Мәңгілік Ел 0 пікір 0 лайк

«Мені қазақ бауырларым шақырып жатса...»

Наурыз 01 / 2018

 

Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Ресей балуаны, Олимпиада ойындарының 3, әлем чемпионатының 6 дүркін жеңімпазы Бувайсар Сайтиевпен самбо мен дзюдодан КСРО спорт шебері Серік Оңғарбаев Белоруссияда кездесіп қалады.

 

– 2012 жылы Серік Төкеев екеуміз еркін күрестен Олимпиада ойындарының 3 дүркін чемпионы Александр Медведьтің 75 жылдық мерейтойына бардық. Той Минск қаласында өтті. Оған әлемнің ең мықты балуандары мен спорт қайраткерлері қатысты. Бізді жақсы қарсы алды. Мерейтой қызған сәтте Серік екеуміз Александр Медведьті құттықтап, суретке түскелі тұрғанбыз. Сол маңда Бувайсар да жүр екен. Сайтиевті суретке түсуге шақырдық. Ол орнынан атып тұрып, қасымызға келді де, бізбен төс қағысып амандасты. Сондағы айтқан сөзі жүрегімізді шымырлатып жіберді. «Егер мені қазақ бауырларым шақырып жатса неге суретке түспеске?! Әрине, түсемін! Себебі, депортация жылдары біздің шешен халқын әуелі Құдай, сосын қазақтар аман алып қалған. Жарты таба нанын бөлісіп жеді. Мейірімін төкті. Сондықтан қазақ ұлтына деген құрметім жоғары. Қазақтарды өзімнің бауырларым деп есептеймін!» деп мерейімізді бір көтеріп тастады. Чемпионның тарихтан хабары бар әрі терең ойлайтын азамат екеніне риза болдық, – дейді Серік Оңғарбаев.

Әлемнің түкпір-түкпірінде Бувайсар сияқты ойлайтын азаматтар, Қазақстанды жүрегінде сақтаған аға буын өкілдері әлі де көп. Осыдан кейін кең-байтақ қазақ даласының құдіреті мен кеңпейіл қазақ халқының мейірімділігіне, тектілігіне қалай сүйсінбейсің?

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ