Экономика 0 пікір 0 лайк

Бизнестегi реформалардың мән-жайына қанықты

Ақпан 27 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкент қаласында ҚР Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, «Атамекен» ҰКП, ҚР Жоғарғы соты, сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.

 

Жиында өткен жылы Қазақстан экономикасы 4 пайызға өскені, жалпы ішкі өнім көлемі былтыр 4 пайызға артса, биыл 4,5 пайыздық өсім күтіліп отырғаны, инфляция деңгейі де 14 пайыздан 7 пайызға дейін төмендегені туралы баяндалды.

Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ОҚО бойынша филиалының директоры Қ.Құрмашев «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасына енгізілген жаңа өзгерістер жайлы баяндап берді. Оның айтуынша, бағдарламадағы жаңа талаптарға сәйкес, құны 180 млн. теңгеден аспайтын жобалар бұдан былай Өңірлік үйлестіру кеңесінде емес, «Дамудың» өзінде қаралатын болады. Ол сонымен бірге, «Даму қоры» несие мөлшерлемесін субсидиялаумен қатар, банкке өзін кепіл ретінде ұсынатыны және бұрынғы ережеде несиені мақсатсыз жұмсаған кәсіпкерге субсидиялау тоқтатылып келсе, жаңа өзгертулер бойынша кәсіпкер босқа шығындаған қаражатты мемлекетке қайтаратыны туралы да мәлімдеді.

Мұнымен қоса жиында өткен жылы облыстағы шағын және орта бизнес субъектілері тарапынан 1 трлн. теңгенің өнімі өндірілгені, өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,2 пайызға өскені, бұған кәсіпкерлерге арзан пайызбен берілетін несиелер себеп болғандығы жайлы әңгіме қозғалды. Мәселен, былтырғы несиелер 2016 жылмен салыстырғанда 12,2 пайызға көп болған.

Өз кезегінде «Оңтүстік» АИО басшысының орынбасары А.Қансейітова аталмыш қаржы ұйымының негізгі қызметі мен өткен жылы атқарған жұмыстары жайында айтып берді. Инвестициялық орталық өкілі өз баяндамасында «Оңтүстік» АИО «Жас кәсіпкер» бағдарламасын іске қосқаны, бұл бойынша жеке ісін ашуға ұмтылған жастарға жылдық 7 пайыз мөлшерлемемен 60 айға 2 млн. теңге несие беру қарастырылғанын атап өтті. Қаржы ұйымының несиесіне бизнесін дамытқан кәсіпкерлердің өнімдері алыпсатарларсыз «RIC ON KO’RME» көрмесін ұйымдастыру арқылы халыққа ұсынылды. Бұл игі іс биыл да жалғасын таба түспек.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Ж.Махмұт өз сөзінде бизнес саласында тер төгіп жүрген азаматтардың құқығы қалай қорғалып жатқандығына, кәсіпкерлік саласы бойынша әкімшілік кедергілерді азайту бағытында қабылданған заңдар мен қолға алынған реформаларға тоқталды.

Кездесу соңында сала мамандары жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берді.

Суретті түсірген Ш.ФАЙЗИЕВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ