Мәңгілік Ел 0 пікір 0 лайк

ГЕРАҒАҢДЫ ҰМЫТПАЙЫҚ

Наурыз 01 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Газетіміздің өткен санында 1 наурыз – Алғыс айту күніне қатысты «Қастерлі мерекенің қадірін қашырмайық» атты мақала жарияланған болатын. Осыған орай редакцияға хабарласқан жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт өзінің ой-пікірімен бөлісті.

 

Қаламгердің айтуынша, адамдардың ата-анасына, туған-туысына, көршілеріне, тағы солай бір-біріне алғыс айтқаны жақсы. Бұған «неге жақындарыңа алғыс айтасың» деп қарсы шығуға болмайды. Бірақ, бұл мерекенің мәні тереңіректе жатқанын естен шығармауымыз керек.

– Кешегі Герағаңды, көрнекті жазушы, қайталанбас тұлға Герольд Бельгерді ұмытпайық. Ол Ресейде Волга өзенінің жағалауында туған. 1941 жылы жеті жасында отбасымен бірге Қазақстанға жер аударылған. Жарықтық дүниеден озарының алдында берген сұхбаттарының бірінде осы сіздер көтерген мәселені айтқан еді. Бельгер «Қазақ – өзінің өзгеге жасаған жақсылығын міндетсінбейтін халық. Міндетсінуді былай қойғанда, біреуге пайдасын тигізгенін айта бермейді. Оны ұят санайды. Кешегі қуғын-сүргін, депортация жылдарында тағдырдың айдауымен босып келген халықтарды аштық пен ажалдан арашалап қалған қазақтар екенін ұмытпауымыз керек. Мұны қазіргі қазақтардың айта бергені жөн болмас. Біз, Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері, күштеп қоныс аударылған халықтардың бүгінгі ұрпағы мұны үнемі айта жүруіміз керек» деген еді, – дейді М.Байғұт.

Жазушының айтуынша, депортацияланған этностардың ақсақалдары сол жылдардың нәубетін көзімен көрген. Бүгінгі аға буын әлгі ақсақалдардың әңгімесін естіп өскен. Сондықтан олардың қазаққа деген құрметі мен ілтипаты ерекше.

– Енді сол дәстүрді елдегі өзге ұлт жастарының бойына сіңіру қажет. Бұл іс, алдымен, отбасынан басталуы тиіс. Ата-аналары, ата-әжелері немере-шөберелеріне қазақты құрметтеуді үйретуі керек. Олар айтпаса, Ассамблея мен тиісті құзіретті органдар айтыңқырауы керек.

Сосын Алғыс айту күні мерекесіне орай өткізіліп жатқан іс-шараларды мазмұндырақ етіп өткізбек керек. Қайсы жылы осыған орай Президенттің қатысуымен өткен концерттің соңында Герольд Бельгердің «Дом скитальца» атты романынан үзінді оқылған еді. Депортация жылдарын бейнелеген туынды көпшілікке қатты әсер етіп, көрермендер көзіне жас алған болатын. Ал, біздегі концерттерде селкілдеп ән сала береміз. Осындай мазмұнды туындылардан біздің концертте де үзінді оқу керек, – деді жазушы.

Қаламгердің айтқанынан түйгеніміз, өзінің өмірін, болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келетін өзге этнос жастары қазақ тілін ғана емес, оның тарихын да оқып, білуі тиіс. Тарихты оқығанда олардың бойында мемлекетқұраушы қазақ халқына деген құрмет сезімі пайда болады. Өзге ұлттар ел иесі, жер иесі қазақты құрметтегенде ғана біздің қоғамда ұлтаралық татулық пен достық мәңгі сақталып қалады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ