз ісіне мығым, басқадан білімді биік қойған елжанды азаматтарымыз аз емес шығар, бірақ санаулы ғана.

Ұстаздықтың әліппесін бастау үшін жас мұғалімнің мектеп табалдырығын аттағанда ең бірінші көретін адамы – мектеп директоры. Қазіргі уақытта мектеп директорының мәртебесі бұрынғы Одақ кезіндегіден әлдеқайда жоғары. Қазіргі жергілікті өзін-өзі басқару заңына сәйкес, мұғалім қауымды жұмысқа қабылдайтын, еңбек келісімшартына қол қойып, бекітетін – мектеп директоры. Бұл бүгінгі мұғалімдер қауымы мектеп директорларының «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» деген сөз. Міне, сыбайлас жемқорлықтың басы қылтиятын да осы тұс. Барлығы қолында тұрған мектеп басшысы парамен жұмысқа алу, сағат жүктемесін саудаға салу, мектеп мүлкіне қол салу сынды өрескелдіктерге жол ашады. Өткен жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті білім саласына талдау жүргізіп, саладағы жемқорлық көріністері ең бірінші кезекте мектеп басқаратын тұлғалардан бастау алатындығын анықтаған. Мұның ең бір жемқорлыққа жол ашатын тұсы ретінде тағайындау  тәртібінің талапқа сай өтілмейтіндігі дәлелденген. Шындығында, ұжымға үлгі болуы тиіс мектеп директорларының ұйымдастырушылық қарым-қабілетін саралау, білімділік, біліктілік тәжірибесін зерделеу жөнінде бүгінде ештеңе естілмейді. Олардың жеке адами мінез-құлқы, адамгерішік ұстанымдары, рухани байлығы, мақсат-тілектері көпшілікке жария етілмейтін жабық тақырып сияқты.

Қазір мектеп директоры қалай іріктеледі? ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекітілген қағидасына сай конкурстық комиссиядан оң баға алған үміткерді білім бөлімінің басшысы тағайындайды. Жасыратыны жоқ, комиссиядан оң қорытынды алу әкімнің ықпалы арқылы жүргізілетін шаруа екені бесенеден белгілі. Себебі, білім бөлімінің басшысының өзі тікелей әкімге бағынады. Сондықтан департамент басшысы Әли Көмекбаев әлгіндей конкурстық комиссияларды әр аудан, қалада емес, облыстық деңгейде жасақтау қажет деген пікірді алға тартады.

-Біздіңше, жергілікті әкім комиссияның шешіміне ықпал жасамас үшін мектеп директорын тағайындайтын комиссия облыста өтуі керек. Ол комиссияның ішінде облыс әкімі аппаратынан, білім басқармасынан өкіл болсын. Бәлкім, қоғам өкілдері кірер, негізгі мақсат – мектеп директорын тағайындауды ашық жүргізу. Түбінде қандай жүйе енгізілсе де, жаңағыдай жағдайларға жол берілмеуі тиіс, - деген болатын. Тіпті, кейбір қоғам белсенділері білім саласына басшы тағайындау үрдісін Білім және ғылым министрлігінің құзырына беру қажет деген пікірді алға тартады. 

Жемқорлыққа ұзақ отырғандар бейім

ҚР Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті аталған қағидада мектеп басшылығына үміткердің білім-білігін екшейтін конкурстық комиссияның ашықтығы, ондағы жүргізілетін рәсімдер, кандидаттарды облыстық білім басқармасымен келісу тәртібінің реттелмегенін анықтап отыр. Осы қағидада мектеп директорларының әр бес жылда конкурстан өтуі белгіленген. Алайда, басқа өңірлерде қатаң жүзеге асырылатын бұл норманың облыста орындалуы деңгейі көңіл көншітпейді. Мысалы, облыстағы 1021 мектептің 380-де бес жылдан артық жұмыс істеген мектеп директорлары басқарып отыр. Бір мекемеде басшылық қызметте 5-10 жылдап отыру тамыр-таныстыққа апарады, ол ары қарай сыбайлас-жемқорлыққа, парақорлыққа ұласып кетеді. Былтыр білім басқармасы берген келісімінің негізінде өткізілген конкурстарға 307 үміткер қатысып, олардың арасынан 110-ы мектеп директоры болып тағайындалса, биыл зейнет жасындағы директорларды есептегенде 450 мектепте конкурс өткізілуі қажет.  Бұл өз кезегінде Білім және ғылым министрілігі бекіткен қағиданың талабын бұзу болып табылады. Ал, осы санаттағы мектеп директорларына тестілеуді кім және қалай өткізетіндігі нақтыланбаған. Сондықтан қағида талаптарының осындай дүдәмал тұстарының әсерінен мектеп директорларын тағайындауда заңбұзушылықтар жиі орын алып жатады. Мәселен, Ордабасы ауданындағы орта мектептің директоры лауазымына өткізілген конкурста еңбек өтілі сәйкес келмейтін үміткер директор қызметіне тағайындалған. Конкурсқа қатысқан 5 үміткердің ішіндегі үшеуінің жоғары санатты мұғалім болғанына қарамастан мектеп директорлығына бірінші санатты, біліктілігі сай келмейтін үміткер ұсынылған. Сондықтан аталмыш департамент осы түйткілдерді шешу үшін облыс әкіміне бірқарат ұсыныс әзірлеп отыр. Құзырлы мекеме өкілдерінен жұмысшы тобын құрып, сол арқылы конкурстық комиссия жұмысындағы заңбұзушылықтардың алдын алмақ.

Қалай дегенде де, білім саласындағы сыбайластықтың түп-төркіні мектеп директорларын тағайындаудан басталатыны белгілі болды. «Балық басынан шірімес» үшін басшылыққа лайықты азаматтарды әкелудің жолдарын қарастыру қажет. Бұл орайда білім саласының ендігі беталысын терең түсінетін, ұжымға үлгі, оқушыға ұстын бола алатын азаматтарға басымдық берудің маңызы зор. Әйтпесе, білімнен гөрі шаруашылықтың ығында жүретін директорлардың көбейе түсері бек мүмкін. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз әркімнің жеке-басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді» деген болатын. Бұл сөз жалпыға, бірінші кезекте ел болашағының іргетасы қаланатын міндетті орта білім мекемелерінің басшыларына қарата айтылғандай. Өйткені, мақалада айтылған ұлттық құндылықтарымыз өскелең ұрпақтың санасына мектеп қабырғасында сіңіріледі. Сондықтан Елбасы жүктеген міндетті алып жүру – рухы биік, санасы сергек азаматтарға сеніп тапсырылуы тиіс.

 

Түйін

Жақында АҚШ-тың Гарвард универсиетінде білім алып жүрген жерлесіміз, белгілі журналист Шыңғыс Мұқанның «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаласына көзім түсті. Шыңғыс бауырымыз мұхиттың арғы бетіндегі елдің орта білім жүйесіне кеңінен тоқталып, озық тұстарына ой жүгіртіпті. Маған ерекше ұнаған тұсы - сондағы мектеп директорының мейірімді болмысы. «Алашты (баласын айтады) таңғы сағат сегізге 5-10 минут қалғанда мектепке апарып тастаймын. Бойы екі метрге таяу, шашын ақ шалған жігіт ағасы, мектеп директоры Урен Блэр оқушыларды мектептің алдында қарсы алып тұрады. Бәрімен жапа-тармағай амандасып жатады. Әр оқушының атын атап, түсін түстеп жағдай сұрасады. Ішке кірген соң сынып жетекшісі күтіп алады. Туған балаларындай мейірімін төгіп, ұзақ мерзім көріспегендей зор сағынышпен құшақтап жатады. Басында аң-таң болып жүрдім. Бұл не деген ағыл-тегіл махаббат?

Мұның сырын білмек болып директордың кабинетіне кірдім. «Осы сіз неге оқушыларды күтіп аласыз? Мектеп директорлары орындауға міндетті нұсқаулық па?» деген сауалыма Урон Блэр:

-Таңертең оқушыларды қарсы ал деген бұйрық жоқ. Бұл – оқушыларға деген құрметім. Үлкендердің құрметі балалардың бойына сенім ұялатады, өз қадірін білуге тәрбиелейді, - деді. Ал, бізде қалай?   

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ