Мамандыққа адалдық

Наурыз 01 / 2018

 

Үмітхан АЛТАЕВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Тележурналист Сенбек Ералиевті Оңтүстік өңірінің жұртшылығына таныстырудың қажеті жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басында оның есімі көпшілік ұғымында ең танымал телебағдарлама «Ғажайып қоржынмен» астасып кеткен болатын.

 

ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқып жүргенінде Шымкент облыстық телерадио комитетінде іс-тәжірибеден өткен қағылез жігіт дипломын алған соң осында жұмысқа орналасады. Алғашында спорт комментаторы болып еңбек етіп, түрлі дәрежедегі бокс турнирлері мен спорт сайыстарынан тікелей эфирде хабар жүргізеді. 1987 жылы ұжымға басшы болып келген атақты Байдулла Қонысбек жетпісінші жылдары жабылып қалған телеарнаның екінші тынысын ашты. Телеарна жұмысына Шахаризада Дәнеева, Ілияс Байларов, Сенбек Ералиев секілді тәжірибелі журналистерді тартады. Алматы мен Қарағандыдан Қожабек Жақсыбаев пен Насыр Әуезовті шақыртады. Алғашқы бағдарламалар мен жобалар, облыс жұртшылығын өңірдің тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, телеарна жұмысын жолға қойып жатқан шақ. Облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы

Е.Алданов бірде Б.Қонысбековке Ресейдің «Поле чудес» секілді бағдарламасының қазақша нұсқасын жасауды ұсынады. Ол жобада халқымыздың салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті, тарихы көрініс тапса дейді. Телеарна басшысы осынау ерекше тележобаның тізгінін басқаларға емес, Сенбек Ералиевке сеніп тапсырады. 1991 жылы тележобаға алғашында облыстық партия комитеті демеушілік көрсетіп, сыйлыққа сол тұста өте қат дүние саналған тұрмыстық техникалар, түрлі-түсті телевизор, велосипед алып береді. Жұртшылық асыға күтетін «Ғажайып қоржын» облыс көлемінде кеңінен танылып, аудан-қалаларда өткізіле бастайды.

– Аудан-қалалардың басшылары «Ғажайып қоржынды» өздерінде өткізу үшін таласатын. Көпшіліктен қолдау тапқан телебағдарламаның көрсетілімін көрермендеріміз тағатсыздана күтіп отыратын. Ол кезде телевидениенің құрал-жабдықтары тым ескі еді. Үш камерамен түсірілген алты кассетаны монтаждап болғанша таң сыз беретін. Уақытпен санаспай еңбек ете жүріп мамандығымыздың қыр-сырына терең бойладық, шеберлікті меңгере бастадық, – деп еске алады сол күндерді белгілі тележурналистің өзі.

Көп ұзамай телеарна «ОҚТ», «ШТВ» болып екіге бөлінгенде әріптесіміз «ШТВ-ның» бөлім басшысы қызметіне тағайындалады. Ералиевтің уақытпен санаспастан тынымсыз еңбек еткен күндері басталған. «Ғажайып қоржынның» ұйымдастыру жұмыстары өз алдына, оған «Көңілашар» бағдарламасын жүргізу, спорт шолушысы міндеттері қосылады.

– Бір жолы Байекең «бөліміңе радиода қызмет істеп келген Қалыбек Атжан деген жігіт барады» деді. Қалекең жұмысқа үлкен жауапкершілікпен, ынты-шынтымен кірісті. Бөлімдегі Серік Әбдуәлі қолы қалт етсе асабалық қызметіне, Ілияс Жолдас спорт жарыстарына асығатын. Қалыбек Атжан ғана күні-түні жүріп, үшеуіне жүктелген міндетті жалғыз өзі атқарып, телевидениенің «ішкі кухнясын» жетік меңгеріп алды. Араға жылдар салып телеарнаға басшы болып келгенінде телевидениенің рейтингін көтерді, – деп өткен күндерін сағына еске алды әріптесіміз.

Сенбек Ералиев кейіннен телеарнаның Түлкібас, Төлеби, Сайрам ау-дандары бойынша меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарады. Аудан әкімі Қуаныш Айтахановтың өтінуімен аудандық «Сайрам ақшамы» телеар-насының жұмысын жолға қойып береді. Тележурналистикаға ғұмырын арнаған маманның қолтаңбасы облыстық телеарнаның «Өзіміздің өнім», «Ауыл-аймақ», әдеп-ғұрып, салт-дәстүрге қатысты жобаларда, жаңалықтар қызметінде сайрап жатыр. Біздің кейіпкеріміз бүгінде алпысты алқымдаса да қолынан микрофонын тастамай, облыстың тыныс-тіршілігін көрермендерге жеткізуге асығып тұрады. Кәсіпке құмарлық, мамандыққа деген махаббат осындай-ақ болса керек.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ