Руханият 0 пікір 0 лайк

Әркімге туған ауылы – Мысыр шәрі

Ақпан 27 / 2018

 

(Сағыныш сазды мөлтек сыр)

Әркімге туған ауылы – Мысыр шәрі. Себебі, Отанды, ата-ананы әркімнің таңдай алмайтыны секілді кіндік кесіп, кір жуған туған ауылыңды да дәл солай өз қалауыңша еншілей алмайсың. Ол – Тәңірдің пешенеге жазғаны. Сондықтан да мен қарапайым ауылдастарым тұратын Қайнарбұлағымды ылғи сағынамын. Қара қарғаның миын қайнатар шіліңгір шілденің өзінде мұп-мұздай боп таңдайыңды қаритын бұлақтың бал татыған мөлдір суын, аттылы кісіні емін-еркін жасыратын жолбарыс жолақты қамыс-нуын, саялы тал-тоғайын, ханбалығы мен қысқышбақасын, шүрегейі мен суқұндызын, жасыл құрағы мен бал борығын, иісімен есіңді алар жалбызы мен андызын үнемі аңсаймын да тұрамын...

 

Туған ауылым – Қайнарбұлақ елді мекенінде небір қасиет қонған адамдар өмір сүрген. Айжан деген атамыз жын-шайтан, пері айналдырып аузы-басы қисайған, қазіргі медицина тілімен айтқанда, психикалық дертке ұшырағандарды оқып, құлан-таза айықтырып жібереді екен. Сол кісінің шәкірті Есалының қарақұрт шаққан адамға дем салып оқып, удың зардабын қайтарғанына өзіміз куә болдық. Бадақ қария шыққан буын мен сынған сүйектерді орнына салатын. Қойшыбай атамыз «иттенген» сәбилерді тауықпен қандап, сауықтырушы еді.

Әбдіқадір деген қарулы азаматымыз сайыскерлік өнерімен сонау Алматыға дейін барып, республика көлемінде жарысқа түскен. Ағайынды Атахан, Сейіттердің көкпаршы, шабандоз атақтары өлке мен аймаққа тарады. Атахан айтулы шабандоз, көкпаршы да, інісі Сейіттің аты сайыскершілікпен шықты. Сол жігіт қолына сүлгі орап алып, құнан қошқардың тоқпан жілігін ұрып сындырғанын көзіміз көрген. Осы жігіттердің әкесі Мыңбай Қарзақовқа кезінде мың қой біткен екен. Соғыс жылдары Қажымұқан атамыз секілді майдан үшін жүз мың сомның заемын сатып алыпты, яғни бір әскери ұшақтың құнын төлеген.

Өнері асқан ұста, тазының неше түрін ұстаған айтулы аңшы Куатбай деген кісі тақпақтап сөйлегенде елді аузына қаратқан шешен еді. Ол шапқан құранды ер аймаққа аян болып, кезінде республикалық музейдің қызметкері арнайы келіп, сондай құнды ердің бірін экспонат ретінде әкеткен. Соғыстан кейінгі жоқ-жұқана жылдары өзінің ұстаханасында төс пен көрікті пайдаланып, қорапты жүк машинасының иінді білігін (карданный вал) соққанын ауыл адамдары тамсанып айтып отырғанын талай рет естідік.

Қайнарбұлақ – облыс пен республикамызға белгілі сегіз ақын- жазушының туып-өскен жері. Олар – жастай қайтыс болып кеткен Танабай Нарманов, Саха елінің өкіл қызы атанған Тұрсынай Оразбаева, ұлағатты ұстаз, ақын Өскенбай Лесбекұлы, сықақшы-суретші Шақан Төлебаев, ұстаз-ақын Мықтыбек Баймұханбетов, Жұрынтай Әбілдаұлы. Олардың ішінде екеуі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бірі – жоғарыда аты аталған Тұрсынай да, екіншісі – осы жолдардың авторы. Филология ғылымдарының кандидаты Сұлушаш Бекмырзақызы мен медицина ғылымдарының докторы Мырзатай Бөлешов те осы ауылдың түлектері.

Ауылдағы ақылман қариялардың бірі, кезінде Қажымұқанмен қарым-қатынас жасаған Байтан ата Кемелбекұлы еді. Бокстан республика чемпионы Қайрат Ағабаев осы ауылда өскен. Кешегі зұлмат соғыс кезінде Қайнарбұлақтан майданға аттанған 135 ер-азаматтың 67-сі елге оралмай, майданда қаза тапқан.

Қайнарбұлақпен іргелес жатқан Таскешу (бұрынғы Карл Маркс) ауылында қазақтармен бірге әзірбайжан халқының өкілдері тұрады. Олардың аттары Его, Это, Гоголь, Какуж, Какой болып келеді. Қазекеңнің аттары да олардан калыспайды: Құнанбай, Абай, Шыңғысхан, Батухан, Алтыбай, Жетібай, Сегізбай, Қырықбай, Мыңбай, Мәскеу, Киев, Колхоз. Колхоз құрылғанда туған ұл Колхоз Төлтебаев ұзақ жылдар орта мектеп директоры қызметін атқарып, оқу-ағарту ісінің үздігі атанды. Мәскеу деген ағамыздың анасы озат мақташы болғандықтан 1939 жылы КСРО астанасында өткен Бүкілодақтық колхозшылар съезіне делегат болып қатысып, дүниеге келген ұлын соның құрметіне Мәскеу атаған. Ал, Киев қаласы жаудан азат етілген күні өмірге келген ұл Киев есімін иеленген.

Қалпыш апамыз – Ленин, Қарабай ағамыз – Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері. Қарабай аға кезінде облыстық Кеңестің депутаты болған. Таскешу ауылында республикалық оқу-ағарту ісінің үздігі, бірнеше тарихи шежіре кітаптың авторы, белгілі шежіреші Сейді Мырзатайұлы өмір сүрді.

Бұл ауылда ұзақ жасаушылар да көп болған. Төлтебай ата жүзге жақындап өмірден өтсе, оның ұлы Лесбек (Өскенбай ақынның әкесі) пен Ағабай ақсақалдар тоқсан беске келді. Сатыбалды, Бекмырза, Амалбек сияқты қариялар тоқсанның төрінен асып, дүние салды.

Азаматтық парызды өтеген жылдары түркіменнің Небитдаг қаласы орын тепкен Қарақұмның құм-тозаңын қышыр-қышыр шайнай жүріп те, Новосібірдің сүйектен өтер сақылдаған сары аязына тұла бойың мен тәніңді сорғыза жүріп те, Алманияның атақты Дрезден галереясының керемет сұлулығына сұқтана тұрып та, санаңның бір сәулесімен, жүрегіңнің көзге көрінбес бір нәзік тамырымен, әлдебір сезім бөлшегімен әрқашанда туған топырақпен тылсым байланыста жүргендей боласың. Содан ба екен: «Аман болшы, анамдай туған бастау!» дейсің. Бұл мүмкін кіндік қаның тамған туған жерге деген адами азаматтық мінәжатың болар?!

Жер-ана төсін жарып шығып қайнар боп атқылаған мың-сан бастау көздері «Шұбарсуға» айналып, Арысқа қосылады. Ал, Арыс – Сырға, Сырдария Аралға аңсай асығады. Атамекен ауылдарымыздағы аяулы ақбастауларымыз, су анасы – бал бұлақтарымыздың тұнық бастау-көздері еш уақытта тартылмағай! Лайым солай болғай!

Қабылбек ТӨРЕТАЙҰЛЫ, ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ