Заң-заман 0 пікір 0 лайк

«Төрелік» ақпараттық жүйесінің тиімділігі артып келеді

Ақпан 27 / 2018

 

Елбасы биылғы Жолдауында Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Дәл осы цифрлы технологияларды қолданудың сот жүйесіне тікелей қатысы бар екенін ескерсек, еліміздің соттары бұл жағынан ТМД мемлекеттері арасында көш ілгері келеді. Оған мысал ретінде, былтыр қыркүйек айында Жоғарғы Сотта ахуалдық орталықтың ашылғанын айтсақ та жеткілікті. Бұл орталық сот қызметін бірыңғай мониторингілеу үшін тікелей режимде жұмыс істейді. Мұнда мамандар тәулік бойы еліміздің 370 сотынан келіп түсетін 700 көрсеткіш бойынша өзекті сот ақпаратын жинаумен және талдаумен айналысады. Бұдан бөлек, республиканың 1418 сот залында сот процестерінің өту барысын қадағалайды. Әзірге ТМД мемлекеттеріндегі соттарда мұндай ахуалдық орталық әлі ашыла қойған жоқ. Осы орталықтың жұмысына кейбір елдердің соттары қызығушылық танытуда. Мәселен, былтыр тамыз айында Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы облыстық сотқа іссапармен келіп, ақпараттық-коммуникациялық технологияның соңғы үлгiлерiмен жабдықталған сот залдарын көріп, мұны Өзбекстан соттарына да енгізудің қажет екендігін баса айтқан болатын.

 

Облыс соттары уақыт ағымынан қалмай, сот қызметтеріне деген қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа электронды, инновациялық технологияларды қолдану аясын барынша кеңейтуге күш салып келеді. Осы ретте «Төрелік» ақпараттық жүйесі мен сот ісін жүргізудің 50-ден астам қызмет түрлерін қамтитын «Сот кабинеті» сервисінің артықшылықтарына тоқтала кеткен жөн. Қазіргі таңда тұтынушылардың «Сот кабинеті» сервисі арқылы 50-ден астам құжатты электронды түрде жолдауына мүмкіндігі бар. Өңірімізде өткен жылы «Сот кабинеті» арқылы 74 830 электронды арыз түссе, бұл көрсеткіш 2016 жылы 62 977 адамды құраған. Осылайша, электронды түрде түскен талап қою арыздарының үлесі жалпы түскен арыздардың 87,5 пайызын құрап отыр. Осыдан екі жыл бұрын республика соттарының сот мәжіліс залдарын аудио-бейне тіркеу жүйесіне енгізу жұмыстары толық жүзеге асырылды. Бұл талап Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 20-қадамында көрсетіліп, онда «судьяның бейнежазуды тоқтатуға немесе аудиожазу материалдарын редакциялауға мүмкiндiгi болмауы тиiс» деп жазылған. Бұл аудио-бейне тіркеу жүйесі шын мәнінде сот жүйесiнiң ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп келеді.

Жаңа жүйе сот процестерінің басталуы, оқиғаның атауы, қатысатын адамдар мен олар жайлы қысқаша түсініктер, соттың құрамы туралы мәліметтер, істің нөмірі және сот отырысының қысқаша хаттамасын әзірлейді. Жаңа технологияға негізделген жүйенің артықшылығы сол, сот отырысын жазу кезінде жазбаны тоқтатуға және оны бұрмалауға мүмкіндік бермейді. Бұл жүйе Украина, Беларусь, Ресей және Сингапур, т.б. елдердің сот жүйелерінде аудио-бейнетіркеудің қолданыстағы әлемдік тәжірибесін ескере отырып жасалды. Мұндағы жазбаларды құқыққа қайшы шығарылған актілерге немесе судья мен сот отырысына қатысушылардың заңсыз әрекеттері кезінде дәлелдеме ретінде пайдалануға болады.

Қазіргі таңда облыстық, қалалық, аудандық және оған теңестірілген соттарда барлығы 106 сот мәжіліс залы аудио-бейне жазба жүйесімен толық қамтамасыз етілген. 2017 жылдың 12 айындағы 84 688 сот процесі аудио-бейне жүйесін қолдану арқылы тағайындалып, оның 82 412 немесе 97 пайыздан астамы осы жүйенің көмегімен қаралған. Осындай көрсеткіштерге қарап-ақ «Төрелік» ақпараттық жүйесінің тиімділігі жыл сайын артып келе жатқанын анық байқауға болады.

Орынбасар ЛЕШТАЕВ, ОҚО бойынша соттар әкімшісінің басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ