БӘЙДIБЕКТIҢ ҰЛАНЫ

Ақпан 27 / 2018

 

Оңтүстік баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет істеген аға-апаларымыздың еңбек жолына үңілсек, кешегі «елуінші жылғылардың» қолтаңбасы айшықтанып көрінетіні рас. Кәдімгі журналистиканың тілімен айтсақ, қаламы қарымды, ойы өткір, жазуына сын таға алмайтын әріптес ағалардың шоғыры қалыптасып, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің беделін биікке көтергенін сол кездегі оқырман жақсы біледі. Олар кімдер еді дейсіз ғой, енді? Бір-екі жыл жас ерекшелігі болғанымен, олардың қатарында Кәрім Үкібай, Төрехан Рәмберді, Оразхан Жарқынбек, Бекзаттар Дінәсілов, Слам Нұрмаханбетов, Ниятолла Сейдан, Мәриям Танашева, Серік Зеберов, Серікбай Тұржан секілді журналистер болды. Сайдың тасындай іріктеліп, бастары қосыла қалса «біз 50-ші жылғылармыз!» деп екпіндетіп сөйлер еді олар. Бәрі де өздеріне жарасып тұратын. Сол ағалардың біразы қазір зейнет жасында. Бірақ, біз шаршадық деп тұрған олар жоқ. Біразы әлі қолынан қалам-қаруын тастамай, мылтықсыз майданда қоғам келеңсіздіктерімен шайқасып жүр. Енді солардың бірі Серікбай Тұржан ағамыз туралы әңгіме қозғасақ па дейміз.

 

Секең өзі Бәйдібек ауданының тумасы. Жүзімдіктегі сегізжылдық мектептен кейін Кентау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірді. Журналистикаға келместен бұрын ауылда есепші, мұғалім, комсомол комитетінің хатшысы болып еңбек етті. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жазу-сызумен танылып қалған оқушыға бұл жұмыстар онша қол бола қоймады. Оның үстіне көрші мектептегі сыныптасы Әшірбек Сығайдың бұған берген бағасы бала көңілін тіпті аспанға шарықтатып жібергендей болды. Ол кезде Әшекеңнің кейін белгілі жазушы, драматург болатынын бұл қайдан білсін?!

Кентауда мектепте оқып жүргенде Серікбайдың облыстық, республикалық басылымдарға мақала, суреттеме жазып тұратынын білетін Әшекең досына бір өтініш айтады.

– Серікбай, өзің білесің ғой, ертең кешке сендердің мектептеріңе барып, концерт қоямыз. Концерттің алдында спектакліміз бар. Сол туралы көзқарасыңды айтып, «Кентау правдасына» сын жазшы. Мен өкпелемеймін. Өйткені, ол сын біз үшін өте керек, – дейді.

Секең әдемілеп, бар білімін салып, сын мақала жазады. Мақала газетке шыққан соң Әшірбек мектепке арнайы келіп «өте жақсы жазыпсың, Серікбай. Бізге керемет пайдасы тиді, рахмет! Енді сол спектакльді комсомол комитетінің хатшысы директорымызға айтып, лекторийде қоятын болдық» деп құшақтап, ризашылығын білдіріпті.

Сол Әшірбек досының сөзі Секеңнің ұшқыр қиялына қанат бітіріп, көңіл көкжиегін журналистикаға жетелейді. Каникул кезінде малшы ауылдарды, егістік пен шабындық алқаптарды аралап, жазғандары газеттерге жиі шыға бастайды. Әсіресе, 8-9-сыныпта оқып жүргенде жазған «Сиықсыз клуб пен сиымсыз қылық», «Келінін қызғыштай қорғайды» атты сын мақалалары, «Лениншіл жас» газетіндегі «Тыраулайды тырналар», облыстық «Оңтүстік Қазақстанда» жарық көрген «Егістіктен ескен леп» деген суреттемелері бала Серікбайдың жазу өнеріне деген талабын ұштай түсті. «Балдырған», «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Мәдениет және тұрмыс», «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» секілді белді де беделді газет-журналдарға шыққан дүниелерін қаттап, Алматыға тартады ғой мектеп бітірген соң. Шығармашылық конкурсты қабылдаған сол кездегі журналистиканың корифейлері Тауман Амандосов пен Темірбек Қожакеев екі бірдей альбомды құшақтап келген Серікбайға «қалжаң кішкентай болса да жазғандарың үлкен екен. Мақалаларыңның мазмұны мен көлеміне қарағанда оның жартысы да жететін еді ғой» деп риза болыпты.

Серікбай Тұржан ағамыз ҚазМУ-дің журналистика факультетін еңбектен қол үзбей жүріп бітірді. 1972 жылдан 1975 жылға дейін аудандық «Алғабас» газетінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, одан кейін жауапты хатшы, редактордың орынбасары секілді қызмет баспалдақтарынан өтті. Аудандық газет редакторы дегеніңіз сол кездегі талап бойынша жергілікті партия комитеті мен кеңестің баспасөздегі оң қолы саналатын. Осылай Секең идеология мен қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп әбден шыңдалды. Қаламгерлер үшін биік мәртебе саналатын КСРО Журналистер одағының мүшесі атанды.

Бұрынғы Алғабас, қазіргі Бәйдібек ауданының тыныс-тіршілігіне қанығып өскен азамат облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болып бақандай он төрт жыл қызмет етті. Осы кез ғой Секеңнің «50-ші жылғылар» тобына қосылатыны. Өзіндік әзіл-қалжыңдары жарасып тұратын әріптестер арасында бұл «тау баласы тауға қарап өседі» деуші еді. «Бізде тау да бар, айлап арындап соғатын Арыстанды-Қарабас желі де бар. Маған осы екі «құдіреттің» қасиеті сіңген. Ер мінезім тауға тартқан, тіке айтатын бірбеткейлігімде желдің екпіні жатыр» дейтін.

Міне, сол қос мінездің «қаһарманы» Серікбай ағамыз жетпіс белесті бағындырса да газеттен қол үзген жоқ. Бүгінде республикаға тарайтын «Зейнеткер тынысы» газетіне басшылық жасап, ұлттық құндылықтардың мәйегін жастардың бойына сіңіруде.

Қазақстанның құрметті журналисі, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы, бірнеше ұл-қыз өсіріп, немере-шөбере сүйіп отырған Серікбай ағамыздың шығармашылық еңбек жолы, қысқаша айтқанда, осындай. Жақында «Өмір шындық» атты кітап жазып, оқырманға тарту етті. Бұл кітапты қым-қиғаш тартыстардан тұратын өмір-өзен ағысындағы жеңісі мен жемісін жалпақ жұртқа танытатын шығарма деп қабылдадық біз. Әлі де жазар көбейсін, аға!

Нұрлан КЕНЖЕҒҰЛОВ, журналист.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ