Экономика 0 пікір 0 лайк

«Ońtústik ónimi» байқауы жарияланды

Наурыз 01 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желі қолданушылары, журналистер мен блогерлер арасында «Ońtústik ónimi» байқауы жарияланды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ахымбетов БАҚ өкілдерімен болған брифингте мәлім етті.

 

Бұл байқау Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы индустрияландыру, жаңа технологиялар енгізу бағыттарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылуда. Байқау қатысушылары өңірдің төл өнімдері туралы жарияланым (пост) жазуы керек. Айта кетерлік бір жайт, байқауға кез келген әлеуметтік желі қолданушылары қатыса алады. Байқауға қатысу туралы өтінімді 2018 жылдың 15 наурызына дейін ontustikonimi@yandex.kz электронды поштасына жолдау қажет.

– Әрбір қатысушы әлеуметтік желідегі парақшаларында облыстағы өндіріс орындары туралы пост жазуы керек. Өндіріс басшысымен қысқаша сұхбат құруы керек. Сұхбат бейненұсқа түрінде де қабылданады. Сондай-ақ, өндіріс орнының фотосуреттері жариялануы керек. Әр қатысушы ең кемі 25 пост жазуы міндеттеледі, – дейді Бақыт Сәрсенбайұлы.

Байқауға осы жылдың 27 ақпанынан бастап 15 маусымға дейін жарияланған материалдар қабылданады. Материалдар мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 850 000 теңгені құрап отыр. Қазылар алқасы бас жүлдеге лайық деп тапқан желі қолданушысы 300 000 теңгені иемденсе, І орынға 200 000 теңге, ІІ орынға 150 000 теңге, ІІІ орынға 100 000 теңге беріледі. Сондай-ақ, көрермендер көзайымы және үздік көркемделген пост номинациялары бойынша 2 қатысушыға 50 000 теңге сыйақы беріледі. Байқаудың қорытындысы 2018 жылдың маусым айында жарияланады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ