Экономика 0 пікір 0 лайк

Ұлттық банк тарапынан бақылау күшейедi

Наурыз 01 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев республикамыздың 16 өңірімен тікелей желі арқылы онлайн-конференция өткізді.

 

Ұлттық банк төрағасы алдымен бүгінгі қаржы нарығындағы ахуалға тоқталып, жыл басынан бері инфляцияның төмендеуі байқалатынын атап өтті. «Қазір инфляция көрсеткіші 6,8 пайыз. Ұлттық қор активінің көлемі 58,3 млрд. долларға жетті. Қазақстанда теңге өтімділігі шамадан тыс артып тұр. Жыл басынан бері теңге 4 пайызға нығайып, қаңтар айында оған сұраныс артты. Екінші деңгейлі банктерден бұл айда 830 млрд. теңге несие таратылған» деді Данияр Талғатұлы.

Одан соң онлайн-конференция алдын ала әлеуметтік желі арқылы келіп түскен сұрақтарға жауап берумен ұласты. Конференция барысында Данияр Ақышев жұртшылықты қаржы пирамидаларынан сақ болуға шақырды. Қаржы пирамидаларының түрлі қитұрқы әрекеттерге баратынын атап өткен ол, азаматтарға есте ұстауы тиіс 10 мәселені еске салды. «Қаржы пирамидаларының бірінші кезекте Ұлттық банктен депозит ашу туралы арнайы лицензиясы, одан соң мемлекеттік тіркеу туралы жарғысы да болмайды. Олар нарық деңгейінен өте жоғары табыс ұсынады. Клиентті әдемі жарнамамен шақырып, бонус береді, сыйлықтар таратады. Қаржының сақталатынына кепілдігі жоқ мұндай ұйымдардан аулақ болуға кеңес береміз» деді бас банкир. Сондай-ақ, бүгінде шетелге ақша шығару, яғни онда шот ашуға тыйым салу жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Бұдан бөлек, банкоматтарда үнемі ұсақ ақша болмайтынына шағым айтқан азаматқа банктерге ірі ақша салған тиімді деп жауап берді. Өйткені, бұл тәсіл банкоматтарға инкассаторлардың жиі баруын үнемдейді. Жалпы, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді мәжбүрлей алмайтынын ескертті. Бірақ, бақылау шараларын жүргізе алады.

Онлайн-конференциясы барысында Мемлекет басшысының қаржы институттары туралы айтқан сын-ескертпелерінің орынды екенін айтқан Ақышев «нашар» несиелер портфелінің 90 пайызы 2006 жылдан бастап берілгенін, мұндай мәселелердің енді қайталанбайтынын жеткізді. Енді Ұлттық банк тарапынан бақылау функцияларын күшейтетін заң жобасы жасалып, қазіргі таңда ол талқылануда.

Данияр Ақышев зейнеткерлерге қатысты сұраққа да жан-жақты жауап берді. «Зейнеткерлерге неге несие берілмейді?» деген сауалға «Зейнетақы алып отырған мемлекетке тәуелді адам ақшасын несиеге төлесе, өзінде ештеңе қалмайды» деп жауап қатты Ұлттық банк төрағасы. Зейнетақы қоры жүйесінің басты мақсаты – адамдардың алаңсыз қарттығын қамтамасыз ету. Осы тұрғыда сөз қозғаған Данияр Талғатұлы зейнетке шыққан жанның басқа табысы болмайтынын, сондықтан жинақтан басқаға сенуге болмайтынын тілге тиек етті. Ал, БЖЗҚ салымшылары туралы ақпарат құпия ұсталады.

Келешекте тұрғындар міндетті сақтандыру келісімшартын онлайн режимде жүзеге асыратын болады. Бұл туралы заң нормаларына енгізілген өзгерістер Парламентте қаралып жатыр. Сонымен қатар, өзге банктен ақша шешу кезінде ұсталатын комиссия көлемін де барынша азайтуға күш салынуда.

Үш сағатқа созылған онлайн режимде қазақ- стандықтар Ұлттық банктің қызметі, жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты, айырбас пункттері мен криптовалюталар және қаржылық қызметтер саласындағы құқықтарды қорғау туралы сұрақтарға жауап алды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ