ФУТБОЛ: ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАДА ЖАҢА БАПКЕР

Наурыз 01 / 2018

Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері тағайындалды. Енді еліміздің аяқдопшыларын болгар маманы Станимир Стойлов баптайды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин БАҚ өкілдерімен болған баспасөз-мәслихатында мәлім етті. 

 

Станимир Стойлов бұған дейін "Астана" клубын баптағаны белгілі. Болгариялық маман елордалық клубты 4 жыл баптап келді. Осы 4 жыл ішінде 4 рет ел чемпионы атанса, 3 рет еурокубоктік бәсекелердің топтық кезеңінде өнер көрсетті. Айта кетерлік тағы бір жайт, Стойлов баптаған "Астана" Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық клуб ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ, "Астана" 3 жыл ішінде УЕФА клубтар рейтингісінде 452-орыннан 67-орынға бір-ақ шығып, рекорд орнатты. Бұған дейін мұндай қысқа мерзім ішінде 400 саты көтерілген клуб Еуропа тарихында болмаған. 2017-2018 жылғы маусымда "Астана" клубы Еуропа Лигасында өнер көрсетіп, еурокубоктік маусымның көктемгі кезеңіне жолдама алған алғашқы отандық клуб болды. Аталмыш турнирдің 16/1 кезеңінде португалиялық "Спортингке" жол берді.

 

"Астана" бапкері ретінде бірназ жетістікке жеткен бапкер енді ұлттық құраманы ұшпаққа шығарсам дейді. 

- Мен өз репутациямды жоғалтып алудан қорықпаймын. Сол себепті де Қазақстан ұлттық құрамасын баптауға келістім. Ия, қиындықтар болады. Бірақ, жанкүйерлер түсіністік танытса, қиындықты бірге жеңіп шығамыз. 5 жылға жуық Қазақстанда жүріп, қазақ футболымен етене таныстым. Мен қазақстандық жанкүйерлердің қамыққанын көрдім. Бұл маған жігер берді. Ұлттық құраманы үлкен өзгерістер күтіп тұр, - деді ұлттық құраманың жаңа бапкері Станимир Стойлов.

Болгар маманы қазақ елінің құрамасын алдағы 2 жыл бойы баптамақ. Оған қойылған ең басты міндет Ұлттар лигасы турнирінде өз тобында бірінші орын алу. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы турнирінде Латвия, Грузия, Андорра құрмаларымен бір топта өнер көрсетеді.

 

ЕРБОЛАТ АЙНАБЕКОВ

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ