Мәңгілік Ел 0 пікір 0 лайк

Жақсыда жаттық жоқ

Наурыз 01 / 2018

 

Қазақта Алатау мен Қаратау егіз ұғымды таулар іспетті. Екеуін де жырға қоспаған ақын, жазушы кемде-кем шығар. Ауылдан Алматыға аттанар күні Қаратаудың қатпарлы шыңдары анық көрінді. Тұман түріліп, теріскейдің түндігін жапқан түйдек-түйдек бұлттар ауа көшіп жөңкіле жөнелді. Артынша бұлтты жарып, арайын шашып күн шыға келді. Шолаққорған–Алматы автобусына келіп жайғастым. Қасымдағы жолсерігім өзге ұлт өкілі екен. Қазақшасы керемет! Шешен, тілге жүйрік кісі екен.

Жолда іш пыстырмас көкеммен тез тіл табысып алдым. Есімін Нәдір деп таныстырды. Ұлты әзірбайжан екенін де сөз арасында айтып үлгерді. Мен де атамдай ақсақалды кісіге барынша кішіпейілділік танытып, қолымнан келгенінше заттарын орналастырып, қол сөмкесін жоғары жүк салатын орынға жайғастырдым. Нәдір ата алғысын жаудырып жатыр. Іштей «Айтқаныңыз келсін!» деп қоямын. Екінші курсқа өтсем де әлі де ауылды қия алар емеспін. Оның үстіне айға жуық демалыста болып, ағайын-туысқа, ауылыма әбден бауыр басып қалыппын. Автобус терезесінен қазыналы қарт Қаратау қол бұлғап: «Ұлым, мені ұмытпа, тәңір қолдап қайда жүрсең де есен-сау жүр! Ыстық туған мекеніңмен оқуыңды жақсы аяқтап қауышуға жазсын. Егіздей болған бауырым Алатауға дұғай-дұғай сәлем жолдарсың!» деп тұрғандай.

Әйгілі Баба Түкті Шашты Әзіз әулие мәңгілік тыныс тапқан Құмкент қалашығынан өте бергенімізде Нәдір ата әулие жаққа бетін бұрып, іштей дұғасын оқып, «әумин» деп бетін сипады. Содан кейін ұзын сонар әңгімеге көшті.

– Менің ата-анам сонау 1937-1938 жылдары Созақ өңіріне жер аударылып келген еді. Мен есімді білгеннен бері осы Шолаққорған ауылында өстім. Ата-анам еңбекқор жандар еді. Біз елмен бірге кетпен шаптық, егіс ектік, осы ауылды өз Отанымыздың бір бөлшегі сезініп өстік. Екі жақтағы көршіміз де қазақ ағайындар болатын, бір таба нанды бөліп жедік. Ол кезде бір көрші мал сойса жан-жағындағыларын шақырмай тамақ ішпейтін. Малдың басын өзі ғана жеу ұяттың ең үлкені болатын. Сенің үйіңде не бар екенін көршің білуі тиіс сияқты әдептіліктің жазылмаған заңы болды. Құдайға шүкір, сол әдеп әлі күнге дейін жойылған емес.

Осы Баба Түкті Шашты Әзіз әулиеге алғаш мені әкем ертіп келіп еді. Атының артына көрпеше салып, мінгестіріп әулиеге алып келіп «балам, бұл барша мұсылманның бабасы, не тілесең тілегің қабыл болады» деді. Сонда мен «маған қаладағыдай ұзын автобус әкеліп беріңізші, әулие ата! Мен ата-анамды, көршілерімді дүниенің төрт бұрышын аралатып, қыдыртар едім» дегенім әлі есімде. Сол балалық тілегім қабыл болды ма, әйтеуір, зейнеткерлікке шыққанша аудан мен ауылдарда, елді мекендерде автобус айдадым. Кейін есіме алып күліп отыратынмын» деді Нәдір ата қою мұртын қимылдата жымиып. – Біз одан бері де қазақ ағайындармен құда-жекжат болдық. Араға сызат түсірместен тату туыс болып кеттік. Менің тұңғыш немерем дүниеге келгенде оның атын көршім Тұрсынбай «Нұрсұлтан» деп қойды. Бұл біздің ойымызда жүрген есім еді. Құдайдың құдіреті, тура біздің ойымызды оқып қойғандай әсерде болып, іштей шын қуандық. Бірақ Тұрсекеңе ешнәрсе деп айтпадық. Ырысы мен несібесін қонағынан күтетін, үйіне келген мейманына «қырықтың бірі Қыдыр» деп ақ пейілімен, жайдары жарқын жүзімен қарайтын қазақ ағайынның арасына әкелген алдымен Аллаға ризамыз, екінші қазақ халқына ризашылығымыз шексіз. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Баламның баласына, көзім тірі болса солардың балаларына «қазақ халқындай қайырлы, ақ көңіл, ақ адал ұлт жоқ екенін ескертіп, олармен мәңгі туыстықта болыңдар!» деп айтып кетермін, – деп үнсіз қалды. Нәдір ата сол сәт өткен өмір жолдарын ой елегінен өткізе көлік терезесінен Қаратаудың құзар жоталарына ұзақ қараумен отырды. Таңертең Алматыға да жеттік. Нәдір атаны Алматыдағы туыстары құшақ жая қарсы алды. Бәрі де созақтық қазақ ағайындар екен. «Балам, міне, менің туыстарым!» деп Нәдір атам марқайып тұр. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы шығар. Мені де қарсы алушыларға «жолсерік болған балам, есімі Елнұры» деп таныстырып жатыр. Мен Нәдір атамен қимай қоштастым. Әрі қазақтың ұрпағы болғаныма шын қуанып, кеудемді шаттық сезімі шарпып өтті. Мен Алатауға Қаратаудың ыстық сәлемін жеткізуге асықтым.

Елнұры ЖЕҢІС, «Тұран» университеті журналистика факультетінің 2-курс студенті.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ